• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Өзімшіл өктемдік

436 рет
көрсетілді

кей лауазым иелері үшін қалыпты жайтқа айналып кеткен тәрізді Жергілікті жерлерде өздерін жарты патшадай сезінетін, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс шенеунік­терден қатты қысым көріп, әбден әуре-сарсаң­ға түскендердің бірі – Анар Ғабдуллина. Ол Сергеев қаласында сауда павильонын ашу мақсатымен 60 шар­шы метр жер телімін өзге адамнан сатып алады. Екі тараптың келісімшарты әділет органында тірке­ліп, құрылыс жұмыстарын бастауға қалалық әкімдік рұқсат бергеннен кейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 10 миллион теңге не­сиеге қол жеткізеді. Алайда, оның құрылысты одан әрі жалғастыру жөніндегі өтінішіне әкімдік небір сылтаулар келтіріп, қараусыз қалдырады. Онымен қоймай, аудандық әкімдік жанындағы сәулет-қала құры­лысы кеңесінің отырысында жер теліміне меншік құқы­ғын жою, бұрын қабылданған шешімдерді теріс­теу туралы құжаттамалар әзірлеуге тапсырма беріледі. Сол-ақ екен, жоғарының пәрменін «ләббай, тақсырлап» бас шұлғи қарсы алатын атқамінерлер кәсіпкердің жекеменшігіндегі жер телімін кері қайтару жөнінде әп-сәтте ұйғарым шығарады. Сот шешімінсіз ешкімнің де жеке мүлкіне қол сұғылмайтыны Ата Заңда тайға таңба басқандай жазылғанын біле тұра, асырауында кішкентай баласы бар келіншекті бостан-босқа шырылдатып қояды. Ол көз жасын көлдей етіп, қайда барса да жөн-жосықсыз бюрократтық кедергілерге кездеседі. Арызданбаған жері қалмайды. Алдымен аудандық прокуратураға жүгінеді. Заңдылықты қадағалаушы орган ешқандай бұра тартушылықтың жоғын айтып, сотқа сілтейді. Үмітін үзбеген күйі облыстық прокуратураға арыз­дана­ды. Ондағылардан мардымды жауап алмаған соң, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент пен кәсіпкерлер палатасына қайырылады. Нәтижесінде, өрескел олқылықтардың жіберілгені, мәселен, заңсыз қаулыны әділет басқармасының тіркеуге алғаны, тағы басқа жайттар анықталады. «Жазған құлда шаршау жоқ». А.Ғабдуллина ақырына дейін күресуге, әділеттілікті қалпына келтіруге бекінеді. Сотқа жүгінуден басқа лажы қалмайды. Жұмыссыз жүрген оған қомақты несиені өтеу де оңайға соқпайды. «Сезікті бұрын секірер» деген. Әкімдік өз әрекеттерінің шикілігін, жеңіліс табарын сезген болу керек, жер телімдерін қайтарып беру туралы жаңа қаулы шығарып, сотқа тапсырады. Алайда, талапкердің қуануына әлі ерте еді. Әділет басқармасы шешімді ресімдемеген күйі созып жүріп алады. Не керек, өліп-талып ақиқатқа жеттім-ау дегенде үстінен сотқа талап-арыз түскенін естиді. Сөйтсе, байырғы «әніне» қайта басқан шенеуніктер «жалпы пайдаланымдағы жер телімдеріне құрылыс жүргізуге болмайды» деген тағы бір желеу ойлап табады. Жүйкеге тию, әрлі-берлі сандалту секілді өнбес жүріспен есіл уақыт өте береді. Сергелдең мұнымен тоқталса бір сәрі. Жер қаты­нас­тары бөлімі сату-сатып алу келісімінен ерікті түрде бас тарту жөнінде талап хат жіберсе, қала әкімі «мен саған құрылыс жұмыстарын салуға үзілді-кесіл­ді тыйым саламын» деп қоқан-лоқы көрсетеді. Қысым жасаушылардың қай-қайсысы болсын әлеумет­тік бағдарлама жүзеге асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылатынын, сүт, кондитер өнімдері­нің бағасы қолжетімді болатынын қаперлеріне де алмайды. Осы мәселе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік құқығын қорғау кеңесінің республикалық көшпелі отырысында талқыланып, қатысқанымызда аудан әкімі Ербол Сағдиев пен оның кеңесшісі Гүлнара Жұмағалиеваның кәсіпкер келіншекті жерден алып, жерге салған ызғарлы сөздері, қайтсек те өз дегендерімізден таймаймыз, талаптарымызды орындаттырамыз, жергілікті жерде кім ие екенін біліп қойыңдар дегендей ұстанымдары таңғалдырды. Олардың уәждеріне сенсек, жер телімдерін аукцион арқылы сату үрдісі сақталмаған. 2013-2015 жылдары ауданда бірде-бір аукцион өткізілмесе, кәсіпкердің не кінәсі бар деген сауалға олар мардымды жауап бере алмады. «Тоқсанымыз жиылып, тоқты жыққан батырмыз» дегендей, шенеуніктер жер телімдерін сот арқылы қайтарып аламыз деген пікірлерінен айнымаған күйі қала берді. Кейін білгеніміздей, аудандық сот қала әкімі Е.Жақыповтың кәсіпкердің жекеменшік құқындағы жер телімдерін заңсыз деп тану туралы талап­арызын қанағаттандырмады. Тура осындай жағдайды қаланың тағы бір тұрғыны Сұлтан Түрленов те бастан өткерген. Әкім оны да жерге жекеменшік құқынан айырып, шешімді сот заңсыз деп таныған. Соған қарамастан, жоспардан тыс неше түрлі тексерулер ұйымдастырылып, қалыпты жұмыс істеуіне еш мүмкіндік бермеген. Ақырында жеке кәсіпкердің жүйкесі сыр беріп, жүрек талмасына ұшыраған. Иә, әділдікке, шындыққа жету жолы қандай азапты болса да, салтанат құрды. Алайда, ойландыратын тұстар жоқ емес. Жергілікті жерлерде «өзін би, өзін қожа» санайтын лауазым иелері облыс орталығындағы үш бөлмелі үйін кепілге қойып, кәсіпкерлікпен айналысуды мақсат еткен жас келіншекті қолдап, әкелік, ағалық көмек көрсетудің орнына ата жауын көргендей қайтсе де аяқтан шалуға, тұқыртуға әрекет­тер жасауын еш нәрсемен де ақтауға болмайды. Біздіңше, өздерін заңнан биік қоятын мұндай шенеуніктерге қатаң талаптар қойылып, жаза қол­данылуы керек. Сонда басқалардың да ойланып, сабасына түсіп, сабақ алары сөзсіз. Әйтпесе, жауырды жаба тоқығандай жеңіл құтылып кете берсе, өзімшіл өктемдіктердің тыйылары неғайбыл. Ал мемлекеттік саясат кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге жол әрқашан ашық екенін айтады. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік кез келген өркениетті мемлекетте елді өркендетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда үлкен рөл атқарады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан Солтүстік Қазақстан облысы