• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Универсиадада ауыр жарақат алған спортшылар ауруханаға тікұшақпен жеткізіледі

370 рет
көрсетілді

Универсиада кезінде ауыр жарақат алған спортшылар ауруханаға тікұшақпен жеткізіледі. Әуе көліктері аса қауіпті спорт түрлерінен сайыс өтетін үш нысанға кезекшілік етеді. Атап айтқанда - Медеу, Табаған таулы аймақтары мен Алматы аренада зардап шеккендер, небәрі 15 минутта ауруханаға жеткізіліп, шұғыл көмек ала алады. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады. Дүбірлі дода кезінде ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмек № 7 және 4-ші қалалық ауруханаларда көрсетіледі. Ол үшін қос аурухананың базасында арнайы тікұшақ қонатын алаң жасалды. Жоспар бойынша жедел-жәрдем көлігі тікұшақпен жеткізілген науқасты күтіп алып, бірден аурухананың қабылдау бөлімшесіне жеткізеді. Ол небәрі 2 минут уақытты алады. Универсиаданы өткізуге дәрігерлер сақадай сай. Қажетті медициналық құрал-жабдықпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген кезекші жедел медициналық көмек бригадасы барлық 9 спорт нысанында да жұмыс істейтін болады. Жаңадан алынған 40 жедел жәрдем көлігі шұғыл, дереу және қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын тұрады. Спорттық сайыстар өтетін аумақтарда 150-ден астам жедел көмек көрсететін ақ халаттылар болады. "Универсиаданы өткізу аясында министрлік Алматы қаласының әкімшілігімен бірге қатысушыларға шара барысында және тоқтаған орнында уақтылы, сапалы медициналық көмек көрсету мәселелерін пысықтады. Жалпы медициналық көмек көрсету стационарлық түрде көрсетілетін болады, жедел-жәрдем түрінде көрсетілетін болады. Сондай-ақ медициналық пункттердің қызметтері ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі таңда қажетті даярлық толық аяқталды десек болады", - деді ҚР Әлеуметтік даму және денсаулық сақтау министрі Тамара Дүйсенова. Жарыс кезінде көмек көрсететін жедел-жәрдем қызметкерлерінің барлығы көзге ерекше түсетін, арнайы киім үлгісімен қамтамасыз етілген. Олардың барлығы да ағылшын тілінен дәріс өтіп, жаттығыпты.