• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Өрімдей өлкетанушылар

800 рет
көрсетілді

немесе туған тарихты тануға тәрбиелеу Өркениетті елдердің білімі мен ғылымының ілгерілеуіне мүдделі ұстаздар екендігі даусыз. Елбасы Қазақстан хал­қына Жолдауында мектеп оқу­шыларының функциялық сауат­ты­лығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қа­был­дау жөнінде нақты міндет қой­ды. Бұл бағдар Қазақстан Республикасында білім беруді да­мытудың 2011-2020 және 2016-2019 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламаларында да атал­ған. Ондағы басты міндет – жалпы білім беретін мектептерде зияткерлік, дене және рухани тұлғасы дамыған азаматты қалыптастыру, оның құ­былмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін бі­лім алудағы қажеттіліктерін қа­нағаттандыру. Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­ме­нов «Мен ақынмын әрі өз ісім­мен айналысып қана отырар едім. Бірақ барлық көне жазбаларды ақтарып, бүкіл әлемнен шумер, ежелгі мысыр, орыс, скандинавия жазбаларын қотарып, оларды жазып алып, өз халқыма қатысты қандай да бір дерек білуге ұмтылдым. Және көптеген жайттарға қанықтым. Мен ескі са­рында қалған ғалымдарға емес, жас­т­арға сенім артамын», дейді. Яғни, жүрегі елім деп соғып тұрған әрбір тұлғаға жігер беретін, қанат бітіретін біздер, мұғалімдер болуға тиіспіз. Мұғалімнің айтқан ілімінен оқушы жадында нақты бір нақыл сөз қалса, төккен тер­­­дің зая кетпегені. Мысалы, 6-сыныптағы «Қазақстан тарихы» пә­нінде «Ғұндар» тақырыбы бойынша Еділ патшаға берілген си­паттама бар. «Еділ қонақтарына та­­мақты күміс ыдыстармен береді де, өзі ең соңынан ағаш ыдыс­пен ішеді, делінген. Дәл осындай құбылыс ХІХ ғасырда Қызылқоға ауданының Қарабауынан 9 шақырым қашықтықтағы Өтей қорымында жерленген Бөкен би басынан өткен екен. Бөкен би ат мінсем желік пайда болады деп, өмір бойы өгіз мініп жүрген. Осы екі тұлғаның өміріндегі көріністерді әңгімелеу арқылы оқушы бойында қызығушылық туары сөзсіз. Пән сабақтарында ғана емес, тәрбиелік іс-шараларда ел­дің бірлігі, ынтымағы үшін күре­с­кен айтулы тұлғалармен бірге жер­гілікті адамдар туралы мә­лі­ме­ттер беру оқушы бойына із­гі­­лік, мейірім нұрын себеді. Мә­селен, қазақстандық әрбір мұ­­ғалім ақмолалық тарих пәні мұ­ғалімінің «Құрт – асыл тас» өлеңінің мазмұнымен таныс екені даусыз. 1937 жылы салынған АЛЖИР әйелдер түрмесіндегі тұтқындар 17-20 сағат жұмыс істейді. Бірде Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жатқан тұтқын әйелдерге қарт­тар мен балалар кез­деседі. Балалар өздері әрең келе жатқан тұтқындарды таспен атқылайды. Әйелдер қазақ хал­қының тәрбиесі осы ма, неге сон­ша қатыгез деп қамығады. Ке­лесіде арып-ашып әлсіреген тұт­қын әйел жерге құ­лай­ды. Дәл алды­нан сүт­тің иісін се­зеді. Ол жә­не кесек тас­тардан шы­ғады. Шетінен тістеп көр­генде, кә­ді­мгі қазақтың ұлттық тағамы – құрт болып шығады. Сонда ға­на қазақтың қарапайым хал­қы­ның қарауылдарға білдір­мей көмектескенін тұтқын әйел­­дер біледі. Осы бір оқиға әр­бір оқу­шыға адамгершілікті ұқ­ты­рып тұр­ғандай. Мектебімізде оқу­шы­лардың өз Отанын, тарихын, эко­номикасы мен мәдениетін да­мытуға үлес қосқан тұлғаларын танып-білуге септігін тигізетін «Өлкетану» сағаттары жүргізіліп ке­леді. Мәселен, 2006 жылы шіл­деде Қарабаудағы Жо­лай­шағыл құ­мынан сол кездегі 8-сынып оқу­шысы, бүгінде мұнай опера­торы Салауат Сәкенаев алтын шынжырлы алқа, сырға, екі құ­мыра мен бес жебенің ұшын тауып алып, Атырау облысының та­рихи-өлкетану мұражайына тап­­сырғандығы туралы мә­лі­меттер мен фотосуреттер бар. Мәдени-танымдық «Ұрпақ» жобасы аясында өткізіліп келе жат­қан курста оқушылар өңір мен ел аумағындағы тарихи-мәдени ес­­ке­р­­ткіштер, өлке табиғаты, қо­ғам қайраткерлері туралы із­де­не­ді. Биылғы өл­кетану курсының мүшелері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ауыл ішінде көше атауы берілген Ұлы Отан соғысы арда­гер­лері мен шаруашылықтың да­муына үлес қосқан Н.Көмеков пен С.Омаровтың еңбек жолдары туралы зерттеу жұмыстарын жүр­­гізіп, ауылдағы ауа райын зер­т­­теу мекемесіне, бөдене өсі­ре­­тін фермаға саяхат жасады.  «Әркімнің туған же­рі – Мысыр шаһары» дегендей, оқу­шы­ларды елжандылыққа тәр­бие­леу­де өлке тарихы мен мә­дениетін, өңір ерекшеліктерін, тұл­ғаларын та­ныту – әр тарих пәні мұ­ға­лімінің мін­деті. Гүлжан ТОҚМУРЗИНА, тарих пәнінің мұғалімі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы,