• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Мақсат – тұрақты еңбекпен қамту

414 рет
көрсетілді

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жағдай туғызу және кәсіпкерліктің көкжиегін көтеру екені белгілі. Бұл бағытта республикамызда бұған дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы белгіленіп, осы шеңберде көптеген жобалар жүзеге асты. Аталған бағдарлама әлі де өз жалғасын тауып келеді. Мұнда ең алдымен уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берілген болатын. Уақытшаның аты уақытша. Мен бұл жерде уақытша жұмыс жасап жүрмін деген ой адамдарға психологиялық тұрғыдан қолайсыздау әсер етеді. Өйткені, мұндай жағдайда олар көңілін түбегейлі орнықтыра алмайды. Осы орайда биылғы жылдан бастап елімізде тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса көңіл бөлініп отырғаны үлкен мерей. Республика Үкіметінің 2016 жылдың 29 желтоқсаны күні қабылдаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» осы мақсатты көздейді. Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде осы мәселеге орай арнайы кеңес өткізілді. Оған бағдарламаның бірінші бағытына толық әрі жан-жақты түсінік беру және сала мамандарының сауалдарына жауаптар қайтару үшін Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы Бақытжан Биекова арнайы келіпті. Оның айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жаңа бағдарламаның тигізетін септігі мол. Сонымен бірге, оның аясында табысы төмен қазақстандықтарға жеке ісі мен кәсібін ашу үшін мемлекеттік қолдаулар жасалады. Жаңа бағдарлама республика Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сай әзірленген деп атап көрсетті бас сарапшы. Оның басты мақсаты – өз атауынан көрініп тұрғандай, азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға және тұрғындардың табыстарын толықтыруға жағдай туғызу. Аталған жоба әсіресе ауыл тұрғындарының елеулі бөлігіне кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын орнықтыруға сондай-ақ, бизнес бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жастардың нарық сұранысына сай мамандықтарды тегін игеруіне де жол ашады, деді ол одан әрі. Түйіп айтқанда, нәтижелі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасы ба­тысқазақстандықтарға қандай ша­па­ғатын тигізеді деген ойға табан тірегіміз келеді. Бұл ретте алдын ала әзірленген кейбір деректерді оқырмандар назарына бере кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Яғни, оған Орал өңірі бойынша бес жыл ішінде 4000 адам тартылмақ. Мұның өзі әр жыл сайын 800 адам тұрақты жұмыс орнын табады деген сөз. Сонымен бірге жаңа бағдарлама ел азаматтарының, соның ішінде, олардың кейінгі толқыны мен жастардың қысқа мерзімді кәсіптік білім алуына да негіз қалайды. Соған сәйкес Ақжайық аймағынан 5000-ға жуық адам аталған курсқа қабылданады деп күтілуде. Бұған бірінші кезекте ҰБТ тапсыра алмаған мектеп түлектері мен тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оларға бірінші және екінші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі берілмек. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ