Универсиада жарыстары кезінде журналистер өз жұмыстарын тиімді атқаруы үшін дрондарды пайдалану мүмкіндігі туды. Бұл туралы Алматыдағы ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекциясы мәлімдеп отыр.
Осыған байланысты қауіпсіздік департаментінде жарыстарды, сондай-ақ, Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаттары кезінде БАҚ-тың ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (дрондарды) қолдану ережесі түсіндірілді.
Универсиада іс-шаралары мен жарыстарын өткізу кезінде спорттық нысандарда пилотсыз аппараттардың қолданылуы қатаң реттеледі. Дрондарды қолдануға мүдделі БАҚ осы жөнінде Алматы қаласы әкімдігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және Мемлекеттік қорғау қызметінен рұқсат алуы тиіс. Аталған органдармен осы рәсімді мақұлдаған соң, Дирекция баспасөз қызметіне дрондарды қолданылатынын хабарлау қажет.
Бұл мекемелердің рұқсатын алу үшін БАҚ өкілдері дрондар қандай спорт нысанында, қай күні және қандай уақытта қолданылатыны жазылған ресми хатты дайындайды. Хаттың қосымшасында дронның бүкіл техникалық ерекшеліктері мен сипаттізімдері (көтерілу биіктігі, аралап ұшып шығу радиусы, батареядан жұмыс жасау уақыты және т.б.) көрсетіледі. Сондай-ақ, дронның жұмысын басқаратын тұлғаның құжаттағы мәліметтері ұсынылуы тиіс.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ