• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2011

Халқының қадірлісі

441 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміз тағы бір айшықты тарихи белестен әдемі өтті. Бұл 3 сәуір күні болған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы. Халық ел президенттігінен үміткерлердің арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап, бұл жолы да Көшбасшымен бірге көшіміздің көлікті де көрік­ті болатынын айқын аңғартты. Бұған ешкімнің де кү­мәні жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақыттың ішінде өзін әлемге танытты. Экономикалық ілгерілеу мен саяси тұрақтылықтың, демократиялық даму­дың үл­гі­­сін көрсеткен Қазақстан халықаралық игі істердің бас­тамашысы болып келе жатқаны да белгілі. Мұның өзі еліміздегі бірлік пен ынтымақтың, достық пен татулықтың арқасы. Біздің осындай бірегей бірлігіміздің негізгі дем берушісі Нұрсұлтан Әбішұлы екенін қазақстандықтар жақсы біледі. Соның айқын айғағы, күні кеше ғана өткен президенттік сайлауда Елбасының өзгелерден қара үзіп келуі дер едім. Халқының қамын жеген азаматқа халқы да зор сенім артты. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде саяси науқан­ның басы-қасында жүргендіктен, облыста бұл сайлаудың қалай өткенінен толық хабардармын десем, артық айтқандық болмас. Азаматтардың ұлт Көшбасшысына деген ықыласы ерекше екенін өз көзімізбен көріп, көкірегімізді мақтаныш сезімі билегені шындық. Сайлау учаскелеріне асыққан жұрттың көтеріңкі көңілінің өзі неге тұрады. Болашақтың іргесін бірге қалауға ұмтылған еліміздің бүгінгі шыққан биігі тек қана Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, саяси көрегендігі, экономикалық дамудың қазақстандық үлгісін таңдай білуінің нәтижесі екені сөзсіз. Тәуелсіз 20 жыл ішінде Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстар бірліктің мәні мен маңызын бекем түсінді. Қиын­дық­тарды бірлесіп жеңіп, бірігіп еңсердік. Тарих үшін аз ғана уақыт ішінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемге танылды. Біз осы жылдарда демократияның, игіліктің не екенін түсіне бас­тадық. Осының бәріне Нұрсұлтан Әбішұлының ілгерілеуге бастаған ізгілікті істері мен баянды бастамашылдығы берік негіз қалағаны қалың жұрттың қаперіне әлдеқашан ұялап үлгергеніне бұл жолы да куә болып отырмыз. Кезінде Ел­басының өзі «Еліміздің экономикалық дамуының локомотиві» деп атап өткен Ақтөбе облысының жұртшылығы осы сайлауда айрықша азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Облыс аумағында сайлау демократиялық қағидаттарға сәй­кес, Конс­титуциялық талаптар сақтала отырып, асқан ұйым­шылдықпен өтті. Халық бірауыздан Нұрсұлтан Назар­баев­тың ел тізгінін ұстауға лайық тұлға екенін қалтқысыз таны­ды. ЕҚЫҰ мен ТМД елдері байқаушылары халықтың аза­мат­тық белсенділігін өз көздерімен көріп, таң қалды. Бұл Ел­басының қара­пайым халық арасындағы беделі мен құр­меттілігінің көрінісі екені сөзсіз. Облыста сайлаудың өту ба­рысында байқаушылар тарапынан бірде-бір ескерту болған жоқ. Халық ел президентін сайлауға мерекедегідей көңіл күйде қатысты. Сондықтан да сайлаушылар өз таңдауларын ерте білдіруге асықты. Әсіресе, ел ертеңі жастардың саяси белсенділігі шетелдік байқаушылардың өзін тәнті етті. Мұны халықтың Елбасына деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігі деу орынды. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, облыс сайлау­шы­ларының 95,1 проценті өздерінің азаматтық парызын өтесе, соның 98, 0 проценті Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс берді. Халқының қалтқысыз сеніміне ие болған Елбасының жеңісі бірлігіміз бен өзара түсіністігіміздің, адами қасиет­теріміз арқау болған тұтастығымыз бен тұрақтылығы­мыз­дың ж­емісі. Қазақстандықтар елін сүйер ер болса, ерін қадір­лей­тін елі бар екенін айдай әлемге паш етті. Осындай өрке­ниет­тілік өрістері арқылы еліміздің әлемдік деңгейдегі бедел-биігі тағы бір сатыға көтеріліп қалғаны да шындық. Мұның өзі қазақстандықтардың ұлттық ұйысу мен ізгілікке ұмтылу­шы­лығының айшықты көрінісі ретінде де тарихқа алтын әріппен жазылатыны хақ. Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін дұрыс таңдау жасаған халқымыздың болашағы жар­қын, алар асуы биік боларына сенім мол. Себебі, тарих сах­насына тәуелсіз Қазақ мемлекетін алып шыққан асыл азаматымыз, ұлтымыздың Көшбасшысы өзі бастаған іргелі істерді бұдан былай да жүзеге асыруға, Қазақстанның әлем елдері арасындағы беделін биіктете беруге мүмкіндік алды. Ал біз білетін Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі мен ісінде ешқашан алшақтық болған емес. Сондықтан да елі Елбасына сенді, онымен бірге ертеңіміздің іргесін бірге қалауға жұмылады. Еліміздегі оң өзгерістер мен серпінді дамудың бүгінгі қарқыны әр қазақстандықтың игілігіне қызмет етіп жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Сайлау додасында жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тарихи табысты жолды табандылықпен жалғастыратынына сенім мол. Бүгінгі жеңіс соның айқын дәлелі болмақ. Жұмабек КУКАНОВ, «Әлия жолдары» ЖШС директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты.