Кеше Астанада «Рамада Плаза» қонақ үйінде Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс президент сайлауын бақылау жөніндегі қоғамдық комиссия бірлестігі мүшелері журналистермен өз мәлімдемелерін баян ету мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді. Оны аталған бірлестіктің тең төрағасы Нұрлан Ерімбетов жүргізіп отырды.
Еліміздің танымал қоғам қайраткерлерінің бастамасымен құрылған бұл қоғамдық комиссия өзінің басты мақсатын кезектен тыс президент сайлауына объективті баға беру мен оның әділ, ашық, еркін түрде өтуіне ықпал ету деп түсіндірді. «Біздің бұл жауапты міндетіміз өз деңгейінде атқарылды деп мәлімдейміз. Әуелден комиссия қызметінің басты принципі ретінде бекітілген заң аясында комиссия мүшелерінің қандай да бір партияға қатыссыздығы және билікпен қарым-қатынасының болмауы нақтыланды. Мұның бәрі өткен сайлау науқанын шынайы бағалауға мүмкіндік берді», дейді Н.Ерімбетов. Комиссия мүшелерінің мәлімдемесіне сүйенсек, жалпы алғанда, бұл сайлау Қазақстан заңнамасының талаптарына және мойындалған демократиялық стандарттарға сәйкес өткен. Мемлекеттік өкілетті органдар барлық кандидаттар үшін тең жағдай мен қолданыстағы заңнаманы сақтауды, сонымен қатар оларға бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етуді, сайлауды әділетті және ашық өткізуді қамтамасыз еткен. Белгілі болған басты нәрсе қоғамның ұйысуы мен ұлттық бірліктің жаңа деңгейге көтеріліп, азаматтардың электоралды және құқықтық мәдениетінің өскендігі. Бұған аталмыш комиссияның алдын-ала анықтаған дерегіне сәйкес, жалпы сайлаушылардың 91,3 пайызды құрауы анық дәлел.
Қоғамдық комиссияның қызметі – ашықтық ұстанымын қамтамасыз етіп, Орталық сайлау комиссиясымен, Азаматтық институт және халықаралық ұйымдармен сайлау процесіндегі бұзушылықтардың алдын алу және сақтандыру бойынша бірлесе жұмыс істеуге бағытталған. Бұл комиссия сонымен бірге, сайлау процестерінің халықаралық стандарттарға сәйкес өтуіне ықпал етуге де барын салғаны мәлімдемеде көрсетілген. Комиссия жұмысының кең ауқымда өтуіне елімізде қалыптасып келе жатқан жастардың ерікті қозғалыстары да ықпал еткен.
– Қоғамдық бақылауды іске асыру мақсатында бірлестік 5890 ерікті байқаушыларды даярлықтан өткізді. Олардың басым бөлігі студент жастар. Сондықтан біз сайлау учаскелерінің 60 пайызын бақылаумен қамтыдық. Бұл науқан Қазақстан қоғамын демократияландыруда маңызды орынға ие болып, шешім қабылдауда да еркіндікті қамтамасыз етті. Ол өз кезегінде қоғамдық-саяси институттарға сенім орнағанын көрсетеді. Біз барлық еріктілер мен демеушілерге азаматтық қоғам институттарына, әсіресе, шетелдік байқаушыларға өзімізді белсенді қолдағаны үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, дейді жиынға қатысқан комиссия мүшелері.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.