«Моноқалаларды, оның ішінде тек көмір өндірісімен айналысатын қалаларды тұрақты дамыту мақсатында жергілікті атқару органдары жаңа өндірістерді құруға, кадрларды қайта оқыту, инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға негізделген экономиканы әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі тиіс», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Осы орайда ол Екібастұз қаласын мысал ретінде келтірді. Бұл қалада темір жол машина құрылысы бойынша бірқатар жобалар іске асырылған, сонымен қатар энергетикалық машина құрылысы бағытында өндірістер салынды.
Бұдан бөлек, құрылыс индустриясы мен жылыжай шаруашылықтары дамып келеді. Дегенмен де, министрлік бірнеше бағдарламаларды кеңейту жолымен елімізде көмір өндіру деңгейін қолдау мен сақтау бойынша жұмыстарды күшейту керектігін алға тартты. Оның ішінде кешенді түрде көмірді тереңдетіп өңдеу аясында көмірден дизель отынын және басқа да синтетикалық өнімдерді шығару ескерілмек.
«Сонымен қатар бүгінде шахталық метанды электр энергиясын өндіруге пайдалану бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл өз кезегінде парниктік газдармен ластануды айтарлықтай төмендетеді. Осы орайда Қарағанды облысын газбен қамтамасыз ету мақсатында метандық-көмір қабаттарын барлау мен өндіруді ескеріп отырмын», – деді министр.