Жуырда ақындар мен батырлар елі атанған қасиетті Жамбыл ауданында ақпа-төкпе жырдың сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл бабамыздың ұрпақтары бас қосқан салтанатты кеш өтіп, онда белгілі журналист Күмісжан Байжанның «Жамбыл елінің жайсаңдары» атты кітабы таныстырылды. Кейінгі жас ұрпаққа берер тағылымы бар бұл еңбектен киелі топырақта дүниеге келген би, шешен, батыр, ақын бабалары жайлы толғаныстар, бүгінде еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тұлғалар мен танымал азаматтардың өмірбаяны жайлы танымдық дерегі мол мәлімет аласыз.
Әкімі ақынын ардақтаған ел ардақты деген, жиынды ашып, кітап авторы жайлы жылы сөзін арнаған аудан әкімі Жандарбек Далабаев Жамбыл жері мен елі ерлігі мен өнері халықтың қазынасына айналған ерен тұлғалармен танымал екендігін айта келіп, солардың арасында табиғи дарынымен ерекшеленіп, аудан өмірінің жаршысы болған төл басылым – «Атамекеннің» шығармашылық өсуіне өзіндік үлес қосқан, әсіресе, ғасырлар тоғысындағы қиын кезеңдерде газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп аттай жиырма жыл басқарған, сондай-ақ, он жылға жуық аға басылым «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып, Жетісу өңірінің тыныс-тіршілігіне қалам тербеген жерлестері белгілі қаламгер Күмісжан Байжан есімін құрметпен атайтындығын үлкен ілтипатпен жеткізді.
Сондай-ақ, Жандарбек Ермекұлы былтыр Жамбыл бабаларының 170 жылдығы тойланған кезде Жәкең туралы энциклопедия шығару жоспарда болғанын, бүгін сол кітаптың жарыққа шығып, қолға тигені жайлы жағымды жаңалықты да айтып, сүйінші сұрады. Және де осы еңбектің құрастырушысы, жерлестері М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанға халық атынан алғыс білдірді.
Алғаш еңбек жолын Алматы облысы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінен бастаған Күмісжан Құдайбергенқызы журналистік еңбектің сан қилы сатысынан өтіп, шығармашылық қарымын шыңдайды. Екі мәрте Журналистер одағы сыйлығының иегері, Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанған оның қаламынан шыққан «Кие», «Жақсылардың парызы», «Көз ілмейтін көңіл», «Сөнбейтін сенім» сынды кітаптары көпшілік көңілінен шыққан тартымды көркем дүниелер.
Ал қаламгердің жаңадан тұсауы кесілген көлемді туындысы 2003 жылы алғаш жарық көрген «Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабының жалғасы. Бірінші кітаптың алғы сөзінде автор бір ғана кітаппен ойға алған мақсатының толығымен жүзеге аспайтынын, ел мен жердің өркендеп дамуына еңбек сіңірген азаматтардың барлығын қамти алмайтынын айта келіп, амандық болса алдағы уақытта ойға алған істі жалғастырып, жерлестерінің алдындағы парызын орындайтынын айтқан еді. Енді, міне, сол уәдесінен шығып, қалың оқырманға жаңа еңбегін ұсынып отыр.
Мұнда күні кеше дүбірлеп өткен батырлар мен бағландар, әулие-әмбиелер, Елбасынан бастап мемлекет және қоғам қайраткерлері, қарымды қаламгерлер, ғылым, мәдениет пен өнер көгінде танылған таланттар, ғарышкер, ауданға, облысқа, елімізге танымал құрыш білекті еңбек майталмандарының өмір жолдары тарихи шежіреге пара-пар әдемі туындыға кейіпкер болған. Сондықтан да бұл кеш кітап авторының ғана емес, ондағы кейіпкерлердің де өміріндегі елеулі оқиға болды.
– Ақындар мен батырлар елі деп аталатын Жамбыл ауданының тарихы қазақтың тарихымен тікелей байланысты. Бізге тарих не үшін керек? Осында жастар көп отыр. Олардың өз елінің тарихын тануы – ол өз ұлтына қызмет етудің басы. Оның үлгісін Елбасының өзі де көрсетуде. Естеріңізде болар, Нұрсұлтан Әбішұлы 1986 жылы Жамбыл ауданына келгенде: «Мен халықтан дауыс жинауға келгенім жоқ, ұлы бабаларыма Құран оқытып, соларға тәу етуге келдім», деп ұлы бабаларын санамалай келе, күні кеше дүниеден өткен Нұрғиса қайда? – деп ұлы сазгерді іздеген еді. Міне, сол үде – сол үде. Бүгінгі Қазақстанның шыққан биігі қандай? Қазақтың етектегі басы төрге шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем мойындаған ұлы саясаткер атанды, – дей келе, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан кітап авторына өз ілтипатын білдіріп, «Күмісжан – ауылымыздың, ауданымыздың, еліміздің жылнамашысы» деген баға бере кетті.
Сондай-ақ, кеш қонағы көрнекті жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы аталмыш еңбектің қажет, керек кітап екеніне, бұл да қаламгердің келешек ұрпаққа сыйлаған рухани мұрасы екеніне тоқталды. Ал Жамбыл ауданының өсіп-өркендеп, дамуына үлес қосып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған Әскербек Абаев ағамыз аудан ақсақалдары атынан сөз алып, бұл еңбектің ертең тарих болып қалатынын, келешек ұрпақтың ата-бабалары кімдер болған, кімдер еңбек етіп, маңдай терін төккен дегенде энкциклопедиялық мәлімет алатын үлкен дүние екенін айта келе, аудан азаматтарының атынан сый-сияпат жасап, алғыстарын жеткізді.
Туған жерге туың тік деген, халық алдында есеп беріп, еліне деген жүрегінің жылуын, ыстық ықыласын білдірген Күмісжан Құдайбергенқызы перзенттік парызын осылай атқарып, елге, жерге қызмет етудің үлгісін көрсетті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Ұзынағаш ауылы