• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Ақсақалдар әлеуеті: оны қайтсек тиімді пайдаланамыз?

519 рет
көрсетілді

Біз – қарттардың әлеуетін ежелден тиімді пайдаланып, олардың ақылы мен даналығын, өмірлік тәжірибесі мен одан түйген ойларын өзіміздің пайдамызға ұтымдылықпен жара­тып келген халықпыз. Әрине, қарт­тардың бәрін терең ақылдың иесі дей алмаспыз, алайда, олардың өмірлік тәжірибесі көп қазынаның құлпын ашатыны анық. Бауыржан Момышұлының батыр ғана емес, өмірден түйгені мол, ақылман, философ адам болғанын білеміз. Ол қарттарды былай бөліп, классификация жасаған екен: «1. Шал – бала-шағасы мен әйеліне әмірін жүргізе алмай, көсеумен от сабалап, шала бықсып отыратын адам. 2. Қария – айтар сөзі ауылына өтімді кісі. 3. Ақсақал – аймақты аузына қаратқан абыройлы адам. 4. Абыз – халқының қамын ойлап қабырғасы қайысатын, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам» (К.Әмірбек., «Нарқасқа», ЕҚ., 02.10.13 ж.). Міне, осындағы абыздар сирек болады. Олардың ақылын тыңдап, айтарын есту үшін есті жастар кезінде айшылық алыс жерлерден ат арытып келеді екен. Ондайдың мысалын жүздеп келтіруге болады. Ал қазір ше... Қазір абыз деп танылған ақсақал бар ма? Бар, әрине. Жуырда Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров ағамыздан өңірлерге барған сапары туралы қысқаша сұхбат алған едік. Сонда сенатор Төле би ауданында кездескен 91 жастағы Құдайберген Оңғаров деген қарттың терең түйсігін, таным көкжиегінің кеңдігін көріп, қазіргі болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың қайда беттеп, қандай бағытта дамитынын біліктілікпен саралап, саясаттың қай бағытқа бет алса тиімді болмағын дәл болжап отырғанын өз аузынан естіп, таңырқағанын айтты. «Мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселелердің дұрыс бағамын дөп басып, әділетті шешімдердің қандай болуы керектігін нақты біліп отыр. Біздегі көптеген министрлер мұндай қариялардың білгенінің, терең ойларының оннан бірін де білмейді», деді сенатор. Бауыржан Момышұлының классификациясы бойынша алатын болсақ, абыздар бізде аз болғанымен, қариялар мен ақсақалдар, құдайға шүкір, көп. Бұрын әр ауылда болатын. Қазір ауылдарда азайып, балалары жұмыс істейтін аудан орталықтары мен қалалы жерлерге қоныс тепкен. Мұнда олардың ақыл кендерін пайдаланатындар сирек. Сондықтан, көбі томаға-тұйық, өз ойларымен, «ақылымен байып, зейнетімен қартайып» жүріп жатыр. Көп адам олардың сондай қасиеттерін де білмейді, аяқ асты етіп, көзге де ілмей кетіп жатады. Аудан орталықтары мен қалалардағы ардагерлер ұйымдарын негізінен кешегі күндері қызмет істеп, бастықтың қас-қабағын бағумен жетілген пысықай шалдар «жаулап» алған. Олардың көбінде өзіндік ой болмайды, олар тек бастыққа жағатын сөздерді ғана айта алады. Әкімдермен болған кездесулерде сондайлар шығып сөйлеп, өзекті мәселелерді емес, бастықты мақтап өзіне ұпай жинап жатады. Шараны ұйымдастырып жүрген қыз-келіншектерге: «Қалай, әкіміңді жақсылап мақтап бердім бе, ризасың ба?» деп сұрап жататын жағымпаз шалдарды да көрдік... Ақылман ақсақалдар мен қария­ларды қалай тауып, олардың білгені мен түйгенін кәдемізге қалай жаратамыз? Осы сұрақ ауыл, аудан және қала әкімдерінің үнемі назарында болуы керек. Мысалы, бір аудан орталығында осындай 3-4 адамның бар екенін білсе, әкім олармен қарттар кеңесін құрып, ақылдарын сұрап отырғаны жөн. Жоспарланған үлкен жобаны қолға аларда олардың пікірлерін білген дұрыс. Өмір тәжі­рибесі мол ақсақал жобаны қалай бастап, қалай жүргізу керектігін әкім­ге қарағанда, әлдеқайда терең біліп отыруы ықтимал және ақылын ешқан­дай ақысыз айтып береді. Сонымен қатар, ақылман ақсақал­ды әкім өзімен бірге мектептерге апа­рып, оқушылар ғана емес, ұстаздар­ға да олардың ақыл-кеңестерін тың­дат­қаны мақұл. Құқық қорғау жүйесі қызметкерлеріне де ақсақалдар­дың ақылды әңгімелерін бір мезгіл тың­датып отырған абзал. Олардың қатарына бас білмейтін асау сияқты өмір­­де мұға­лімдерінен басқа адамнан еш­­қашан дұрыс сөз естіп көрмеген, өмір­лік тәжі­ри­беден ой түюдің не екенін біл­мей­тін жастар да кіріп кетіп жатады. Сондайлар ақыл тыңдауға зәру. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Өмір көрген, мол тәжірибелі, ақыл-ойы терең адамдардың жастарға өз білгендерін айтып беруі бұрын да ұйымдастырылатын. Қазір де соны жаңғыртып, қолға алса, дұрыс болар еді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»