• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Антарктидаға сапардың қорытындысы көңіл қуантады

518 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Антарктидаға барған «Тәуелсіздік полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Бұған дейін хабарланғанындай, экспедиция 42 күнге жалғасқан. Онда экспедиция мүшелері Антарктиданың сарышұнақ аязында ғылыми-зерттеулер жүргізіп қайтқан. Экспедицияға команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов пен команданың жалғыз аруы – Әлия Ерназарова қатысыпты. Олар Антарктиданың Винсон шыңына шығып, Оңтүстік полюске шаңғымен жеткен. Брифингте ғылыми сапар туралы «Қазақ география қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төралқа төрағасы Төлеген Тастанбеков баяндады. Ол экспедицияның мәні мен маңызы туралы кеңінен айтып берді. «Жобаның барлық үш кезеңі сәтті өтті. Біздің қыз-жігіттер Винсон шыңына шығып, шаңғы экспедициясы мен ғылыми-зерттеулерді жүргізіп қайтты. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күні Қазақстанның Мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедицияға қатысушылар отандастарымызға екі рет сый жасады. Яғни, олар 16 желтоқсанда Винсон шыңынан елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, 31 желтоқсанда Оңтүстік полюстен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады. Экспедиция көптеген адамдардың атсалысуымен жүзеге асты», – деді Т.Тастанбеков. Осыған орай, қоғамдық бірлестіктің төралқа төрағасы шын жүректен «Қазақ география қоғамы» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, басқарма кеңесінің төрағасы Қанат Байғаринге, ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа,  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен  Абаевқа, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Ерболат  Досаевқа, Назарбаев Университеттің президенті  Шигео Катсуға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің бірінші проректоры Нұргүл Хамзинаға, сонымен бірге, журналис­тер, блогерлер мен барша Қазақстан халқына өздеріне сенім артып, қолдау көрсеткендері үшін  алғысын білдірді. «Шын жүректен сіздерге үлкен рахмет!», – деді олар. Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков пен дәрігер Дәулет Шәріпов қазақстандық шаңғы экспедициясының Оңтүстік полюске алғаш рет барған мүшелері болып отыр. Олар 11 күнде 217 шақырымды мұздың үстімен жүріп өтті. Экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаевтың сөзіне қарағанда, өзі экспедиция капитаны болғанына өте қуанышты екен. «Бұл мен үшін үлкен құрмет, сол себептен біздің командамыздың әрбір мүшесі 100 пайызға жұмыс істеді. Әрине, жолда қиын жағдайлар да болды.  Дегенмен, біз қандай қиындық болса да оның бәрін жеңе білдік. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқан  барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін», – деді ол. Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше  жағдайында адам физиологиясына әсер беретін деректерді талдаған жас қазақстандық ғалымдардың зерттеулері енді. Алдағы кезде соның нәтижесі бойынша дөңгелек үстел мен шеберлік-сабақтар өткізіледі екен. Осыған байланысты экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедов жақын арада сапардың қорытындысы жан-жақты зерттеліп, ғылыми жұмыстардың нәтижесі шығатынын, оған мамандар талдау жасайтынын атап өтті. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»