• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Ашық талқылаулардың артықшылықтары көп

419 рет
көрсетілді

Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев жетекшілік еткен отырысқа құжатты әзірлеуші топ өкілдері мен ведомство мамандары, бейнебайланыс арқылы аймақтардағы БАҚ өкілдері де қатысты. Жиынды ашқан Алан Ға­зиз­ұлы заң жобасын әзірлеу қолға алынған күннен бері бар­лық мүдделі тараптар тиісті дең­гейде жұмылдырыла отырып, талқылау үдерісі ашық түрде жүргізіліп жатқанына көпшіліктің назарын аударды. «Қазіргі кезге дейін жұмыс то­бының бірнеше отырысы өтіп, заң жобасына жалпы саны 200-ге жуық ұсыныс енгі­зілді. Әрине, мұның бәрі қабыл­данады деген сөз емес. Себебі, алдағы уақытта осындай отырыстар аясында әрбір ұсыныс пен толықтырулар өздеріңізбен бірге мұқият талдап, таразыланатын болады», – деді вице-министр А.Әжібаев. Сонымен қатар, отырыста ағымдағы жылдың мамыр айына қарай Мәжілісте таныс­тырылатын бұл заң жобасы қоғамда ашық талқыланып жат­қандықтан, көптеген ұсы­ныс-пікірлер әлеуметтік желі­лер арқылы түскен. Мұны «Әділ сөз» сөз бостандығын қор­ғау xалықаралық қорының жетек­шісі Тамара Калееваның сөзінен де аңғаруға болатындай. «Қазіргі заңнаманы қанша жаңартсақ та, заманауи озық тех­нологияға ілесуіміз екіталай күй­де қалады. Меніңше, қолда­ныс­тағы заңымыз толығымен ескірді. Сондықтан оны түбе­гей­лі өзгертіп, бұқаралық ақпарат құ­ралдарын мемлекеттік қол­даудың уақыт талабына сай тетіктерін енгізгеніміз жөн. Зайырлы мемлекеттердің бәрін­де ондай шаралар бар. Ақпарат саласындағы монополияға қарсы озық үлгідегі әдіс-тәсіл­деріміз болуы қажет. Соның арқасында бұқараның сенімі артады», – деген ол қазір халық БАҚ-қа қарағанда, жоғарыда атал­ған әлеуметтік желідегі жаз­баларға көбірек сенім арта­тындығын қадап айтты. «Осы күні біз ұсынып отыр­ған өзгерістер – заман талабы. Әлемдік трендтерді мей­лін­ше, ескеруге тырыстық. Деген­мен, белгілі бір уақыттан кейін озық деген үлгіміздің өзі өзгере­тінін жақсы түсінуіміз қажет», – деді А.Әжібаев. Тағы бір ес­керте кететін жағдай, егер заң жобасы мақұлданса, Ақпа­рат жә­не коммуникациялар министрлігінің ұсынуымен элек­тронды бұқаралық ақпарат құрал­дарында пікір қалдыратын аза­­мат­тарды ұялы телефон нө­мірі арқылы тіркеп отыру көзде­луде. Алқалы жиында бірқатар БАҚ өкілдері ұсыныс ретінде заң жобасына енгізілген кейбір бап­тар мен оның тармақтары қолданыстағы өзге заңдармен қай­шылығы бар екенін және талап етілетін қайсыбір шарт­тардың шикілеу екендігін алға тартып, ведомство жетек­ші­лерінен түсіндірме беруді сұ­ра­ды. Мәселен, баспа бетінде жарияланған материалға қатыс­ты түскен шағымның дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін немесе жарияланған мақаланы теріске шығару үшін үш күн уақыт беріледі деген мәндегі заңның бабын БАҚ өкілдері қисынсыз деп бағалады. Өз кезегінде мұндай уәжге жауап берген вице-министр А.Әжібаев тілшілер қауымын заң жобасы қазіргі кезде әзірлену үдерісінде екендігін ескертіп, әлі де болса мұндай мәселелерді талқылап, кем-кетігін түзеп, толықтыруға бүгінгіден де белсендірек қатысуға шақырды. Сонымен қатар, талқылауда БАҚ беттерінде, әсіресе, теле­арнадағы жарнаманың жайы да жан-жақты сөз болды. Оның ішінде алкогольдік ішімдік пен темекі өнімдеріне қатысты жарнаманың эфирден берілу уақытына қатысты нақты кесте бекітілетін болады деп күтілуде. Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, мұндай талап ең алдымен телекөрермендер құқының сақталуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан жағымсыз жарнама арқылы балалар санасының улануынан сақтайды. Осы мәселеге қатысты үн қатқан ви­це-министр: «Әрине, жарнама деген табыстың көзі немесе ақ­парат құралының күнкөрісі десек те, бұл жерде біз оны жөнімен бермесек, көрермен зар­дап шегетінін ұмытпауымыз керек. Тіпті, жол жиегінде тұра­тын алып билбордтар әлемдік тәжірибеде БАҚ ретінде мой­ындалғанын ескерсек, бізге көше жарнамаларының өзін де көп түзеуімізге тура келеді», – деді Алан Ғазизұлы. Отырыста қызу талқыланған мәселенің бірі журналистердің жұмыс істеу қағидаттарына қатысты пікір алмасу болды. Қоғам белсенділері тарапынан журналистік қызметті рег­ламенттеу мәселесін арқау еткен 6.1. баптың «Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс» деген талабы «жауапты мемлекеттік органдардағы және квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғалардан басқа» деген сөйлеммен толықтырылуы ұсынылды. Өйткені, басшының міндеті – халыққа қалтқысыз қызмет ету екендігін ескерсек, бұл жерде басшының адалдығы алдыңғы орынға шығуы тиіс. Ал басшы таза болса, қосшы да құлшына еңбек етіп, табанақы, маңдай терімен тапқан табысын үстемелеуге бейіл болады. Сонымен бірге, БАҚ бет­терінде мемлекеттік ақпарат­тық саясатты түсіндіру мақ­сатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін қайта қарап, заң тұрғысынан оның кешіктірілмей берілу мерзімін және осынау талапты сақтамаған лауазым иелеріне айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануды енгізу жайы да тақырыптан тыс қалмады. Оған қоса, мұндай талап тілдік норманы орындамаған электронды бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына да қатыстылығы заң аясында көрініс берсе деген пікірлер айтылды. Айта кетейік, ұтқыр ойлар ортаға салынған мұндай отырыстар ағымдағы жылдың сәуір айына дейін жалғасады деп жоспарланған. Ал заң жобасы Заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары мен Үкіметтің заң жоба­лау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспары шең­берінде әзірленген. 200-ге жуық түзетуді қамтитын заң жо­ба­сын қабылдау мақсаты қолда­ныс­тағы нормаларды коммуника­ция технологияларының дамуы­мен өзгеріске түсетін БАҚ, теле­радио хабарларын тарату, ақпа­рат­тандыру және байланыс са­ласындағы қоғамдық қатынас­тарды құқықтық тұрғыда рег­ламент­теу болып табылады. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»