Бұл күндері Атлеттер ауылында Олимпиадалық қалашықтардың дәстүрлеріне сай игі жаңалықтар орын алуда. Спортшылар ауылының өз әкімі тағайындалды. Ол – қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Енді Сәпиев өз міндетіне сәйкес, шетелдік делегаттарды қарсы алып, салтанатты шараларға қатысып, айтулы оқиғалардың басы-қасында болуы тиіс.
Атлеттер ауылының тағы бір жаңалығы – бұл қалашық Универсиадаға қатысушы елдердің есебінен 1 миллион еуро табыс таппақ. Бұл туралы осы аптада қала әкімі Бауыржан Байбек Үкіметтің селекторлық отырысында ресми түрде мәлімдеді. Демек, мегаполис қысқы спорттық ойындарды өткізудің тиімді жақтарын да көре бастайды деген сөз.
– Бүгінге дейін Универсиадаға қатысатын 60 мемлекеттен 57 ел тіркеліп үлгерді. Бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш. Аккредитациядан өткен 45 елмен арада визасыз режім бар. Қалған 12 мемлекетпен виза рәсімдеу оңайлатылған. Ал Универсиадаға қатысушы елдердің делегациялары Атлеттер ауылында тұрғаны үшін 1 миллион еуро қаражат төлейді, – деді Алматы қаласының әкімі.
Универсиаданың алғашқы делегациясы Алматыға 23 қаңтардан келе бастайды. Бұл – Қазақстанның өз командалары мен Канада спортшылары. Ал халықаралық әуежай қазір қонақтарды тиісінше қарсы алуға тынымсыз жұмыс істеуде.
Делегациялардың ең көбі 26 қаңтарда ұшып келеді. Бұл күні 24 мемлекеттен жететін 700-ден астам спортшы Атлеттер ауылын толтырады. Атлеттер ауылында тұрақтайтын ең үлкен делегация Ресей (350 адам) мен Қытайдан (220 адам) келеді. Жапониядан – 158 атлет, Кореядан – 158, Чехиядан – 128, Канададан – 122, АҚШ-тан 114 спортшы дүбірлі додаға жолдама алған.
Бұл делегациялардың құрамында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттары мен қысқы Универсиадалардың жүлдегерлері жеткілікті. Егер шетелдік спорт саңлақтарының «шашбауын» салалық министрлер, мемлекеттік лауазым иелері, еуропалық қалалардың мэрлері, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары көтеріп келетінін ескерсек, делегация салмағы айқын аңғарылады.
Келесі Универсиада Красноярск қаласында өтетіндіктен, Ресейден келетін қонақтардың саны да аз болмайды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ