«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қатар мемлекеті ұлттық секциясының комиссары Ахмед Али Әл-Тамимимен кездесті. Басқосу барысында қос тарап Астанада өтетін халықаралық шараға қатысу келісімшартына қол қойды.
Жиында Ахметжан Есімов ұлттық компания өкілдері көрмеге қатысушыларға павильондар тапсыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқандығын атап өтті. Бүгінгі таңда халықаралық қатысушыларға 13 павильон тапсырылған. Олардың қатарындағы БАӘ мен Йордания сынды мемлекеттер павильондарының ішкі дизайнын әрлеу жұмыстарына кірісіп кетті.
Қатар мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі әрі көрме комиссары өз павильондарын көріп, атқарылған жұмыс сапасына ризашылығын білдірді. «Біз соңғы кездері жоғары деңгейлі көптеген шараларға қатысуға тырысамыз. Тіпті, 2012 жылғы Йосуда өткен ЭКСПО-да қола жүлдегер атандық. Сондықтан, көрме қонақтарын мейлінше таң қалдырамыз деген үміттеміз. Қатар павильоны үздіктердің қатарында болары анық. Ал мемлекетіміздің ұлттық күні өткенде елімізден жоғары лауызымды тұлғалар келетін болады», деді Ахмед Али Әл-Тамими.
Айта кету керек, Миланда ұйымдастырылған ЭКСПО-2016 көрмесінде қатарлық павильонға 2 миллионнан астам адам келген. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қатар павильонының ауданы 457 шаршы метр, ол БАӘ, Франция, Румыния және Словакиямен көршілес болады.
Дәл осы күні Әзербайжан мен Австрия мемлекеттеріне павильондары тапсырылды. Қазіргі күні 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым Астанадағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысатындығын ресми растады, оның 5-і – араб мемлекеттері.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»