• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Сарайшықты қалай сақтап қаламыз?

1724 рет
көрсетілді

Араб жағрафтарының бірі әл-Макдиси Х ғасырдың өзінде «Ахсан ат-такасим фи-Марифат ал-акалим» атты еңбегінде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс жағында 200-ден астам қала болғанын жазыпты. Бұл батыс пен арқадағыларды есептемегенде. Италияның белгілі көпестері Пициганилер «Еділ өзенінен шығыста, Каспий теңізінің жағасында сегіз қала бар» десе, ғалым Б.Егоров 110 шаһар жайлы мәлімет қалдырған. Өкініштісі, солардың түгелге жуығы қазір топыраққа айналып кетті. Бүгінге жеткен бірлі-жарымының өзін сақтап қалуға құлықты емеспіз. Мысалы, Жайық жағасындағы Сарайшық қаласының орны тым аянышты халде.

Тарихи шегініс

«Талай туды төбесіне қадап, тағ­­дыр мен тарихты ішке бүк­кен шежірелі қала жайлы нақты де­ректер аз, – дейді Жа­ра­ты­л­ыс­тану ғылымдары ака­де­мия­сының академигі, өл­ке­та­нушы Өтепберген Әлімгереев. – Бұл шаһарды Алтын Орданың Кіші Сарайы, діни астанасы, тоғыз жол­дың торабындағы сауда қа­ла­сы ретінде ғана білеміз. Тіпті, елі­­міз тәуелсіздік алғанға дейін осын­дай  асыл мұрамыздың бар екеніне мән бермедік. Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың нақты қай жылы бой көтергені жайлы мәлімет те жоқ. Ең көне мәлімет 1334 жылы арабтың атақты жиһанкезі Ибн Батутаның Сарайшыққа келгенінде жазғаны болса керек, ол кезде қала керуен жолы бойындағы ірі сауда, діни орталық екен, іргесіндегі Ұлысу өзенінде үлкен жүзбелі көпір болыпты». Сарайшыққа алғаш болып зерттеу жүргізгендердің бірі белгілі археолог Әлкей Марғұлан еді. Ол 1950 жылы ескі ша­һардың орнына қазба жұмыстарын жүр­гі­зіп, нәтижесінде «Қала он екін­ші ғасырда салынған» деген қоры­тындыға келген. Кейін бұл пі­к­ір­ді республикалық археология институтының ғалымдары да растады. Азия мен Еуропаның түйіс­кен тұсында, Жайықтың Кас­пий теңізіне құяр сағасына жа­қын маңнан бой көтерген Сарай­шықтан сонау Қытай мен Үнді, Хорезм мен Иран, Қарақорымнан шыққан керуен өткен деседі. Ал Қазан мен Орынбор татарлары «Сарайшық Үлкен Сарайдың көшірмесі ретінде бой көтерді, онда қыпшақ хандары жаз бойы демалатын» деп жазған. Көшірме демекші, көне қала­ның макеті мен Мәскеудегі Қызыл алаңның ұқсастығы көп. «Хан ордалы Сарайшық» мемо­риалды кешенінің басшысы Молдаш Бердімұратов бір қызық дерек айтады.  «Бірде тікұшақпен Ресей елінің азаматтары келді. Оларға Қызыл алаң Сарайшықтың көшірмесі, тіпті бұл жайлы Саратов мұражайында мәлімет бар деп едім, сенбеді. Ұшып кеткен, бір уақытта қолдарында қағаз бар, ке­ліп тұр. Саратов қаласына ба­рып, менің айтқанымның дұ­рыс­тығына көз жеткізіп қай­тыпты», дейді ол. Молдаш Бердімұратовтың айтуынша, Сарайшық – киелі орындардың бірі. Бұл топырақта есім­дері елге жайылған 12 әулие мәңгілік тыныс тапқан. Кезін­де Сарайшықта жүзден астам хан билік етіпті. Жеті ханның сүйе­гі, бір ханның басы жатыр. 1999 жылы Иманғали Тас­ма­ғам­бетовтің бастамасымен мемо­риалды кешен салынып, хандар пантеоны ашылды. Оған Елбасының өзі келіп, ашылу салтанатына қатысты.  Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Шейх Мамай, Жүсіп хандарға арналып жеті құлпытас қойылды. Аңыздарда Едіге мен Ер Тарғын батырлардың да осында жерленгені жайлы айтылады. Сәні мен салтанаты жарасып, Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық 1580 жылы Дон, Еділ казактарының шапқыншылығы кезінде біржола қираған. Кейін бұл жерге Ресей патшалығы отаршылдық бекініс салды. Ол Қазан төңкерісіне дейін сақталып келді. Бүгінде көне қаланың орны об­лыс орталығынан елу ша­қы­рым жерде, Махамбет ауда­ны­ның аумағында ор­на­­ласқан. Соң­ғы жылдары профессор Зей­нолла Самашев бастаған ар­хе­о­ло­гиялық экспедиция көп жұ­мыс атқарды. Сарайшықтағы топырақ ас­тынан табылған құнды дү­ние­лер мен жәдігерлер ме­мо­риалдық кешен жанындағы мұра­жайда және  облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған. Музей маманы Кәмшат Елеуова Сарай­шық қаласының тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады дейді, яғни Х-ХІ ғасыр ірге тасы­ның қалану кезеңі, ХІІІ-XIV ға­сыр гүлдену кезеңі, XV-XVI ғасыр құлдырау кезеңі. Бұл қала­да көптеген шеберханалар, тең­ге­ханалар жұмыс істеген. Қаз­ба жұмыстары нәтижесінде та­был­ған жәдігерлердің арасында сфероконус деп аталатын қыш­тан жасалған ыдыстар бар, кейбір деректерде онда дәрі сақталды десе, енді бірінде ішіне парфюмерия құйылған деседі. Мұражайдың аса құнды жәдігерлерінің бірі –  сұр түсті қыш құмыра. Сарайшық қаласынан үш метр тереңдіктен табылған. Құмыраның бір ерекшелігі, бүйірін анықтап қарасаңыз, ортазиялық түркі әдеби тілінде Жүсіп Баласағұнның «Кісі көркі жүз, бұл жүз көркі көз, бұл ауыз көркі тіл, бұл тіл көркі сөз, тағы кісіге көрік білім мен өнер, біліктілікке әркім жанын пида етуі тиіс» деген қанатты сөздері жазылған. Ортаңғы бүйірінде «Бұл құмыраның ішіне көз жасын құяр болар» деген сөз бар.  Ол зерттеушілердің пайымдауынша, осы құмыраны жасаған шебердің мұң-шері болуы мүмкін.

Бүгінгі ахуал

«Сарайшықты Жайық суы шайып барады» деп өткен ғасырдың 50-ші жылдары академик Әлкей Марғұлан дабыл қаққан еді. Арада қанша уақыт өтсе де, өзгергенді көз көрмеді.  Өзен суы 1940 жылдардан бастап қалыпты арнасынан ауытқыды. Тарихи орынға кешенді зерттеу жүргізілмеуі, сол баяғы немқұрайлылық пен немкеттілік ақыры бабалар көзі саналатын қасиетті орынның 70 пайызға жуығының су астында қалып, жойылуына әкелді. Әлі де болса Алтын Орда дәуірінің екінші, Қазақ елі мен Ноғай хандығының алғашқы астанасы,  Алтын Орда, қазақ хандарының пантеоны болған тарихи орынның көз алдымызда құрып кетпеуіне жол бермеуіміз керек. Қазір Жайық өзенінің суы шайып, ескі қаланың қоршауы құлап жатыр. Құлама жардың әр жерінен адам сүйектері көрінеді. Мемлекет қорғауындағы нысан­ның бұдан өзге де мәселелері бар. Осы жерді көзінің қарашы­ғын­­­дай сақтап, бабалар амана­тына адалдық танытып жүр­ген Молдаш Бердімұратов алда­ғы күн­дерден үміт күтеді, «Сарай­шық жер бетінен жойылып кет­пеуі тиіс», – дейді ол. Бұл мәселені көтергендегі мақсатымыз да осы – қалған аумағын сақтап, қорғау мәселесі шешімін тапса дейміз. Кешен басшысы Молдаш Бердімұратов «Болашаққа сенімсіз қарауға болмайды», деп жақсы әңгіменің шетін шығарды. – Қазба жұмыстары жүр­гі­зіл­ген қала орны суға кетіп жатты. Құзырлы орындарға айтылды, жазылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен биыл осы мақсатқа қазынадан қаржы қаралды. Қазір жағаны бекіту жұмысы жүріп жатыр. Бағаналар қа­ғылып, қажетті материалдар алын­ды. Көктемгі өр суы келген­ше біз де жұмысымызды аяқ­таймыз, – дейді ол. Солай бол­са игі.

Болашаққа бағдар

Сарайшықтың тарихын бүгінмен бітірмей, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу ісінде әйтеуір қарекетсіз емес екеніміз көңілге жұбаныш. Мысалы, тарихи фильм түсіру жоспарда бар. Айына 700-дей керуен келген қала сол кездің өзінде туристік орталық саналған. Бұл үрдісті бүгінмен де байланыстырған жөн. Сарайшық біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс. Атырау аймағы – шетелдік және отандық саяхатшылар үшін тартымды өлке. Әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесінің қар­са­ңында туризм саласын да­мы­тудың маңызы зор. Об­лыс­тық кәсіпкерлік және инду­стрия­лық-инновациялық даму бас­қар­масының бөлім басшысы Рүс­тем Егізбаев та бұл сөзімізді қуат­тайды. Оның айтуынша, мұнайлы аймақта туризм сала­сына инвестиция құюға мүдде­лілер қатары артып келеді екен. Қазір өңірде 8 туристік база бар. Ал нақты жоспарларға келер болсақ, алдағы жылдары «Орта­ға­сырлық Сарайшық» жобасын жү­зеге асыру көзделіп отыр. Бірегей, қызықты, тарихи нысан ескі қаланың орнында бой көтеретін болады.  

...тағы да

Сарайшықты айтқанда, ұмы­тыл­мауы тиіс тағы бір жайт бар. Ол – күні кешеге дей­ін ес­ке­ру­сіз қалып келген, Сарай­шық­ пен көне Үргеніштің арасы­на сара жол салған Ұлы Жі­бек жолының бойындағы Тас­ке­шу керуен сарайы. Бұл орта­ға­­сырлық ескерткіш Алтын Ор­­да мемлекетіне тиесілі және бір ерекшелігі тұтастай қыш кірпіштен тұрғызылған. Ел­ба­сы тапсырмасымен қолға алы­нған «Мәдени мұра» бағ­дар­­ламасының аясында ғана сең жүріп, сарайдың жартысы топырақ астынан аршылып алы­н­- ­ды. Мақат, Қызылқоға, Жылы­ой аудандарының шекара­лас қиылысында орналасқан Тас­кешу – Сарайшық қаласынан шы­ғатын Ноғай жолы бойын­да­ғы алғашқы керуен сарай. Кезінде көпестер мен дәулетті сая­хатшыларға қонақүй ре­тін­де салынған бұл мекен Сағыз өзенінен өтетін өткелді қам­та­масыз етіп, керуен сарай хабар­шы­­ларының атын ауыстыратын пош­та бекеті де болыпты. Ар­хе­о­лог Марат Қасенов қазба жұ­­мыстары кезінде көп жәдігер та­­былғанын айтады. Облыс орталығынан он ша­қырым ғана қашықтықта орна­лас­қан тағы бір ескі қала Ақтөбе-Лаэ­ти деп аталады. Оны алғаш рет өткен ғасырдың  60-шы жылдары мұнайшы-геолог Сапар Қарымсақов пен өлке­та­нушы ғалым Вячеслав Афанасьев анықтаған. Тарихта «ше­берлер қалашығы» деген ұғыммен белгілі Ақтөбе-Лаэ­тиді XIV ғасырдың аяғында Те­мір­дің әскері қиратып кеткен. Бір кездері Каспий теңізі мен Жайық өзені деңгейінің көте­рі­луі салдарынан су астында қал­ған қалашық өткен ғасырдың 50-жылдары жер бетіне қайта шық­қан еді. Тоқсаныншы жыл­дары зерттеу жұмыстары тоқ­тап қалды. Соңғы кезде ғана атыраулық археологтар назар ауда- рып, қазба жасады. Өкініштісі, мемлекет қорғауына алынғаны­на қарамастан, қалашықтың тұтас­тай бір бөлігі телестанса салу кезінде қиратылған. Ал ғасырлар ғаламатын қой­науы­на бүгіп жатқан ескі қала жанында қазір «Жұлдыз» деген жаңа шағын аудан бой кө­те­ріп, жергілікті халық жарыса үй салып жатыр. Бабалар мұ­ра­с­ына салғырт қарамай, ең бол­маса көзге көрініп тұрған же­рін аспан асты мұражайы мен архе­оло­гиялық базаға айнал­дыр­сақ, кә­не? Заман бір көшкен жел. Шың­ғысханның ұрпағы Бату хан сә­ні мен салтанатына қызығып, Ақсақ Темір қиратуға қимаған Сарайшықты, көненің көзі бол­ған Ақтөбе-Лаэти мен Таскешуді бүгінгі күн талабына сай ұтымды пайдалануға болар еді. Аспанмен таласқан тауы, сылдырай аққан бұлағы жоқ Атыраудың алыс-жақыннан бетке алған меймандарының алдында мейманасы тасып, мақтана көрсетердей қасиетті орындары жоқ емес, бар, тек соны ұқсата алмай жүргеніміз болмаса... Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы