Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент қойған міндеттер шеңберінде «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралған жиын өткізді.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаның биылғы қаңтар айында Павлодар облысы Екібастұз қаласында іске қосылғаннан бергі атқарылған жұмыс туралы баяндады.
Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі кампусты құру жөніндегі «ДӨО алқабы» жобасы бүгінде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Үкімет тиісті инфрақұрылымдық және құқықтық жағдайларды қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда, жалпы ауданы 1,4 мың гектар жер телімі бөлінді. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қосалқы станса сатып алу, сондай-ақ инвесторлар мен жобаға қатысушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Құрылатын инфрақұрылымның маңызды элементі – халықаралық серіктестерді тартуға арналған «Greenfield» аймағы болмақ. Сондай-ақ одан әрі кеңейтуге болатын 100 МВт-ға дейінгі қуаттар дайындалды. Инфрақұрылым энергия тиімділігінің коэффициенті PUE 1.25 болатын «Tier» III халықаралық стандартына сәйкестендіріледі.
Телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы ең «Ірі hyperscale» және «BigTech» компанияларының талаптарын қанағаттандыру мақсатында желілік кідіріс 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендетіледі. Бұл – негізгі еуропалық трафик алмасу орталықтарымен тең деңгей.
Бұдан әрі есептеу инфрақұрылымын кезең-кезеңімен ұлғайту, әрбірінің 50 МВт қуаты бар ЖИ-ДӨО-ның төрт кезеңін салу көзделген. Тұтастай алғанда, «ДӨО алқабын» іске қосу елде цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттылығының өңірлік орталығын қалыптастыруға, 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға, сондай-ақ 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға жұмыстың барлық кезеңін уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету және қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдету тапсырылды.