Бүгінгі күні агломерация ұғымы мен термині ешкімге де таңсық емес. Оны негізінен индустриялық аймақтарға тән құбылыс деуге болады. Жекелеген ірі қаланың төңірегінде топтасатын агломерация атауының ауқымы мейлінше кең. Бұл біріншіден, еңбек ресурстарының аумақтық шоғырлануын сипаттай алады. Соған сәйкес мұнда өнеркәсіп, инфрақұрылым, денсаулық сақтау мен білім беру салалары бір-бірімен үйлесімді түрде қатар дами береді. Мұндай жағымды жайт халықтың тығыз қоныстануына ықпал жасай алады.
Осы орайда оған қажетті факторлардың бірі халық санының сәйкес келуі десек, бұл мәселе жөніндегі деректерге салыстыру жасай кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Айталық, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Ақтөбе қаласы маңындағы тұрғындардың саны кеңестік кезеңдегі мөлшерден әжептәуір кеміп кетсе, жаңа мыңжылдықтың басында бұл көрсеткіш бірден тез жоғарылап сала берген екен. Адамдар облыстың болашағы жоқ ауылдары мен елді мекендерінен, тіпті еліміздегі өзге де өңірлерден өндірістік әлеуеті мол қала – Ақтөбеге қарай ағылған. Соның нәтижесінде Ақтөбе қаласы төңірегінде тұтастай елді мекендер мен ауылдар пайда болған. Сонымен бірге, облыс орталығының оңтүстік-батыс жақ бөлігінде жаңа шағын аудандар құру қажеттілігі туындаған.
Ақтөбе мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздеріне жақын орналасуымен де ерекшелене алады. Мұның өзі де агломерация белдеулерін бекітуге үлкен мүмкіндік береді. Тек мұнай мен газ ғана емес, сондай-ақ, Ақтөбе аумағындағы жер қойнауы өзге де табиғи байлықтарға толы. Тек оның ретін тауып игере білсе болғаны. Екіншіден, көлік-логистика проблемалары шешімін таппаған жерде мың жерден тықпаласаңыз да, агломерациялық белдеулер бекем бола алмайды. Қазақы ұғыммен айтқанда көктей солады. Осы орайда облыс орталығының тоғыз жолдың торабында орналасуы оның агломерацияға айналуға әбден лайықты екенін көрсетеді.
Еліміздегі Ресей нарығына шығатын қақпалардың ең маңыздысын да Ақтөбе аймағы құрайды. Тағы бір артықшылықтың төркіні төмендегідей. Яғни оңтүстік және орталық аймақтағылар Ақтөбе арқылы Каспий теңізіне шыға алады. Мұндай мүмкіндік қаланың жүйе түзуші кешен ретіндегі өзіндік орнын айқындай түседі. Әрі бұл жазылмаған табиғи заңдылықтай көрінеді. Әрқайсысы түйенің табанындай болып келетін осындай артықшылықтар еліміздің батыс бөлігіндегі ең ірі қала – Ақтөбенің айрықша жедел қарқынмен дамуына жол аша алатыны аян. Әрине, мүмкіндіктің де мүмкіндігі бар. Соның ішінде табиғи мүмкіндіктердің орны бөлек. Ақтөбенің басты артықшылығы да осы табиғи мүмкіндіктер десек шындықтан алшақ кете қоймаспыз.
Жоғарыда айтылғандай, өңірдің стратегиялық шикізат көздері мен қазба байлықтарға жақын орналасуы әрі аймақта энергиямен қамтылу ісі оң жолға қойылғаны агломерация мен өндірістік кешен құруға басты негіз қалайды. Осы тұрғыдан қарастырғанда Ақтөбе мұнай-газ химиясы кешенін құруға әбден лайықты екені ешқандай талас туғызбайды. Инвестициялық қуатты көтеру мен агломерациялық тәртіптің басты кілті де осында болса керек. Индустрия мен инновацияның дамуының басты қозғаушы күші де осы арнадан тамыр тарта алады. Осы арқылы қазақстандық брендке қол жеткізудің жолдары да жақындай түседі.
Агломерация терминіне біржақтылық ұғымы мүлдем жат. Бұл ретте батыстағы макроөңір базасында қой және үйірлі жылқы шаруашылығын дамытып, түйе өсіру ісін қолға алуға да болады. Айталық, Ақтөбеде өткен жылы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын өрге бастыру жөніндегі республикалық палата да құрылған еді. Бұл жөнінде газетімізде сараптамалық мақала да жазылған болатын. Өңірде мұндай жағымды жаңалықтар аз емес. Сондай-ақ, өндірістік кешен құрамына күздік дәнді дақылдар егістігі мөлшерін көбейту, өсімдік шаруашылығын жолға қою, сонымен бірге, майлы және жемдік дақылдарды өсіру жөніндегі мәселелер енгізіліп жатса, нұр үстіне нұр.
Ақтөбе агломерациясы облыстың алты ауданын қамтиды. Сондай-ақ, оның құрамына Ақтөбе қаласы мен оның маңындағы жетпіс елді мекен енгізілген. Осы арада оның екеуі Алға мен Қандыағаш секілді шағын қала әрі біреуі еліміздегі моноқалалар құрамындағы Хромтау екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күні агломерация аумағында 600 мыңның төңірегінде халық тұрады. Бұл өңірдегі тұрғындар санының 72,5 пайызы деген сөз. Ақтөбе агломерациясының алдағы атқаратын іс-жоспарларын облыстық мәслихат депутаттары 2015 жылдың 7 тамызында бекіткен екен. Мұнда алты бағытты жүзеге асыруға басымдық беріліпті. Бүгінгі күні облыс әкімдігі агломерацияны дамытудың кең ауқымды жұмыстарын жүргізуде. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкіміне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына басқармалар мен департаменттердің басшылары және Ақтөбе қаласы мен агломерация аумағындағы аудандардың әкімдері енгізілген. Аталған жұмыс тобы өткен жылы Ақтөбе агломерациясы даму картасының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа жобасын жасақтапты.
Агломерация талаптары жағдайында халықтың саны ұдайы өсіп отыруға тиіс. Бұл жөнінде қандай болжамдар жасауға болады? Ұлттық экономика министрлігі мамандарының бұған дейінгі мәлімдеуіне қарағанда, түпкілікті жағдайда және болашақта Ақтөбе агломерациясының демографиялық даму индексі 1миллион 300 мың адамға жеткізілмек. Әрі Ақтөбе еліміздің басты көлік-логистика орталығының және металлургия, құрылыс салаларының бірі ретінде қарқынды түрде дамымақ. Мұнда агломерацияның әр тарапты әрі әр тармақты талаптарына сәйкес еліміздің тұтастай батыс өңірлеріне медициналық қызмет көрсететін орталық іске қосылмақ. Осы орайда жергілікті атқарушы органдарға жүктелген жауапкершілік жүгі де салмақты бола түспек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы