• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Қытай мұрағатында қазаққа қатысты 3 мың құжат сақталған

564 рет
көрсетілді

Жұңго бірінші тарихи мұрағатында (КХР) қазаққа қатысты 3 мың құжат сақталғаны белгілі болды Қазақ елінің тарихын тереңдете зерттеуге шет елдерде жүрген қандас ғалымдарымыз зор үлестерін қосуда. Солардың бірі – Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті қазақ филологиясы факультетінің доценті, тарих ғылымдарының  докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы есімді абыройлы азамат.  Ғалым ұзақ  уақыттан бергі зерттеулері нәтижесінде Жапонияның Киото университетінде «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи дерекнамалық зерттеу» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған. Ол бұдан кейін тағы да ондаған жылдар зерттеген  еңбегінің басын біріктіріп, екі кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл  кітаптардың алғашқысы «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» деп аталса,  екіншісі, «Ескі қазақ жазба тілі»  деген атпен «Елтаным» баспасынан жарық көрген. Бірінші кітап Қытайдың аталмыш тарихи мұрағатында сақталған XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ батырлары мен хандарының сол кездегі Чиң патшалығы аталған қазіргі Қытай билеушілеріне жазған хаттардан құралған. Нақты айтқанда, 67 хат-құжат. Шағатай және төте жазуымен жазылған ол хаттардың көшірмесі кітапқа  нақты дерек ретінде енгізілуімен құнды болып отыр. Ғалымның өзінің айтуынша, мұрағаттағы қазаққа қатысты құжаттар 3 мыңнан да асады екен. Ғалым болашақта бұл құжаттарды да зерттеп, не жазылғанын анықтап, ғылыми айналысқа енгізуді жоспарлап қойды. Әзірге зерттеген 67 құжаттың ішінде 1758 жылы  Қабанбай батырдың Чиң патшасына жазған хатынан бастап, кейінгі Әбілпейіз хан, Болат хан, Абылай хан, Уәли сұлтан және олардың балаларының  Қытай билеушілерімен алмасқан хаттары да бар. Ал екінші кітапта қазақтың ежелгі жазба тілі лингвистикалық тұрғыда зерделенеді. Аты айтып тұрғандай, бұл еңбектен халқымыздың ежелгі жазба тілі, шағатай, төте жазуларының ерекшеліктері сарапталған. Дүйсенәлі Әбділәшімұлының бұл еңбектері  өткен жылы Қытайда  жарық көрген еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Орынай Жұбаева Қытайға барған сапарында осы кітаппен танысып, оның  елімізде шығуына ұсыныс жасады. Автордың өз қаржысына 500 данамен жарық көрген құнды кітаптардың мүдделі қалың оқырманға жете бермейтіні анық. Сондықтан, Қазақ елі тарихын байытатын мұндай құнды дүниелер болашақта толықтырылып, мемлекеттің қолдауымен жеткілікті таралыммен шығуы тиіс деген ойдамыз. Нұрболат АБАЙҰЛЫ, журналист АЛМАТЫ