• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Сыртқы істер министрлігінің МӘЛІМДЕМЕСІ

241 рет
көрсетілді

Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындылары бойынша

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің

МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі үстіміздегі жылғы 23-24 қаңтарда өткен сириялық реттеу бойынша халықаралық кез­десудің қорытындыларын құптайды. Бұл келіссөздерді өткізу кепілдік беруші мемлекеттер Ресей, Түркия және Иранның күш-жігерлерінің арқасында БҰҰ және АҚШ-тың қатысуымен мүмкін болды. Қазақстан қазіргі Астана үдерісінің шеңберінде қол жеткі­зіл­ген уағдаластықтар сириялық дағдарысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәй­кес Женева үдерісі аясында саяси рет­теуге оң серпін береді деп санайды. Астана сириялық қақтығыстың тараптары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 (2016) қарарына сәйкес Сирияда атыс­ты тоқтату режімі бойынша өзде­ріне жүктеген міндеттемелерге берік болады деген үміт білдіреді. Қазақстан, білетіндеріңіздей, Астанада 2015 жылы бірқатар сирия­лық оппозициялық топтар арасында келіссөздердің екі раундын өткізді, сондай-ақ 2016 жылғы желтоқсанда Сирия халқына 500 тонна көлемінде ізгілік көмек жеткізді. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді шешу жолында барынша күш-жігер жұмсайтын болады және, бұл ретте, сириялық дағдарысты реттеу бойынша үдеріске өзінің үлесін қосуға дайын.