Кеңістікті интернет арқылы игеру қандай ғажап десеңізші. Мені іздесеңіз – «өз әлемімнен» табасыз. Интернеттегі менің «өз әлемім» қызықты, су жаңа, көңіл көтеретін жаңалықтарға, түрлі-түсті суреттерге, видеожазбаларға толы. Жұмысыма келген бетте шұғыл шаруаларымды тезірек бітіріп, өз әлеміме тездетіп кіруге асығам. Онда мені қандай қызықтар күтіп тұрғанын елестетіп көрсеңіз ғой. Оның ішінде қандайы жоқ дейсіз? Не іздесеңіз бәрі табылады. Тек іздей білу керек. Интернет өмірімізге енген тұстан бастап мен бұл пәлекеттің тілін меңгеріп алғаным сонша, керек нәрсемді көзімді жұмып отырып тауып алам. Табылған соң, оның проблемасы шешілді дей беріңіз, жата-жастана көрмесем де, тұқшиып отырып, компьютердің экранына үңілем ғой. Кей кездерде кино да көргім келеді. Сосын еш қымсынбастан кино да көре берем, қызметтестер компьютерімнің жанына жақындап, бірдеңе сұрай бастаса, киноны «қайырып» қоя салу онша қиын емес. Оның үстіне зымырап бара жатқан уақыт мен кино көрмесем де аялдайтын түрі жоқ сияқты.
Заманның да, қоғамның да тыныштығы мен сияқты жайбасар, жалқау, қағазбен жұмыс істегенді дәреже көріп, оның ауырлығына анда-санда шағынып қойып, іс жүзінде «өз әлемінде» өмір сүретіндерге өте ыңғайлы болып тұр. Мен жұмыс істейтін мекемеде басшыларды қоспағанда тағы да жиырма шақты қыз-жігіт бар. Біз бір-бірімізді ұнатпаймыз. «Не үшін?» дегенді ойлап бас қатырып, оларға жуысуға, әңгімесін тыңдап, ой бөлісуге ешқашан ынтыққан емеспін. Олар да маған жуымайды. Жалпы, біздің мекемеде бір-бірімен «до-ос» болып жүрген адам көрмейсіз. Бір-екі құрбы қолтықтасып алса, ол әншейін көз алдау екеніне күмәніңіз болмасын. Өйткені, олар былай шыға бере-ақ бір-бірінің сыбағасын береді. Талай рет куә болғам. Сосын ешкімге сенбеймін. Әсіресе біздің мекемедегілерге. Бір түсінбейтінім – олар өзара қырғи-қабақ болғанымен, айқайласып, бет жыртысып, тіпті кетісердей сөз айтып та жатпайды. Кімнің-кімді жақтырмайтыны да түсініксіз. Бір қарағанда, жұмыста неше түрлі «корпоративкалар» ұйымдастырылып, би биленіп, ән айтылып, оған қоса талай әдемі тілектер өз иелерін тауып жатады. Жиналып түстік ішетін де кездеріміз аз емес. Бірақ, бір-бірімізді ұнатпаймыз. Бұл сезім ішкі түйсік арқылы әрқайсысымызға беріледі. Кейбіреуіміздің оқуды бітіргенімізге оншақты жыл енді болғанымен, үнсіздік қуатындағы мол тылсым айқын әсер етіп, бір-бірімізге жуымайтынымыз таң қаларлық, әрине. Десе де мен осы үнсіздіктен қорқам. Осы үнсіздіктің құшағындағы адам болмысының әлсіздігінен тайсалам. Әлсіз адам неше түрлі сұмдыққа барады емес пе... Әйтсе де, әлгінде айтқандай, үнсіздікті бұзған әлі ешкім жоқ. Оның себебі – интернетте ме деймін. Өйткені, бәріміз осы компьютерге шұқшиып отырамыз. Сырттан қараған адам жұмыс істеп, басы қатып отыр деп ойлайды. Олай емес. Әркім «өз әлемінде» отырады. Одан жалықпаймыз да. Жұмыстағы бір-бірімен жуыспайтын адамдардың интернетте досы көп. Мәселен, менің де өз басыма жететін достарым интернеттің ішіне кіріп кеткен... Кейбіреулерімен бір мектепте оқысам, кейбірі университеттегі жолдастар, біреулерін тіпті танымаймын! Әйтеуір «достық ниет» жіберген соң қабыл алмауға дәтім бармай, дос боламын. «Өз әлемімнің» тағы бір жақсылығы – бұл достармен емін-еркін сөйлесуге, шер тарқатуға мүмкіндіктің молдығы. «М.агент» арқылы алыстағы достардың бәрін жаныңа көшіріп алуға болады. Бірге шәй ішіп отырғандай әңгімені жібереміз сосын. Бәрін айта бер. Бәрін жаза бер. «М.агентте» саған ешкімнің шектеу қоюға қақысы жоқ. Біреулерді шегіне жеткізе жамандап, әлемдегі ең тамаша адам өзің боп отыратын кездерді айтсайшы! Сосын агенттің тағы бір нашар жері бар – ешкімнің өзі де, өмірі де саған құпия емес! Кім туралы білгің келсе, «оның әлемін» ашып қара. Кейбір мақтаншақтар өз өмірлерінің әр сәтінен хабар беретін суреттерін, ұнататын қыздарын, жігіттерін, не әйел, бала-шағасына дейін «өз әлеміне» кіргізіп қояды. Істейтін ісін, ойлайтын ойына дейін сонда жазады. Олар түгілі өзім де сондаймын. Басыма таяқ боп тиетін сөздерді ескермей, хат жазғыштай берем. Достарым да құралақан қалдырмайды, әрине. Кейде бұдан да жалығып, марғау ғана жауап хат жазып отыратын кездер болады, әйтсе де оған бола ешкім менен осы күнге дейін сырт айналған емес. Бұл адамдар менімен қашанға дейін дос болатынын білмеймін. Бұл адамдардың өмірде бар екеніне кейде күмәндануды да шығарыппын. Оның ішінде жігіттерге өкпелімін. Басым бос екені «менің әлемімде» бадырайып жазулы тұр емес пе? Неге жақынырақ таныспасқа? Көріксіз де емеспін, білімім де жоғары. Ара-тұра интернет арқылы табысып жатқандарды да естіп жатамыз...
Интернеттегі ескі достарым да бір қауым ел. Мектепте, университетте дос болған қыз-жігіттердің мұнда ересек тартқан бейнелерін көремін. Шетінен ақылды, пысықай. Әңгімелесуге бейім тұрады. «М.агент» арқылы сағаттап сөйлескенімізбен, өмірде жүзбе-жүз жолықсақ, бәрі басқаша болатынына иманым кәміл. Өйткені, көрмегелі көп жылдар өткен. Бір-бірімізді қанша жерден жақын тартсақ та, өткел бермес өзеннің бір жағалауында олар, екіншісінде мен тұрғандай сезінемін.
«Менің әлемім» қызыққа, жаңалыққа толы болғанымен, оның бәрі көз алдау, уақыт өлтіру екенін мойындайтын да кезім бар. Аты белгілі кісілердің өзі осында сағаттап отырғанда, мен сияқтылар қызықты басқа қайдан тапсын деген ойдың әсерімен отыра береміз де. Әйтпесе, кейде өзімнің де осы өмірде тірлік кешіп жүргеніме күмәнмен қараймын. Үй мен жұмыстың арасына қатынайтын қызыл түсті 22-ші автобус та, ондағы бейтаныс кейіпкерлерім де, жалғыз бөлмелі пәтерім мен тар кабинеттің бұрышындағы орным да, анда-санда біраз сілкілеп алатын бастығым да виртуальды әлемнің объектілеріндей. «Өмір осы» деп саусақпен шұқып көрсетсе де бәрібір сенбейтіндей күйге жетіппін. Мұңсыз-қамсыз балалықтан тез өтіп, жастықтың ауылында аз ғана ат аялдатып, осы бір сүлесоқ тірлікке табандап қалғандаймын. Мен де, маған қатысты адам, зат атаулы да соншалықты сүлесоқ. Сөйлескенде жай ғана ыммен түсінісу, тапсырма берсе бас шұлғу, қостағанымды білдіріп бас изей салу, міне, тірі екенімді осыдан білемін. Ешкімді сағынбаймын, іздемеймін. Үмітім де әлсіз. Алыстағы ата-анам мен бауырларыма кеудемде тек аяушылық сезімі қалыпты. Сонда мен не үшін өмір сүремін деген ой кеудемді езбейді дейсіз бе? Бірақ, оның жауабын бәрібір таппастай салғырт әрі сүлесоқпын. Мен үшін бір ғана жұбаныш бар – ол интернет, ондағы «менің әлемім»...