Домбыраны 1939 жылы шебер Арыстан Ермеков жасаған. Атақты күйші өзі тұтынған бұл құнды жәдігерді кейіннен музыкатанушы Болат Сарыбаевқа сыйға тартады. Қазір Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы залында тұр.
9 жасында «домбырашы қыз» атанған Дина Нұрпейісова жасы 90-нан асып қайтыс болған. Күйші-композитор, қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, Қазақ КСР Халық артисі Дина Нұрпейісова Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жерде дүниеге келген.
«Дина 1870 жылы өнерде алғаш тұсауын кескен ұстазы Құрманғазы Сағырбайұлымен кездеседі. Жас таланттың домбырада ойнауын қадағалап, бағыт-бағдарын байқаған дәулескер күйші одан болашақта үлкен өнер иесі шығатындығына көзі жетіп, өзінің батасын берген екен. Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деген екен», дейді Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Ғалия Ақпанбекова.
Жетпістен асқан шағында Дина Кенжеқызы күйлерін нотаға түсіріп, күйтабаққа жаздырып, 2 рет Одақ деңгейіндегі байқауға қатысқан. 1937 жылы халық өнерпаздарының республикалық сайысында бірінші жүлде алған Дина Нұрпейісова, 1939 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған Бүкілодақтық халық аспаптары орындаушыларының байқауында, ал 1944 жылы 83 жасында Орталық Азияның бес республикасы арасында Ташкент қаласында өткен өнер додасында жүлделі орындарға қол жеткізгені тарихтан белгілі.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»