• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Қазақ футболының көсегесін кім көгертеді?..

536 рет
көрсетілді

Осы күні футбол клубының хал-қадірін трансфер айқындайтын болды. Тәуір деген футболшылар да неғұрлым ақшалы клубтарды төңіректейді. «Реал Мадрид», «Барселона», «Манчестер Юнайтед» сияқты әлемнің айбарлы футбол клубтарының негізгі принципінің өзі сол. Көзі түсіп, көңіліне жаққан футболшыны өзіне тарту үшін ондаған миллион еуро қаражат шығару оларға соншалықты бір проблема емес сияқты. Бірақ осы жағдай әлемнің футбол деген халқына дерттей болып тарап жатыр. Ұлттық футболды дамытуға кесірін тигізіп отыр. Былтыр жазда «Манчестер Юнайтед» Поль Погбаның транс­феріне шімірікпестен 120 миллион еуро бергенде әлем аузын аша аңтарылып қалды. Дүниені ақшамен өлшейтіндер сүйінді, қандай мықты жоспары болса да ондай қаражатты түсінде де көрмегендер күйінді. Сол миллиондарды балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға салса, әлемге ортақ ойынның келешегі жарқыраған үстіне жарқырай түсер ме еді. Шынтуайтында, дүниеде бір­де-бір ойыншы ондай ақша тұрмайды, бұл тек ақшадан ақша жасаудың амалы да. Бүгінгі футболдың шындығы сол! Өзен боп аққан ақшаны белуарынан кешкен футбол функционерлері жас ұрпақтың өсіп, жарау аттай болғанын күтіп отыруға мүдделі емес. Қазір берген ақшасын есе­леп қазір қайтарып алған маңызды оларға. Сондықтан, аты шыққан, әлеуеті жоғары футболшыны кез келген жолмен қолға түсіруге барын салады. Бұрынғысын көкседі демеңіз, кеңес дәуірінде ғой, футбол мемле­кеттің қадағалауында болды. Ағыл-тегіл ақша болмаса да, футбол клубтары қалыпты жұ­мыс істеді. Дарынды футболшылар да баршылық еді. Футбол ғана емес, спорттың басқа түрле­рінде де ақша сұрап, жағдай талап еткен ешкім болған емес. Тек ел мен жер намысы үшін жанын салғандар болды. Тым құры­ғанда жеке басының намысы үшін табандылық танытқан Кеңес Одағының спортшылары жер бетіндегі жанкүйерлерге көк тиынсыз-ақ таңдай қақтырды. Ал қазір клубқа жаңа басшы немесе инвестор келсе де бұрынғы құрамды, тіпті кейде команда мен стадион атауын өзгертуге бейім тұрады. Бұдан қалыптасқан дәстүр бұзылады, бұған дейін болған бапкерлер мен ойыншылардың еңбегі еш болып, сабақтастық жойылады. Айналып келгенде, команданың өзі кезекті бизнес-жобаға айналады. Ұлттық футболды дамыту үшін ең дұрысы селекцияны, яғни футболшыларды жастайынан дұрыс іріктеп, дарынын ұштау жайын жолға қойса абзал. Сонда қаншама қаражат шығындап, сырттан ойыншы шақыру деген тыйылар еді. Көлденең көк аттыларға кетіп жатқан ақшаны Футбол академияларына құйып, өз ұландарымызды тәрбиелесек, кім қой деп жатыр?! Оның тиімді тұстары да, күні ертең әкелер пайдасы да шаш-етектен. Отандық академияның түлектері ақша үшін ғана емес, ел намысы үшін де аянып қалмас еді. Мұндай тәжірибе, айта кету керек, азуын айға білеген «Атлетико Мадрид», «Порту» сияқты клубтардың өзінде де бар. Қазақстан Премьер-лига­сында трансферге шектеу қою мәселесі бұрын да талай көтеріл­ген, шектеу қойылған да. Соның өзінде Премьер-лигадағы әр клуб әлі күнге сырттан сегіз ойыншыға дейін жалдауға құқылы. Және бір ойында соның бесеуі алаңға шыға алады. Соған тәубе, деп отырған жайымыз бар. Алаңда бір командадан африкалық сегіз шой қара, үш қазақ жүрсе, қандай сезімде болар едіңіз?! «Легионерлерді бір есептен біздің балалар мен жастар үйрен­сін деп шақырамыз» деп жақаурататын клубтар да бар. Сырттан қай бапкер немесе қай ойыншы біздің дарын­ды жеткіншектерімізге бірдеңе үйретіп жүр? Олар ақша тө­ленетін келісімшарт шеңбе­рінен артық саусағын да қимыл­датпайды. Ал біздің балалар мен жасөспірімдер әшейін олардың ойынын қарап үйренеді десеңіз, тағы қателесесіз, қарап үйренуге әлемнің аузымен құс тістеген саңлақтарын күніне сан мәрте көрсететін теледидар мен интернет те жетеді. Трансферге дұрыс шектеу қойылса, қазақстандық клубтар ойыншылармен мейлінше ұзақ мерзімдік келісімшарттар жаса­суға мүдделі болар еді. Бір орнында ұзағырақ ойнаған ойыншы да командаға бойы әбден үйреніп, жанкүйерлердің де көңілінен шыға алады. Бұл, ең алдымен, өңірлердегі футболға қызы­ғушылар санын арттырып, негізгі құрамға жергілікті жас дарындарды тартуға да игі ықпалын тигізері сөзсіз. Былтырғы Қазақстан Кубогы­ның финалынан соң, жеңілген «Қайраттың» құрамындағы Ан­дрей Аршавин алаңнан кетіп бара жатып күміс медалін жанкүйер­лерге қарай лақтырып жіберді. Бұл оның қай қылығы екенін бағамдау қиын: менсінбегені ме, есерлігі ме? Ол медальды қағып алған бозбала кейін сол мәртебелі марапатты интернетте саудаға салды. Отандық футболымызға осы абырой ма?! Бұл жерде Андрей Аршавиннің футболшы ретіндегі шеберлігі туралы сөз жоқ. Оны «Қайратқа» бас бапкер кезінде Александр Бородюк шақырғанын білеміз. Шеттен келетін бапкерлер өзіне абырой әкелетін ойыншыларды тартуға тырысады, бірақ оған ақшаны ол өз қалтасынан төлемейді ғой. Бородюк жайына кетті, ал Ар­шавин келісімшарт бойынша биылғы маусымда да «Қайратта» ойнайды. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» деген емес, толып жатқан легионерлерге кетіп жатқан миллиондаған бюджет қаражатына іштің ашитыны бар. Бюджет деген салықтан құралса, салық халықтан, яғни сіз бен бізден алынып жатқанын түсінуге сонша бір ақылдың кере­гі жоқ-ау... Мемлекет қаражатын, әсіре­се, маусымдар аралы­ғындағы трансферлер кезінде агенттер мен көтерме сыйақыларға шашуды доғаратын кез жетті. Өңірлерде бақылауды күшейткен ләзім. Был­тыр Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев футбол клубындағы тым жоғары жалақы мен шектен тыс шығындар туралы наразылығын білдірген болатын. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуды қолға алып, Футбол академиясын ашты. Осындай игі бастамалардан үлгі алуға болады ғой. «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев бір ойланарлық ұсыныс айтып еді. Ол былай: Премьер-лига клубтарының бюджетін бірінші жылы ең көбі 2,5 млрд теңге қылу керек те, одан кейін жыл сайын сол қаражатты 500 млн теңгеге азайтып отыру қажет. Сол бес жыл ішінде клубтар өз­дерінің пайда табатын инфра­құрылымдарын жасап алуы тиіс. Яғни, бес жылдан кейін клубтарды бюджеттен қар­жыландыру тоқтатылады. Бұл, әрине, әзірге жай ұсыныс, тіпті, керек десеңіз, қиял ғана. Деген­мен, әкім-қаралардың, фут­бол төңірегіндегі басшылар мен ма­мандардың басын қосып кеңінен ақылдасуға тұратын ұсыныс. Өңірлерде спорттық бюджет­тің 30-дан 60 пайызға дейінгі бөлігі футболға жұмсалатыны бұл күнде жасырын болмай қалды. Оның дені легионерлердің жалақысына, қайдағы бір агент­тердің сыйақысы мен көтерме ақыларға жұмсалады екен. Қай­сыбір дерек көздеріне сенсек, сөйтіп, біздің кәсіби футбол 2004 жылдан бері миллиард еуродан астам қаржыны жоқ қылған!? Ал балалар мен жасөспірімдер футболына тисе тиын-тебен тиді, тимесе ол да жоқ. Кім біледі, Қазақстанда Африка мен Балқан елдерінен келіп ойнаған легионерлердің бала-шағасы осы күндері біздің ақшамызға алаңсыз дайындалып, өскен соң мен де Қазақстанға барып ақша табам деп жүрген шығар!.. 25 сәуірде Қазақстан Фут­бол одағының УЕФА-ға мүше болғанына 15 жыл толады. Бұл сонша бір көп уақыт емес және Қазақстан футболын әлемнің футбол державаларының деңгейімен салыстырып, сондай бола қоймадың деп сөгу де орынсыз. Қазақтан сөз қалған ба, «Аттыға ерем деп жаяудың таңы айырылыпты» демей ме!? Сондықтан, ең дұрысы – өнбейтін іске ақша шашуды қойып, ауылдар мен аулаларда сөмкесін тепкілеп, «жер бетіне сыймай жүретін» қарадомалаққа көңіл бөлгеніміз абзал. Қолына доп ұстатып, кекілінен сипасаңыз, күні ертең ел намысын сол қорғайды, қазақ футболының атын шығарса – сол шығарады, көгертсе – сол көгертеді. Футбол төңірегіндегі ұлтжанды азаматтар осы жағын ойласа... Болатбек ҚАУЫСОВ  ҚАРАҒАНДЫ