• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Жолдау жауапкершілігі жүктелді

335 рет
көрсетілді

Үкімет Елбасының биылғы Жол­дауын жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Министр­ліктер өздеріне тиесілі мін­деттерді бөлісіп, тиісті тапсыр­маларын алды.   Кеше Премьер-Министр Бақыт­­жан Сағын­таевтың төраға­лы­ғымен өткен Үкімет отыры­­сында Жолдаудағы тапсырма­лар жайы тал­қыланды. Б.Сағын­таев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет алдына Қазақ­станның үшінші жаңғыр­тылуын жүргізу туралы міндет қой­ғанын атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыратын эконо­ми­калық өсімнің жаңа үлгісін құру қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда экономи­ка­ның жеделдетілген технологиялық жаңғыр­тылуына басымдық беріп, цифрлық тех­но­ло­гияны қолдану арқылы құры­латын жаңа индус­трияларды өр­кен­дету қажеттiгiн атап өткен болатын. Осыған орай, Үкімет­ке «Цифр­лық Қазақстан» жеке бағ­дарламасын әзірлеуді және қабыл­дауды тапсырды. Премьер-Министр Ақпарат және коммуни­ка­циялар министрлiгi­нiң алдына мүдделi мемлекеттiк органдармен бiр­лесiп осы бағдарламаны дайын­дау мiндетiн қойды. «Инновацияларды қолдап, олар­­ды жедел өндiрiске ен­гi­зу ма­ңызды. Сондықтан ЭКСПО-2017 нысандарының бірі­­нің базасын­да IT-стартаптар ха­лық­­ара­­лық технопаркін құру керек. Осы­ған орай Ақпарат және ком­му­ни­кациялар, Ұлттық экономика, Қаржы министрлiктерiне мүд­­делi мемлекеттiк органдармен бiрге технопарк құру және са­лық жеңілдіктері, оңайлатылған виза мен еңбек режімi түрiнде заң­­на­­малық қолдау көрсетудi пысық­тауды тапсырамын», дедi Үкімет басшысы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министр­лігіне ЖОО-лар, Назарбаев Универ­ситет­тің Астана Бизнес Кампусы және «Алатау» ақ­параттық технологиялар паркі базасында отан­­дық ғылыми және инновациялық әлеуетті дамы­ту бойынша қажетті шараларды қолға алу тапсырылды. Жаңа индустриялар құру­мен қатар дәстүрлі базалық сала­лар­ды дамытуға серпін беру керек. Осыған орай жауапты ми­нистр­лiктер 2025 жылға дейiн негiз­гi салаларды технологиялық тұрғы­­дан қайта жарақтандыру бойынша кешендi шаралар әзiрлейдi. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту мін­деті тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жан­дан­дыру үшін экспортты дамы­ту мен ілгерілету те­тік­­терін бір ве­дом­ствоға шоғырландыру қажет. «Инвестициялар және даму министрлiгiне экспорт саясаты жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныстар енгiзудi тапсырамын. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін бірыңғай экспорт стратегиясын қабылдау керек», деді Премьер-Министр. Бұл жұмыстарды үйлестіруді өзінің орынбасары Асқар Маминге тапсырды. Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейiн ин­вес­тициялық стратегия қабылданады. Сонымен бiрге, Үкімет басшысы Энергетика министрлiгiне жыл соңына дейiн жаңа жер қойнауы кодексiн қабылдауды қамтамасыз етудi тапсырды. Президент Жолдауында құры­лыс сек­торын дамыту қажеттігін алға тартты. Бұл ретте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын толық­қанды іске асыруды бастау керек. Еңбек нарығын жаңғырту аса маңызды. Үкі­мет басшысы осыған байланысты да тиісті орган­дарға тапсырма жүктеді. «Жаңа технологиялардың енгізілуі­не бай­ланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурс­тары босап қалатын болады. Бұл жерде жүйе құраушы кәсiпорындармен ынты­мақтастықты қарастыру керек. Әкiмдiктер ірі кәсіпорын­дармен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі қажет. Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi әкiмдiктер­мен бiрге жұмыспен қамту орталықтарын рефор­малап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекен­дерде бірыңғай онлайн плат­форма қалыптастыруды қол­ға алуы керек», дедi Үкiмет басшысы. Президент Жолдауында сон­дай-ақ, бизнес-ортаны түбегей­лі жақсарту және кеңейту жайы айтылған болатын. Осыған орай, Үкімет пен әкімдер 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлейдi. Премьер-Министр кен-метал­лургия және мұнай-газ кешенін одан әрі дамыту үшін отандық өнімді жеткізу географиясын кеңей­тіп, геологиялық барлау жұ­мыс­тарын белсенді дамыту қажет екенін айтты. Осыған орай, Энер­гетика министрлігіне жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамасына қажетті түзетулер енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, отандық ауыл шаруа­шылығы ел экономи­касы­ның негізгі күшіне айналуы тиіс екенін айтып өтті. «Біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орны­мызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі эко­логиялық таза өніммен байланыс­тырылуы керек. Бүгінде біз субси­дия­ларды бөлу мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып кооператив құрудың, сонымен қатар, еңбек өнімділігін аттырудың жаңа қағи­далары бойынша тәсілдерді әзірледік. Барлық міндеттер кешені АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясын­да іске асырылуы тиіс», деді Б.Сағынтаев. Бұдан өзге, Премьер-Министр Мемлекет басшысының жаңа еур­азия­­лық логистикалық инфра­құры­­лымды дамыту туралы мін­дет қойғанын айтты. «Бұл үшін біз жүк тасымалына еркіндік беріп, Азия мен Еуропа арасында құр­лық­аралық хаб болуға мүмкіндік беретін, көлік дәліздерін құрып, оларды жаңғыртуымыз қажет. Нәтижесінде біз 2020 жылға қарай контейнерлік жүктер үшін транзиттік тасымал көлемінің көр­сеткіштерін жеті есеге, жолау­шылар тасымалының көлемін төрт есеге арттыруымыз керек», деді Б.Сағынтаев. Осы орайда, Инвестициялар және даму, Сыртқы істер, Ұлттық экономика министр­ліктеріне алға қойылған міндеттердің шешімін табуға байланысты қажетті шара­ларды қабылдауға тапсырма берілді. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағын­таев «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде тран­сформациялау, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін қайта құру, елiмiздiң қаржы секторын жаңғырту мен қор нарығын одан әрі дамыту бо­йынша тиiстi тұлғаларға мiн­деттер жүктедi. «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Бiлiм министрлiгiне бiлiм сапасын, әсiресе ауылда жақсарту бойын­ша ұсыныстар дайындауды тапсы­рамын. Президент ағылшын тiлiн кезең-кезеңiмен енгiзу мiндетiн қойды. Елбасының тапсырмасы бойынша тегiн кәсіптік-техни­калық білім беру жобасы іске асырыла бастайды. Жоғары бiлiм саласында да маңызды мiндеттер тұр», дедi Үкiмет басшысы. Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi 1 шiлдеден зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемін 20 пайызға өсірудi қамтамасыз етуi тиiс. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көр­сету шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына дейін артады. Ал бесінші басымдық – инс­титуттық өзгерістерге, қауіп­сіздікке және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күреске қатысты. Осы ретте Үкімет басшысы Iшкi iстер министріне нақты тапсырма берді. «Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжіри­белері мен ұсынымдарын имп­ле­ментациялау жұмысын қам­тамасыз етуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс басталды және әр министр жоспарланған нәтижеге қол жеткiзуi тиiс. Екінші, жекемен­шікті қорғауға, заң үстемдігіне және баршаның заң алдында тең­дігін қамтамасыз етуге байланыс­ты. Әдiлет министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе тиiстi жұмыстарды жүргiзуi керек. Терроризммен күрестi нығайтуды заңнамалық қамтамасыз етудi жалғастыру керек. Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiне дiни экстремизмдi насихаттаудың алдын алу бойынша шараларды қолға алып, қоғамда түсiндiру жұмыстарын жүргiзудi тапсыра­мын. Түрмелерде теологиялық оңалту қызметтерiнiң жұмысын ұйымдастыру керек», дедi Бақытжан Сағын­таев. «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру мен сы­байлас жемқор­лық деңгейін төмен­дету бойынша да тиiстi тап­сырмалар берiлдi. «Елбасы бiздiң алдымызға Қазақстанды үшiншi жаңғырту­дың жаһандық деңгейдегi мақсат-мiндетiн айқындап берiп отыр. Оның iшiнде Үкiмет­ке «Қазақстанның ұлттық тех­нологиялық бастамасы» деп атала­тын 2025 жылға дейiнгi стра­те­гиялық даму жоспарын дайын­дауды тапсырды. Ұлт­тық экономика министрлiгi жос­парды дайындау жұмысына дереу кiрiсуi қажет. Сондай-ақ, Пре­зи­денттiң әрбiр тапсырмасының мерзiмдерiн, оған жауап­ты лауа­зымды тұлғаларды белгiлеп, Жол­­даудың дер кезiнде орын­далуын қатаң бақылауға алу керек. Ал Жалпыұлттық жоспар­ды 7 ақпан күнгi Үкiмет отырысында талқылап, қабылдауымыз қажет», дедi Б.Сағынтаев. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»