Елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Жемқорлыққа қарсы қоғамдық пікір, халықтың ойын қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың рөлі» тақырыбында форум өтті. Жемқорлықпен күресте қоғам мен қоғамдық ұйымдардың, ақпарат құралдарының рөлін күшейту арқылы халықтың санасына әсер етуді мақсат еткен жиынға құқық қорғаушылар қауымы, БАҚ өкілдері мен ҮЕҰ жетекшілері қатысты.
Сондай-ақ, форум жұмысына Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов те қатысып, сөз сөйледі. Сыбайлас жемқорлық – халықты қанау, кәсібилікті құнсыздандыру, адал еңбекті қорлау болып табылатындығын баса айтқан ол, түптен келгенде, пара болып келетін қаржының барлығы қарапайым еңбек адамының – шаруа мен жұмысшының, мұғалім мен дәрігердің ақ адал маңдай тері желініп, ұрлануынан түсетіндігіне тоқталды.
«Қазір мемлекеттік органдар тарапынан шаралар қолданылуда. Ірі лауазым иелеріне қатысты істер қозғалуда. Бірақ жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігіне қатысты қоғамдық пікірде әзірге сең қозғала қоймады. Қоғамның мемлекеттік органдардың тазалығы мен адалдығына сенім деңгейі әлі де болса төмен. Бұл өз кезегінде тұрақты дамуымыз бен мемлекеттігімізге қатер. Жемқорлыққа қарсы тұру ортақ азаматтық парызымыз болуы тиіс», – деп атап өтті Ә.Байменов.
Алқалы кеңесте сыбайлас жемқорлықпен күрес билік қана емес, оған барлық азаматтар атсалысқанда ғана нәтижелі болатындығы баяндалды. Сонымен қатар, қоғамдық ағарту жұмыстары, мәселен, адал мемлекеттік қызметкерлер мен пара бермейтін кәсіпкерлерді дәріптейтін акциялар ұйымдастыру, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау қажеттігі де сөз болды.
Ашық пікір алмасу пішімінде өрбіген жиында Ә.Байменов мемлекеттік инвестиция, мемлекеттік тапсырыспен қатар, қоғамдық игіліктерді бөлу, пәтер кезегін немесе жер телімдерін беру ісі әлі де ашықтық пен жариялылықты қажет ететінін алға тартты.
Айта кетейік, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, халықаралық сарапшылардың қатысуымен мемлекеттік органдардың баспасөз қызметшілері мен журналистердің біліктіліктерін арттыратын семинарлар ұйымдастыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, ақпан айында Грузияда өтетін Хабтың семинарына мемлекеттік қызметшілермен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық өкілдері де қатыстырылады деп жоспарланған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»