• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Алтын көріп, жолдан тайды

329 рет
көрсетілді

Степногор қаласындағы Ақсу жұмысшы кентінде полиция қызметкерлері құрамында алтыны бар кенді өңдейтін жасырын цехты анықтады. Облыстық ІІД баспасөз қыз­меті хабарлағанындай, бұл цех жергілікті тұрғынның шаруа­шылық ауласынан табылған. Кішігірім қорада кенді ұнтақ­тайтын, оны жуып-шаятын жаб­дықтар мен электр қозғалтқыш орнатылыпты. Тәртіп сақшылары цехтың 33 жастағы иесін «жұ­мыс» барысында құрықтаған. Қазіргі күні аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 334-бабының 1-бөлімімен (кен байлығын өз бетінше пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Ендігі жерде қыл­мыскер 500 айлық есеп (135 миллион теңге) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 90 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Ендеше, 33 жас­тағы зіңгіттей жігітті әйгілі ма­қал тіркесіндегі «періште» деуі­мізге де келмейтіндей. Жалпы, оңай олжаға кенелгісі келетіндер қатары азаятын емес. Олай деуімізге, былтыр полицейлер 6500 заңсыз «кеншіні» ұс­тап, құрамында алтыны бар кен­ді өңдейтін 29 шағын цехтың жұмысын тоқтатқаны және сауда айналымына шығарылған 20 тонна алтын кенін тәркілегені негіз болады. Сондай-ақ, шах­та­лардың терең қойнауына түсуге мүмкіндік беретін 16 жасырын ойық табылған. Әрине, бұл оқиғалар бойынша 100-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Жазаларын өтеп жатқан жастар қаншама десеңіз-­ші. Анықталмағандары да бар  де­сек, ешкім таласа қоймас. Сон­да, бізде шынайы періштелер жоқ болғаны ма? Бақберген АМАЛБЕК, журналист Ақмола облысы