• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

«Біздің ауылдың амазонкалары» циклынан

673 рет
көрсетілді

 1.Ауылдас аға

Жалқы адам еді. Жалғыз үй. Жетім түтін. Қора-қопсысы жоқ. Қақ-соғы жоқ. Қайырылып келер қара жоқ. Ағайын сағалап алыстан келді десетін. Жүріс-тұрысы қыр қазағына таңсық. Өзі ақсары өңді еді. Екі бетінің ұшы қып-қызыл. Иегі қылтанақсыз, көсе. Даусы жіп-жіңішке. Қысы-жазы басынан қалпақ түспейді. Қайда барса да балағын тобықтан асырып түріп алатын. Зәуде бір көршіден шырпы алса, жаққан талын санап қайтаратын-ды. Ара-тұра қара жолдың бо­йында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен беттен қалпағы көзін жауып қайтып келе жатар еді. Ондайда өңшең бала жәудіреп жолын тосамыз. Әр жүгірмекке бір-бір кәмпит ұстатар. Дүкеннен санап тұрып сатып алатын шығар. Өзі шайға тістер қалтасында түк қалмайтын. – Әйелден ұшыныпты. Со­дан құтаймайды екен, – де­се­тін ауылдың қағынды келгір қ­а­тын­дары. – Малдан безініпті. Түбі асқан бай тұқым екен. Талауға түсіпті. Тышқақ лағы қалмапты. Содан қалған ғұмырда қи бас­пасын депті. Көңілі суыныпты, – десетін көрші-көлем. Әлгі әйел жайы... Ұшынса ұшынған шығар. Той, тыштырмада ақ манардай бір келіншекке көзі түссе болды: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау, – деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалар-ды. – Шикін-ай!.. Жо-жоқ, ұшынбапты. Бір күні кеп әкеме сыр ашты. – Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң көрші ауылдың бір қызымен сөз байласып жүрген. – Е, бәрекелді, – деп әкем отыр­­ған орнынан бір аунап түсті. – Көп­тен күткеніміз осы сөз ғой. – Кәрі шешесі бар. Өзі сауыншы. Анда-санда ұстар құс келдісі бар екен. Ештеңе етпес. Жас адам ғой... Әкем не дерін білмей тағы бір аунап түсті. – Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұрсаң. Делбені өзім ұстармын. – Аяр дейсіз бе? Қазір әзір етей­ін. Күн қауыса ағамыз жеңгемізді алып, ат басын қараша үйіне тіреді. Әжем алдынан шашу шашты. Келіннің маңдайынан сүйді. Шынында жас екен. Бойшаң, қараторы. Ағамыз қалпағымен қоса иығына әзер жетіп тұр. Мейлі ғой, махаббат бой таңдай ма? Бір сандық, екі-үш көрпені өңшең жүгірмек зыр қағып төріне кіргізіп бердік. Әкем ор марқасын сойып, құтты болсын десті. Атам бар батасын сауып айтып, үйлеріне қайтарған. Түн ортасы ауа терезе қағылды. Тіпті әкетіп барады. – Ағам қасына жатпаймын. Осында қонайыншы, – деп жас жеңгеміз қарап тұр. – Шырағым-ай, – деп әкем не дерін білмей есік көзінде тұрып қалды. – Бұл болмайды ғой. – Қалпағын шешкенде көрдім. Басы таз екен. Осында қонайыншы. Алдарынан шашу шашқан әжем қарап жата алмады. – Әй, не деп тұрсың, а? Азамат­ты қорлап. Нақ төбесінде ботаның көзіндей ойма тазы болса болар. Онда тұрған не бар? Көрмей-білмей тидің бе? – Әже, сол таз маған жұқса қайтемін? – Өй, сөз болғаныңа! – деп әжем жата кетті. Көктемнің күні еді. Құс келіп жатқан... Ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен бет­тен қалпағы көзін жауып келе жа­тар еді. Күзге салым әкеме кеп тағы сыр ашты. – Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң Қанішкеннің бір келін­ше­гімен сөз байласып жүрген. Әкем бұл жолы отырған орнынан бір аунап түспеді. – Жақсы екен, – деумен тынды. – Ұлты өзге. Кәріс әйел. Байы өлген. Соқа басы. – Дұрыс қой. – Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұр­саң. Делбені өзім ұстармын. – Жарайды. Әжем шашу шашпады. «Тілін білмеймін. Қой, құрсын», деп ұршығын иіріп отыра берді. Әкем тағы бір тоқтысын сойып, дастарқан жайғызды. Тоқтасқан жан екен. Сары шашты, жүдеу бет, алакөз. Үйге үн-түнсіз кіріп шықты. Араға ай салып талтүсте есік қағылды. Кәріс жеңгеміз. – Ну, Қасымжан, – дейді шүл­дірлеп. – Твой брат что за человек? Орысша қақпайды. Бар білетіні «е, кәнешні». Бір ауыз сөзбен сколько можно так жить? Кетемін. Қанішкенге өзің апарып таста. Арба сенікі. Сасып қалған шығар, әкем де: «е, кәнешні», деп жіберді... Қыстай тым-тырыс жатып алған ағамыз келесі көктемде қайтадан бас көтерді. Содан ауылға құдағи боп келген ақ торғындай бір келіншекке көзі түссін. Сол-сол-ақ екен: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау, – деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалсын. – Шикін-ай!.. Осы сөзден әбден зәрезап болып қалған үй-іші түгел шошып кеткен. Айтқандай ағамыз көп тостырмады, әкеме абайлап әңгіме бастады. – Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен сыр бүгіп қайтемін. Мына ағаң Қарақамыстың бір әйелімен сөз байласып жүрген. – Енді... деп әкем мүдіре берді. – Ер кезегі үшке дейін. Қайтып қи­намаспын. Ат-арбаңды жегіп, өзің алысып қайт. Мен қасыңда отырайын. – Кәмпит жоқ. Немді шашам? – деп әжем бұл жолы да ұршығына жармасқан. – Мені сұраса айт, ұшық шығып ауырып жатыр де. Байдың солқылдақ мырзасын­дай болып екеуі аттанып кеткен. Екін­­ді кезінде кері оралды. Әкем бұ жолы серке сойып, қонақасы берді. «Ұшық шығып» ауырып жат­қан әжем дастарқан басына әрең кел­ді. Қабағы ашылмады. – Құдай, мынаусы жатып-тұрмаса жүре алмайтын ақсақ қой. Қайдан тапқан? – деп әжем көпке дейін сабасына түспеді. – Сөзуарына не берерсің. Ындыны жарымаған біреу шығар. Тоқпан жілікке жармасқаны несі? Шеше, жеп отыр, деп өз етімді тіпті өзіме тықпалауын. Араға апта салып ағамыз әкеме шаруа айта келді. – Қасымжан, мына жеңгеңнің бұрынғы күйеуі қайтыс болған. Он жыл толыпты. Соған мал шалып, еске алайық деп ек. Бір тоқтыны сат, айналайын. – Ыңғайлы мал жоқ. Өзге үйден алсаңызшы. Өзім жол жүріп барамын. Әкем даусы қоңырлап шықты. Ауылдың қағынды келгір қа­тын­дарының айтқаны айдай келмей тұра ма? Бұл жеңгеміз де құтаймады. Өлген күйеуіне ас берген соң көп кешікпеді. Сандығын есік көзіне шығарды. Үстіне көрпе-жастығын жинады. Сосын жатып-тұрып ақсап әкемнің жанына жетті. – Қайным, қалың елді қақ жарып өзің алып келіп ең, – деді нығыздап. – Дәм-тұзымыз жарасар емес. Енді кері өзің апарып сал. Жөні сол ғой. Мен де абыроймен қайтайын. Атам көлеңкеде шалғы орақ шыңдап отырған. – Шапқан шөпті әкеле қояйық десем, осы арба әрлі-берлі қатын тасудан бір босамады, – деді күйіп кетіп. – Бар шөмеле күннің астында жатыр. Қурап қалатын болды! Жазған құлда шаршау бар ма? Әкем жүкті тиеп, жанына жеңгесін отырғызып енді қозғала бергенде... Ағамыз үйден атып шыққан. – Әу, тоқтаңдар. Бір кесесі қалып қойыпты. Мә, мойныма қарыз болар... Содан бері небір заман ау­­нап ақты. Бәрі де пәни дүниеден жүзін аудар­ған. Тек ара-тұра қа­ра жолдың бойында іздік шаң кө­теріп кетіп бара жатқан біреуді көр­сем... Ауылдас аға емес пе деп елең­деп қаламын. Шайқы адам еді, жарықтық. Жіп-жіңішке даусы құ­лағыма келеді. – Шикін-ай!..

2.Көрші шешей

Қызылшақа күн еңкейе берді. Көк­жиекке еріп сіңер. Аптаптың пәті қайтып­ты. Кешкі саумал ауа ты­нысты кеңейтті. Есік көзіне шық­тым. Ермек жоқ. Көрші шешей көлеңке бетке жайғасып­­ты. Бет-аузы бір уыс қара кемпір. Жау­лы­ғын қат-қабат орап алып, үкі­дей үрпиеді де отырады. Сөз ләмі бөлек. Қылығы – қызық. Әлде құлақтан қалған соң ба? Естелік емеді. Кешегі әңгіменің сөнбей қалған шоғын бүгін көсейді. – Сәлем бердік, – деймін ұзынша орындыққа отырып жатып. – Бала-шаға қалай, шеше? – Е, жүр. Бала қызметте. Келін үйде. Қызым доктор ғой. Жұмысы мазасыз. – Жараған. – Әлгінде саған укол салам. Қаның тасып тұр. Құлағың содан шыңылдайды дейд. Қой дедім қызға. Кәрі адамда таситын қан қайдан қалсын. Бар-жоғы бір қасық шығар. Еріксіз күлем. Қылығы – қызық. Әлсін-әлсін қос құлағын бағады. Қай құлағы шыңылдаса, сол жақ көзін сығырайтып, ернін бүрістіріп тыңдайды кеп. Сосын сөйлеп қоя береді. – Шеше, содан атамыз мол кетті ме? – деймін дауыстап. Кеше үзілген әңгіменің жалғасын дәметкен түрім. – Е, бала таппадың деп торсаңдап біраз жүрді, – дейді үкідей үрпиіп. – Бермесе немді табамын? Бұзаубас бір шарананы қимады ғой. Соны айтып жүзіме сы­ғы­рай­ып қарай­ды кеп. Өз-өзім­нен қысыламын. Кәрі адамның құ­пия­сын қозғап... Қатып қалған шерін жібітіп... Қой, болмас. Орнымнан тұрғым келіп қозғалақтай бастадым. – Асықпа. Кешкі саумал ауаны қарашы. Аңқаңды ашқандай. Қызығы – алда. Китап жазсаң аздық етер... Сөздің аштығы өтіп кеткен жаз­ған басым. Қайтадан зейін тік­теймін. – Кешке айттым ба, жоқ па, қыз алар киімін қапқа салып қойған екен. Бір кеште атына мінді де: «Ал, Ағила, айыпқа бұйырма. Аман бол», десін. Әй, артына бір қайы­рылып қарамады-ау. Мұн­дай қатты болар ма? Қайтейін бұзаубас бір шарананы қимаған соң. Алған бетіңнен жарылқасын дедім. Қатын – қанжығада. Тапқан шығарсың... Соны айтты да оң құлағын ки­ме­ше­гі­нен босатып, көзін сы­ғы­райтты. Ернін бүрістіріп, бас изейді. – Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой алмай отырған, – деп сайрап қоя берді. – Қу жанымды аяп отырған мен жоқ. Шалымның қасына барып жата қалайын. Жанында әжептәуір орын бар... Шешейдің кәнігі сөзіне қанық­пын. – Алла ғой, – дейді жайбарақат. – Пәндесін әлсін-әлсін тексеріп тұ­ра­ды дейді. О дүниеден хабары бар ма, жоқ па деп. Есеп үшін керек шығар. Солай, балам. Құлағың шы­ңылдамай ма? – Әзірге жоқ. – Е, жассыңдар. Асықпа, әлі шыңылдар. – Атамыз алыс сапардан қашан оралды? – Хат жоқ, қара қағаз жоқ, үш жыл жүрді. Естіп жаттым. Тырп етпедім. Ел аспапты. Көрші ауылға барыпты. Шөпшілер қосынында аспаз болып жүретін әлгі Жамиға бар ғой... Сен қайдан білейін деп едің, соны алыпты. – Ым. – Атаң өзі салқамсоқ. Аздаған әнші еді. Картаны қуып жүріп ойнайтын. Не айтып кеттім, е, оралды ғой. Қоқанның салықшылары құсап. Кешқұрым атынан домалап түсіп жатыр. Қойнынан шығарып кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Періште ғой. Қарны ашқан. Омырауымды иіскелейді. Соны айтты да сол құлағын ки­ме­­шегінен босатып, көзін сығы­рай­т­- ты. Ернін бүрістіріп, бұл жолы бас шай­қайды. – Әй, Жамиға, тағы мені жамандап жатсың ба? Шалабыңды шайқама, – деп сайрап қоя берді. – Аузымды көп қыздырма. Осы бар ғой... Шешейдің кәнігі сөзіне қ­а­нықпын. – Көрші ауылдағы Жамиға шығар. Мені қарақаттамаса отыра алмайтын көрінеді. Басқа кім қалды дейсің? – Оған қайта алғыс айтпайсыз ба? – Не үшін? – Бала тауып берді. – Шалым болмаса көрер ем. Күлге аунап туып па? Балпанақтай етіп. Тіпті өзіме тартқан. Аулақ! Байы бар, бір табын баласы бар дейді. Менің жалғыз қарғама қарап қалып па? Шешемнің бір уыс бетіне тиіп-қашып қызыл жүгірді. Сосын үкі­дей үрпиген жаулығын бір қоз­ғап қойды. Пияз қабығындай болса да үстемдігіне сенген жанның кейпі. – Сенде бір айтпасты айттыратын неме екенсің, – дейді көрші шешем енді мені жазғырып. – Ол қайтып оралғанда мына мен де... Қисық аяққа қызыл кебіс кие қоям деп... Ішім әжептәуір дөң­ге­ле­ніп қалған. Әлгі доктор қыз ғой. Жұмысы мазасыз. – Ойбай, шеше оныңыз не? – деппін сасқаннан. Даусым қатты шығып кетсе керек. Бетіме бағжаң етіп бір қарады да отыра берді. – Қайтейін, – деді әлден уақытта терең күрсініп. – Бұқасы басқа болғанмен, бұзауы сенікі. Үндеме дедім, шалға. Үндеме! – Ым. – Ойдан-қырдан құралды деме, шырағым. Қатықтай ұйып отырған бір қауым елміз. Ибай, екеуі қоса шыңылдап кетті, – деп асып-сасып құлағына жармасты. – Әй, жүзқара жағаласпай қоя тұр дедім. Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой... – Мамам үйде ме? – дейді баласы аула ішінен. Қызметтен келген беті де. – Сотовой телефонында маза жоқ. Отыр ғой, – деп келіні сыңғыр етіп күлді. Саумал ауаны сауып тұрған кешқұрым еді. Көз алдымнан көп сурет көшеді. Керіліп түскен кем­пірқосақ елестейді. Қызыл, сары, көк... Бәрін бір доғаның бойына қосақтап қойған құдіреттің күшін айтсаңшы! Рақымжан ОТАРБАЕВ