• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігі арттырылады

646 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында мемлекеттік мүлік туралы мәселе қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жуықта ғана Мемлекет басшысы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға қол қойғандығын, ендігі мәселе осы заңды жүзеге асырудан туындайтындығын айтты. Жаңа заң экономиканың әртүрлі салаларындағы мемлекеттік мүліктерге қолданылатын жалпы ережелерді белгілеу, оларды басқаруды реттейтін заң нормаларын бір заңның аясында біріктіру және осы бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзыретін айқын­дау мақсатында әзірленген. Бұл заң базалық болып табылады. Сондықтан мемлекеттік мүлікті сатып алу және оны иеліктен шы­ғару (сату) кезінде туын­дай­тын барлық мәселелерді жүйе­лейтін болады. Жаңа заңның өзіндік жа­ңа­лықтары бар. Соның қатарында оның барлық мемлекеттік ор­ган­дардың құзыреттерін мемлекеттік мүліктерді республикалық және коммуналдық мүліктерге бөле отырып айқындайтын­ды­ғын айтуға болады. Заңға сәйкес мемлекеттік мүлікті басқарудың заманға лайық жүйесі қалып­та­сып, ол жоспарлау, мониторинг жүргізу, бағалау және бақылау мәселелерін қамтуы тиіс. Ендігі кезекте мемлекеттік мүліктің бір­ыңғай тізімі қалыптастыры­ла­ды. Таяудағы екі жылдың ішін­де мемлекеттік мүлік туралы барлық ведомстволық ақпараттар осы тізімге жинақталатын болады. Мемлекеттік кәсіпорындарды құрудың тәртібі мен мақсаты, олардың қызмет аясы ай­қын­да­лып, бұл кәсіпорынды басқару­шы­лардың жауапкершілігі кү­шейтіледі. Ендігі кезекте мемлекеттік кәсіпорынға өз аясында еншілес кәсіпорындар құру құ­қығы берілмейді. Барлық мемлекеттік кәсіпорындарға, олардың қызмет түрлеріне қарамастан, жоспарлаудың бірыңғай жүйесі қарастырылатын болады. Мемлекеттік мекемелердің мемле­кет­тің атынан және өздерінің ат­тарынан әрекет етуіне шектеулер жасалады. Заңда осы секілді басқа да жаңалықтар мен өзгерістер аз емес. Заң мемлекеттік мүлікті бас­қарудың тиімділігін арттыру үшін қызмет етеді. Сонымен қа­тар ол барлық мәселелер нақты ай­қындалғандықтан, еліміздің инвестициялық ахуалы мен бизнестік ортаның жұмысына да жа­ғымды әсер етуі тиіс. Мемлекеттік кәсіпорындардың санын оң­тайландыру барысында бюд­жет­тің мемлекеттік кәсіп­орын­дар үшін жұмсалатын шығыс­тары да азая түседі деген болжам бар. Жанар Айтжанова осы заңды жү­зеге асыру үшін белгіленіп отыр­ған бірқатар шараларды атап көрсетті. Мәселен, үстіміз­дегі жылдың 1 тамызына дейін ти­істі ережелерге өзгерістер енгізіп, ком­муналдық меншіктің об­лыстық және аудандық деп бө­ліну үдерісін толық аяқтау қа­жет. Ал жыл соңына дейін қыз­мет аясы белгіленбеген кәсіп­орындар мен еншілес кәсіп­орындарға талдау жүргі­зілетін болады да 2012 жылдың нау­ры­зына дейін олардың тағды­ры шешіледі. 2012-2013 жылдар­дың ара­лығында мемлекеттік мү­лік туралы бірыңғай тізім қам­та­ма­сыз етіледі. Аталған мәселені талқылау барысында Үкімет басшысы Кә­рім Мәсімов Қазақстан Бүкіл­әлемдік сауда ұйымына қосыл­ған жағдайда бұл заңның еліміздегі инвестициялық ахуалға қан­дай әсер ететіндігін сұрады. Сұ­раққа берілген жауапта, мұн­дай жағдайда осы заңның еліміздегі инвестициялық ахуалдың бол­жам­дылығына қызмет ететіндігі, яғни әсері жағымды болуы тиісті екендігі айтылды. Сондай-ақ Премьер-Министр басқа да сұрақтар қойып, олар­дың барлығына қанағаттанарлық жауап алды. Үкімет отырысында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшей­туге бағытталған жаңа бағдар­лама жобасы да талқыланды. Осы жөнінде баяндама жасаған Экономикалық қылмысқа және сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Қай­рат Қожамжаров бұл бағдарлама қоғамның сыбайлас жемқор­лық­қа төзбеушілік көзқарасын қа­лып­тастыруға, азаматтардың мем­лекеттік органдардың осы бағытта жүргізіп жатқан шара­ларына деген сенімділігін арт­тыруға қызмет ететіндігін атап көрсетті. Қазіргі күні Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес­тің еуропалық стандарттарын мең­геруде. Бағдарлама елімізде әзірленген «Еуропаға жол» бағ­дарламасының талаптарымен де сәйкес келетіндігін айтты. Аталған мәселелерді қоры­тын­дылаған Үкімет басшысы Кә­рім Мәсімов қаралып отырған мемлекеттік мүлік туралы заңды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамды толғандыратын мәсе­лелер екендігін атап көрсете келе, қазіргі уақытта Интернеттің да­муына байланысты жариялы­лық­тың барынша күш ала түс­кендігіне тоқталды. «Қазір бүкіл әлемдегі секілді біздің қоға­мы­мызда да ашықтық, жариялылық үдерістері күш алып келеді. Осы жағдайды енді сыбайлас жем­қор­лықпен күрес секілді ма­ңызды мәселеде де сәтті пай­да­лануы­мыз қажет. Мемлекеттік органдар басшыларының жеке блог­тарының ашылуы да осын­дай себептерге байланысты», деді. Со­нымен қатар, қаралып отыр­ған мәселелерге қатысты тиісті ұй­ымдардың алдына міндеттер жүктеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.