Аузыңнан Қарабұлақ ауылы деген сөз шықса Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ет сатушылар «Сайрамдағы ғой» дейді. Өйткені, алақандай ғана жерде отырған жан саны қырық төрт мыңға жуық ауылдың даңқы еңбекқорлығымен шыққан. Солтүстік облыстардың бірнеше ауданының тұрғын санына пара-пар ауылдың халқы негізінен үш түрлі кәсіппен айналысады. Жүк машиналарымен сонау Ресейдің Қиыр Шығысына дейін шығандап кететін қарабұлақтық кәсіпкерлер апарған көкөністерін өткізгеннен кейін құр келмей, сол жақтан мұнда өтімді дүниелерді тией келеді.
Қарабұлақтың атақты қара базарына барсаңыз өзбектің тарихқа аты шыққан Алай базарына кіргендей боласыз. Жаныңызға не керек бәрі бар. Орыстың жүк тасуға арналған Владимир жылқысының түр-түрін осы базардан көресіз. Жарқыратып қазы беріп жарытпағанымен қара еті мол. Ресейліктер жылқы етін тұтынуға оншалықты құлықты емес. Бағасы анағұрлым арзан. Сондықтан, есік пен төрдей, семіздіктен жарыла жаздап тұрған жылқыларын қарабұлақтықтар су тегінге алады десе де болады. Базар маңы қаптаған дәмхана. Қарабұлақта негізінен өзбек халқы тұрады. Олардың шығыс тамақтарына сұранысы жоғары екендігін білесіз.
Жұмыссызы жоқ осы ауылда жерден бөлек жетпейтін ең қат дүние-көгілдір отынның жоқтығы еді. Енді алдынның газға қолы жетті. Әзірге 1 мың отбасының үйіне көгілдір отын кірді.
Көшеішілік газ құбырын жүргізу құрылысының аяқталу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Асқар Мәукенов, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген аймақ басшысы, бұл жетістіктің егеменді еліміздің әрбір жылы қалыптасу, толысу, өсіп-өркендеу жылдарында мүмкін болып отырғанын айтты.
– Егемендігіміздің ширек ғасырында ел игілігі үшін көптеген істер атқарылды. Алақандай ауылдарда заман талабына сай мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер салынды. Қаншама шақырымдарды құрайтын ішкі жолдар жөнделді. Өңіріміздің көптеген елді мекендері таза сумен қамтылып, тұрғындар табиғи газға қол жеткізуде. Соның бір айғағы, бүгін өздеріңізбен бірге 43 мыңнан астам адамды табиғи газбен қамтитын көшеішілік газ құбырын салтанатты түрде іске қосып отырмыз, – деді әкім.
Аталған елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2013 жылы басталған болатын. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, осы мерзім ішінде 315,5 шақырым газ құбырлары жүргізіліп, 3719 ШГТП (шкафтық газ тарату пункті) орнатылды. Елді мекенді табиғи отынға қосу жұмыстарына облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қарабұлақ халқының саны 44 мыңнан асқанымен сай қуалай қонып, сиырдың бүйрегіндей пышырап қонған ауыл. Ауылдың ортасын тау сілемдеріндегі қар суынан құралған арынды Қарасу өзені жарып өтеді.
Еңбек десе жанып түсетін қарабұлақтықтардың қуанышы шексіз. Кәсіпкерлікті өрістетуге керек жылуды көмірден алып келген диқандардың жылыжайлары көгілдір отынға қосылып жатыр. Бұл еңбектің тиімділігін әлденеше есе асырады. Яғни, көкөніс түрі көбейіп, аймақта азық-түлік бағасын реттеуде жақсы мүмкіндік туады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы