• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Тіркеу онлайн түрде қолжетімді болды

293 рет
көрсетілді

Азаматтарды уақытша тіркеу үдерістері күннен-күнге қанатын жайып, қарқынын үдетіп келеді. Бірақ тіркелуге тиісті барлық азаматты аз күнде тіркеп шығару оңай емес. Оған біраз уақыт керек екені анық. Соған байланысты да еліміздің ХҚО-ларында азаматтарды тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуде түрлі мәселелер туындап, қалың кезек пайда болды. Бұл түрлі келеңсіздіктерге де соқтырды. Міне, қазір осы мәселенің де шешімі табылып отыр. Енді қалың кезек қаптаған ХҚО-ларға бармай-ақ тіркелуді жүзеге асыруға болады. Бұған дәлел бүгінгі күні Қазақстанның электрондық үкіметі порталында eGov.kz азаматтардың тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркелу қызметі қолжетімді. Бұл туралы аталған портал­да хабарланып отыр. Мұнда бұл қызмет түрін пайдалану үшін, алдымен тұрғын үй иесі мен онда тіркелу ниетін білдірген азаматтарда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы және олардың порталда автор­лан­дырудан өтуі қажеттігі айтылады. Ал қызметтің өзі «Азаматтық, миграция және иммиграция» бөлімінде, «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау» қосымша парағында қолжетімді екен. Бұдан соң «Онлайн қызметіне тапсы­рыс беру» түймешегін басқаннан кейін, өтініш беруші ұсынылған нысан­ды толтырады, онда тіркелуге ниетті тұр­ғын үйдің меншік иесі болып табы­ла­тынын немесе табылмайтынын көрсетуі тиіс. Егер де өтініш беруші жылжымайтын мүлік иесі болса, ол мекенжайды, тіркелу мерзімін (1 айдан 12 айға дейін) көрсетуі тиіс, содан соң онлайн түрде көрсетілген қызмет үшін мемлекеттік бажды төлеп және ЭЦҚ өтінімге қол қоюы керек. Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда, өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ын, жылжымайтын мүліктің мекенжайын, уақытша тіркелудің мерзімін көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін сұрау салуды жіберуі қажет. Егер де тұрғын үйдің бірнеше меншік иесі болса, олардың біреуінің ғана деректерін көрсету жеткілікті, қалғандары жүйемен Қазақстан Республикасы «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры арқылы автоматты түрде анықталатын болады. Меншік иесі (біреу немесе бірнешеу) өзінің келісімін ЭЦҚ арқылы растайды, одан соң өтінім тіркелуге ниетті азаматтың Жеке кабинетіне оралып келеді. Оған мемлекеттік баж төлемін онлайн түрде жүргізіп және де өзінің сұрау салуына ЭЦҚ қол қоюы қажет. Осыдан кейін, өтінім Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жүйесіне түседі, оның өңделуіне 10 минуттай ғана уақыт кетеді. Өңделіп болған соң, порталда «Уақытша мекен­жайдың тіркелуі сәтті түрде өтті» деген мәртебе көрсетіледі. Мекенжай анық­тамасын ала отырып, уақытша тіркелу мекенжайын тексеруге болады. eGov.kz немесе ХҚО арқылы уақыт­ша тіркелу жөніндегі барлық сұрақ­тар бойынша азаматтар тегін, тәулік бойы жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне қоңырау шала алады. Осылайша барынша сапалы және жылдам қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай байланыс орталығында ағымдағы жылдың басынан бері операторлар саны көбейтіліп, олардың жұмыс кестесі қайта қаралған. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»