• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №166

480 рет
көрсетілді

2011 жылғы 22 ақпан                       Астана, Үкімет Үйі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы №330 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 1. «Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 330 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 15, 120-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемiнiң тiзбесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi К.МӘСIМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы «22» ақпандағы №166 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 наурыздағы №330 қаулысымен бекiтiлген Арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемiнiң тiзбесi 1. Арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемi қызмет алушылардың мынадай: 1) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға (бұдан әрi – балалар); 2) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға (бұдан әрі – ТҚА бұзылған балалар); 3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектер (бұдан әрi – 18 жастан асқан адамдар); 4) бірінші және екінші топтағы мүгедектер (бұдан әрі – мүгедектер); 5) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдар қатарынан дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне бай­ланысты ағзасының функциялары тұрақты бұ­зыл­ған адамдарға (отбасыларға), сондай-ақ жа­сы­ның ұлғаюына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (отбасыларға) ұсынылады. 2. Арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемiнiң тiзбесi: әлеуметтiк-тұрмыстық; әлеуметтiк-медициналық; әлеуметтiк-психологиялық; әлеуметтiк-педагогикалық; әлеуметтiк-еңбек; әлеуметтiк-мәдени; әлеуметтiк-экономикалық; әлеуметтiк-құқықтық қызметтерді қамтиды. 3. Тұрмыстағы қызмет алушылардың тыныс-тіршілігін қолдауға бағытталған әлеуметтiк-тұр­мыстық қызметтер мыналарды қамтиды: жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипат­тағы әлеуметтiк-тұрмыстық қызметтер көрсету; ұйымдарда оңалтуға, емдеуге, білім беруге, мәдени іс-шараларға, паллиативтік көмекті ұй­ым­дастыруға, діни әдет-ғұрыптарды өткізуге, ем­деу-еңбек қызметін ұйымдастыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағ­дар­лау негіздеріне үйретуге арналған жиһазбен және (немесе) мамандандырылған жабдықтар­мен жасақталған үй-жайлар беру; мүгедектер мен 18 жастан асқан денсаулы­ғының жағдайы бойынша жұмыс істеу қарсы көрсетілмеген адамдар үшін жұмыс орындарын ұйымдастыруға жағдай жасау; бөгде адамдардың көмегінсіз тұрмыстық қажеттіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бейімделген үй-жайлар мен құрылғылар беру; санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес тұру жағдайларын қолдау жөнінде қызметтер көрсету; кенеулі және диеталық тамақтануды ұсыну; тұрмыстық қызмет көрсетудi қамтамасыз ету (кiр жуу, кептiру, үтiктеу, iш киiмдi, киiмдi, төсек-орын жабдықтарын дезинфекциялау); қызмет алушылардың отбасы мүшелерiне жеке қызмет көрсету және санитарлық-гигиеналық сипаттағы практикалық дағдыларды үйрету; қарттар мен мүгедектерге хат жазуда және оқуда көмек көрсету; түскі ыстық тамақ, күнделікті қажетті азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды сатып алу және үйге жеткізіп беру; қарттар мен мүгедектерге тамақ пісіруге, кір жууға, пеш жағуға, ағаш, көмір және су әкелуге көмектесу. 4. Қызмет алушылардың денсаулығын қол­дау­ға және жақсартуға бағытталған әлеуметтiк-медициналық қызметтер мыналарды қамтиды: медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдас­ты­ру және жүргізу; дәрігер келгенге дейін көмек көрсету; медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуге жәрдемдесу; тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға жәрдемдесу; мүгедектердi санаторийлік-курорттық емдеумен, оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және мiндеттi гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; қызмет алушыларға техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және мiндеттi гигиеналық құралдарды пайдалануды үйрету; мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарлама­ларына сәйкес протездік-ортопедиялық және естуді протездеу көмегін алуға жәрдемдесу; медициналық-әлеуметтік мәселелер жөнінде, оның ішінде жасына қарай бейімдеу мәселелері жөнінде консультация беру; денсаулығына байланысты рәсімдерді жүргізу; алғашқы медициналық тексеру және алғашқы санитарлық өңдеуді жүргізу; қызмет алушыларға денсаулығының жағ­дайы­на қарай күтiмдi қамтамасыз ету; алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету; санитарлық-гигиеналық қызметтер көрсету; емдеу-сауықтыру iс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастыру; әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу; емдейтін дәрігердің тағайындауына сәйкес ме­дициналық рәсімдерді жүргізу (терінің және бұл­шық еттердің астына жіберілетін инъекция­лар, компресс қою, жатқан жерін, жараларын та­ңу, өңдеу, тазалау клизмаларын жасау, зертхана­лық зерттеу жүргізу үшін материал алу, катетерлер мен медициналық бұйымдарды қолдануға көмек көрсету); паллиативтік көмек қызметін көрсету; дәрігерді үйге шақыру және қызмет алушы­ларды денсаулық сақтау ұйымдарына алып бару; балаларды, ТҚА бұзылған балаларды патро­нажды қадағалау; отбасы мүшелерін үй жағдайында өткізілетін медициналық күтім негіздеріне үйрету. 5. Қызмет алушыларды қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеуге, әлеуметтендіру мен кіріктіруге бағытталған олардың психологиялық жағ­дайын түзетуді көздейтін әлеуметтiк-психоло­гия­лық қызметтер мыналарды қамтиды: психологиялық диагностика және жеке тұл­ғаны тексеру; әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі қадағалау); мүгедектермен және қарттармен психопро­фи­л­актикалық жұмыс; қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсету, оның ішінде әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, ынталандыру, белсенділікке бейімдеу; қызмет алушыларды психологиялық түзету; қызмет алушылар мен олардың бірге тұратын отбасы мүшелерін психологиялық қолдау; отбасы мүшелерiне қолайлы психологиялық климатты қамтамасыз ету, жанжалды жағдай­лардың алдын алу және жою үшiн психо­ло­гиялық көмек көрсету. 6. Балалардың, ТҚА бұзылған балалардың фи­зикалық мүмкiндiктерi мен ақыл-ой қабiлет­терiн ескере отырып, оларды педагогикалық тү­зетуге және оқытуға, сондай-ақ балаларға, ТҚА бұзылған балаларға, 18 жастан асқан адамдарға тұрмыстық дағдыларды үйретуге бағытталатын әлеуметтiк-педагогикалық қызметтер мыналарды қамтиды: әлеуметтiк-педагогикалық консультация беру; арнайы оқу бағдарламалары бойынша бала­лардың физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес олардың білім алуына жәрдемдесу; ТҚА бұзылған балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуына жәрдемдесу; балаларды және 18 жастан асқан адамдарды тұрмыстық бағдарлау және қолөнер негіздеріне үйрету; өзіне-өзi қызмет көрсету дағдыларын, жеке гигиенасын, тұрмыстағы және қоғамдық ор­ындардағы мiнез-құлықты қалыптастыру, өзiн-өзі бақылау, қарым-қатынас жасау дағдылары және тiршiлiк әрекеттерiнiң басқа да нысандары жөнiндегi қызметтер; баланы, оның ішінде ТҚА бұзылған балалар мен 18 жастан асқан адамдарды педагогикалық диагностикалауды және жеке тұлғалық даму деңгейін тексеруді жүргізу; балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды педагогикалық түзету; ымдау тiлiне аудару жөнiндегi қызметтер; балаларды мектепке дейiн тәрбиелеу және олардың арнайы бiлiм беру оқыту бағдар­ламалары бойынша бiлiм алуы үшiн жағдай жасау мәселелерi жөнiнде отбасы мүшелерiне консультация беру; кәсіптік білім алуға жәрдемдесу; ата-аналарына немесе отбасының басқа мүшелерiне үй жағдайында оңалту негiздерiн үйрету; отбасы мүшелеріне балалардың және 18 ас­қан адамдардың бойында үй жағдайында қажетті өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды үйрету. 7. Қызмет алушылардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыруға, 18 жастан асқан адамдардың, мүгедектер мен қарттардың бой­ын­да қалған еңбек дағдыларын сақтауға және да­мытуға және еңбек қызметiн ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтiк-еңбек қызметтерi мына­ларды қамтиды: қызмет алушылардың бойында бар еңбек дағдыларын тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізу; емдеу-еңбек қызметін жүргізу; еңбек дағдыларын қалыптастыру жөнiндегi қызметтер; ТҚА бұзылған балаларды, мүгедектерді кә­сiптік бағдарлау; мүгедектерді кәсіптік оңалту; бейіні бойынша еңбек дағдыларын қа­лыптастыру; қызмет алушыларды қол жетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөнінде іс-шаралар жүргізу; қарттар мен 18 жастан асқан адамдардың бойында ұмыт болған тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіру жөніндегі қызметтер; жеке физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес кәсіп игеруге жәрдемдесу. 8. Бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтiк-мәдени iс-шараларды өткiзуге және оларға қыз­мет алушыларды тартуға бағытталған әлеумет­тiк-мәдени қызметтер мыналарды қамтиды: мерекелердi және бос уақыттағы iс-ша­раларды ұйымдастыру; клубтық және үйірме жұмыстарын ұйым­дастыру және жүргізу; қызмет алушыларды бос уақыттағы іс-ша­ра­лар­ға, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту (экс­курсиялар ұйымдастыру, театрларға, көрме­лерге, концерттерге және басқа іс-шараларға бару). 9. Қызмет алушылардың өмiр сүру деңгейiн қолдау мен жақсартуға бағытталған әлеуметтiк-экономикалық қызметтер мыналарды қамтиды: әлеуметтiк төлемдердi, жәрдемақыларды, али­­менттер мен басқа да төлемдердi алуға жәрдемдесу; қарттар мен мүгедектерге, сондай-ақ бала­ларды тәрбиелейтін және 18 жастан асқан адамдарды күтуді жүзеге асыратын отбасыларға өзiн-өзi қамтамасыз ету және отбасының материалдық жағдайын жақсарту мәселелерi бойынша консультация беру. 10. Қызмет алушылардың құқықтық мәрте­бесiн қолдауға немесе өзгертуге, заңды көмек көрсетуге, олардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған әлеуметтiк-құқықтық қызметтер мыналарды қамтиды: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәй­кес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сала­сында және әлеуметтiк қамсыздандыру және көмекке құқығына байланысты мәселелер бой­ынша заңдық консультация беру; заңдық маңызы бар құжаттарды ресiмдеуде көмектесу; арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін және қызмет алушылардың заңды құқықтарын бұза­тын немесе шек қоятын ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым даярлауға және беруге көмек көрсету; заңды көмек көрсету және заңнама белгіленген жеңілдіктер мен басымдықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу; Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен жәрдемақыларды, басқа да әлеуметтік төлемдерді сенімхатпен алу; жетiм балаларды және ата-аналарының қам­қорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қор­ғаншылыққа және қамқоршылыққа алу мәселе­лерi бойынша құжаттарды ресiмдеудегi көмектi қоса алғанда, заңды консультация беру; Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Заңында белгiленген жағдайлар­да және тәртiппен адвокаттың заңдық көмегін тегiн алуға жәрдемдесу; қызмет алушылардың немесе олардың отба­сы мүшелерінің үстінен жасалған дене және пси­хикалық зорлыққа кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға жәрдемдесу; қамқоршы және қорғаншы органдарға бала­ларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды асырап алуға, қамқорлыққа, патронатқа, қорған­шылыққа алуға жәрдемдесу; қызмет алушыларды арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсететін мекемелерге, ұйымдарға орналас­тыруға жәрдемдесу, сондай-ақ құжаттарды ресімдеуге көмек көрсету; қызмет алушыларға жұмысқа орналасу, жеке басын куәландыратын және заңдық маңызы бар басқа да құжаттарды алу үшiн құжаттарды ресiмдеуде заңдық көмек көрсетуге жәрдемдесу.