"Астана-Защита" бағытымен қатынайтын жүрдек пойызға "Абай жолы" атауы берілді, - деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Мұндай шешімге Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы зиялы қауымы өкілдерінің ұсынысы негіз болғаны айтылады. "Биыл Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне 120 жыл толады. Бұл - ұлы жазушының әдеби мұрасын насихаттаудағы нақты қадам. Біздің ұсынысымызға қолдау білдірген ұлттық тасымалдаушы компания басшылығына алғыс айтамыз", - дейді Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік мұражай-қорының директоры Болат Жүнісбеков.
№67/68 "Астана-Защита" жүрдек жолаушылар пойызы отандық "Тұлпар-Тальго" вагондарымен жасақталған және күн сайын жүреді. Жолдағы уақыты - 16 сағат 30 минут.
Айта кетейік, қазіргі кезде республикалық және мемлекатаралық бағыттар бойынша "Алатау", "Акжайык", "Жетісу", "Сарайшық", "Ақсұңқар" атаулы пойыздар қатынайды.