Халқымызда «Жақсы ат – желіктіреді, жаман ат зеріктіреді», деген тәмсіл бар. Оған әркезде болатын ат бәйгесінде көз жеткізіп жүрміз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен әз Наурыз мейрамы құрметіне Талдықорған қаласындағы өткен жарысқа алыс пен намысқа шабатын сәйгүліктер қатысып, мерей өсірді.
Қаланың батысындағы атшабар алаңына жиналған халық алдында облыс әкімі Серік Үмбетов сөйлеп, тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің өткен жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Шабандоздарға сәттілік тіледі. Еліміздің Әнұранының асқақ рухы әр көңілді көкке көтерді.
Бұдан соң жарыс жолына жеті шақырымдық қашықтыққа шабатын құнандар шықты. Айналым сайын бағы мен бабы жарасқан Жамбыл ауданының «Қарақұсы» алдына қара салмай, мәреге дара жетті. Осылайша құнанның құлағында ойнаған қара бала сәйгүлік иесіне қуаныш сыйлады. Жүлделі екінші орын қызылордалық «Ботакөз» атты жүйріктің еншісіне тисе, Жамбыл облысының тұлпары үшінші орынды місе тұтты. Шабандоздарға автокөлік кілттері тапсырылып, мерейлері өсті.
Жарыс жолына шыққан топ бәйгеге аты айтқандай, отыздан астам жүйрік қатысты. Ауыздығымен алысып, қарсыластарын қапы қалдырған Кербұлақ ауданынан келген Ақылбай Ақберлиновтің «Байсұңқары» иесіне «Жигулидің» кілтін әперді. Кейінгі орындарды Жамбыл облысы мен Қарасай ауданының жүйріктері бөлісті.
Жалпы соңғы жылдары жорға жарысына қатысатын төрт түлік төрелерінің қатары өсу үстінде. Төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғалар арасында Жамбыл ауданының «Баяны» бас жүлдеге, талғарлық «Ландыш» екінші, Сарқан ауданының жорғасы үшінші орынға көтеріліп, шабандоз бен иелерінің абыройын асқақтатты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.