• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

200 ірі дүкен жеңілдіктер фестиваліне қатысуда

337 рет
көрсетілді

Біз бұған дейін де Универсиада салтанатына орай Алматыдағы барша сауда орталықтары тауарларын ар­зан­датып, туристер тартуға септігін тигі­зетіні туралы хабарлаған едік. Жұма, яғни 20 қаңтарда басталған ауқым­ды жеңілдіктер жәрмеңкесіне Алматы­дағы 200-ден астам сауда орталық­тары мен дүкендер желісі қосылды. Аптаның соңғы жұмыс күнінде қала әкімі Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерімен бірге жеңілдіктер фестиваліне қатысатын бірқатар сауда орындарын аралап шықты. Алдағы 10 ақпанға дейін жалғасатын «Almaty Sales Festival – Winter-2017» фес­тиваліне әлемге танымал 500-ге жуық брендті ұсынатын әрі «street retail» форматында жұмыс істейтін 100 сауда орталығы, 100 дүкен қатысуда. Алматылықтар мен қала қонақтары киімдерді 80 пайызға дейінгі жеңілдіктермен сатып ала алады. Сонымен қатар, косметиканы 20 пайызға дейінгі, зергерлік бұйымдарды 40 пайызға дейінгі, тұрмыстық техника мен басқа тауарлар да арзан бағамен босатылмақ. Отандық сауда маркалары да Универ­сиада – қала мен алматылық кәсіпкер­лер үшін маңызды жоба екенін алға тар­тып, жеңілдіктер фестиваліне қолдау көр­сету арқылы өз үлестерін қоса алатындарына мақтанады. Тауарлардың арзандатылғанын ести сала, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға ұмтылғандар арасында танымал өнер жұлдыздары да табылды. «Біз барлығымыз Универсиаданы асыға күту­деміз. Спортшыларымызға қолдау көр­сету үшін міндетті түрде жанкүйер бола­мыз. Жеңілдіктер фестивалі туралы ести сала, ұнатқан киімдерді алуды жөн көр­дік. Біз алған тауарлар қонымды, спорт нысан­дары­ның ішінде киіп жүруге қолайлы», – дейді RIN’GO тобының солисі Данияр Өтеген және әнші Мәдина Сәдуақасова. Сол сияқты, сауда орталықтарында түрлі тақырыптық шаралар, қолөнерші­лер жәр­меңкесі, қазақстандық дизайнер­лер­дің көр­месі, балалар үшін шебер­лік сынып­тары, кон­церт­тік бағдарламалар ұйымдастырылуда. «Біз радиодан қалада жеңілдіктер фести­валінің басталғанын ести сала құрбым екеуміз бірден дүкен аралауға шықтық. Қызығып жүрген тауарды арзан бағаға сатып алу да қуаныш», – деді Айсұлу атты студент қыз. «MEGA Alma-Ata» сауда орталығында болған қала әкімі Универсиадаға билет сата­тын кассаға да барды. Ол жердегілер коньки­мен мәнерлеп сырғанауға, хоккейге қызы­ғу­шы­лықтың көп екендігін, ал қазақстандық хоккейшілердің ойындарына билеттер­дің түгел сатылып кеткендігін, орынның жоқтығын айтты. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 200 мың билеттің 86 мыңы сатылған. АЛМАТЫ