• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2011

Әлеуметтік сауалдамалар әлеуеті

375 рет
көрсетілді

Кеше түнгі сағат 24:00 кезінде Ал­матыдағы Ұлттық баспасөз клу­бын­да Қазақстан әлеуметтанушылары мен саясаттанушыларының ассо­циа­циясы еxit-рoll әдісі бой­ын­ша респуб­ликаның барлық аймақ­та­рын­да жүр­гізілген әлеуметтік сауалда­ма­лар­ы­ның нәтижесін жариялады. Алдын ала ескерте кету керек. Бұл қорытынды нәтиже емес. Еліміздің оң­түс­тігі мен батыс аймақтарының ара­сын­да 1 сағат уақыт айырмашылығын ес­керсек, онда ӘмСА түн ор­та­сында жа­риялаған нәтижелер әлі де толыға тү­суі қажет. Сонымен, ӘмСА-ның жедел жа­рия­лаған мәліметтері мынадай. ӘмСа пре­зиденті Бақытжамал Бектұрғанованың мәлімдеуінше, Қазақстан бойынша ха­лықтың сайлауға қатысуы орта есеппен 84,9 пайызды құраған. – Президенттік сайлауда басым дау­ысты Нұрсұлтан Назарбаев иемденді – оған сауалдамаға жауап берушілердің жалпы санының 94,82 пайызы дауыс берді. Екінші орында – Патриоттар пар­тиясының көшбасшысы, сенатор Ғани Қасымов (2,17 пайыз). Одан кейін Қа­зақ­станның Коммунистік халықтық пар­тиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков (1,57 пайыз) болса, бұл тізімді «Та­би­ғат» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов аяқтап тұр. Оған еxit- рoll сауалдамасының нәтижесі бой­ын­ша сайлаушылардың 1,44 пайызы өз дау­ыстарын берді, – деді Бектұрғанова. Кеше, яғни 3 сәуірде ӘмСА-ның ар­найы сауалдама жүргізушілері таң­ғы сағат 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін сайлау учаскелерінің алдында тұр­ды. Сауалдамаға еліміздің 14 облы­сы­ның және Астана мен Алматы қала­ларының сайлаушылары тартылған. Бұл сауалдамаға қатыстырылғандар елі­міздегі бүкіл сайлау жасындағы бү­кіл ха­лықтың 1,2 пайызын құрайды. Яғни, барлығы шамамен 110 мың адам. Оның ішінде 75 пайызы – қала­лықтар, 25 пай­ызы – ауыл халқы. Қа­лалардағы сайлау учаскелерінің саны – 74, ауылдағысы – 28, – деді ӘмСА жетекшісі. Сауалдаманы өткізуге ӘмСА-ның аймақтық желісі қатыстырылған. Бұл – шамамен 700 адам. Барлық қызмет­кер­лер еxit-рoll әдістемесінің негізінде сай­лаушылармен жұмыс жүргізу тех­но­ло­гия­сы бойынша оқыту курсынан өт­кен. Және сауалдамаға қатысты жұ­мыстарға саяси партиялар мен қоғам­дық бір­лес­тіктердің өкілдері қатыс­ты­рылмаған. Еxit-рoll нәтижесі бойынша сайлауға ең белсенді қатысқан Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы – 98,7 пайыз. Ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласына тиесілі – 65,3 пайыз. Бұған кеше Алматыдағы аса қолайсыз ауа райының да кері әсері болғаны байқалады. Және 1 мыңға тарта адам сауал­да­ма­ға қатысудан бас тартқан. Сондықтан да Орталық сайлау комитеті мен ӘмСА көрсеткіші арасында айырмашылық бол­са, осыдан туындауы мүмкін. Бірақ, бұ­рын-соңды еxit-рoll тәжірибесінде дәл осындай қатысу болмаған. Толайым ал­ғанда, ел сайлауға белсенді қатысты деп есептеуге болады, – деді Бектұр­ға­нова. Баспасөз мәслихатында Б.Бектұр­ға­но­ва ханым бірнеше сайлау учаскесінде өздеріне жұмыс жасауға кедергі келтірілгенін атады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.