• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Өзі орнатып, өзі ұрлаған

340 рет
көрсетілді

Қала сыртында Қайнарбұлақ деген саяжай бар. Бүгінде Шымкентке кіріп, құрқылтайдың ұясындай ауыл болып ұйысып отыр. Екі-үш ай бұрын сол ауыл тұрғындарының қатты жанайқайы естілді. Белгісіз біреулер көшеге орнатылған су есептегіш құралдарының қорабын бұзып, қондырғыны алып кетіп отырған. Шешіп алғаны бар, күш қолданып жұлып алғаны бар, жалғанған тұрбалардан атқылаған су көшеге жайылып кеткен. Су есептегіш қондыр­ғысы ақшаға келген, ішің аши­ды. Ал есепсіз ағып жат­қан судың шығыны қайнар­бұ­лақтықтарға тең бө­лі­нуі және мүмкін. Әр­бір қон­дырғының жанына күзетші қоятындай емес, шарбақ ішіне орна­туға заң көтермейді. Қайнар­бұ­лақ­тықтар осылай дабыл қақ­қан. Әрине, ұрыларды еркін­сітіп қойған полицейлер атына да ауыр сөздер айтылған. Бұл жолы да ұры алыс­тан келмепті. Қаратау ау­дан­дық полицейлерінің күн, түн қатып іздеу салуы, сырттай аңдуы жемісін берді. Ұсталған екі күдіктінің бірі осы есептегіш құралды орнатқан жұмысшылардың бірі болып шықты. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, қыркүйек айындағы алғашқы сапарларынан бері ұсталмай жүргеніне масаттанған екеу сол уақыттан бері 2 млн теңгенің есептегіш құралдарын ұрлап үлгеріпті. Қолға түскен екі жас жігіт Төле би ауданының тумалары екен. Бүгінде оларға тергеу амалдары жүріп жатыр. Әзірге күдіктілердің 500-ге жуық есептегіш құралын ұрлағаны анықталды. Түн жамылған екеу ауылға келіп монтировкамен қорапты майыстырып ашып, есептегіш құралды алып кетіп отырған. Ұрланған құралдарды қара базарда арзан бағаға сатып, ақшаны өз қажеттеріне жұмсаған. Тұтастай бір ауылды қан қақсатқан екеу бүгінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша айыпталып, тергеу оқшаулағышына жабылды. Олар «ұрлық түбі қорлық» екендігін енді түсінген сыңайлы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы