Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – саяси мектеп қалыптастырған тұлға. Саясат дегенім – өнер, ол қоғамды, мемлекетті басқару өнері. Адамның қасиеттері тумысынан бастау алады десек, бұл өнер де Елбасының тума қасиеті. Саясат қат-қабат феномен. Ол – сана, теория және тәжірибе болып жіктеледі. Және де қоса айтарым, Тұлғасыз саясат жоқ. Тұлға болмысы сөзбен ғана емес, іспен анықталмақ. Сөзі мен ісі бір жерден шыққан саяси тұлға ел құрметіне бөленіп, идеялас жақтастарын күн санап арттырып, нағыз көшбасшыға айналып, өзіне де, еліне де өріс ашпақ. Осы өрісті біз саяси мектеп деп атаймыз. Саясат қоғамның тынысы. Қоғамның да адам сияқты тынысы тарылатын кез болады. Ондай жағдайда қоғамда ізгі ниет, мақсаттағы биік идеялармен қатар тобырлық сана, психология да бірге бой көтермек.
Жаңа саясат бастап, оны аяғына жеткізе алмай дағдарысқа түскен Михаил Горбачев үлгі емес. Ол тез арада тарихи Тұлғаға айналып сала берді. Көп ұзамай «Қайта құру» саясатының естелігі ғана қалды. Демек, оның ісі өткен күн. Михаил Горбачевтің ендігі саясатында жасампаздық жоқ екені баршаға аян болып үлгерді, жұрт енді онымен өз болашағын өлшемейтін болды. Михаил Горбачевтің саяси қуаты тез сарқылды. Олай болмасқа басқа амал да жоқ болатын, ол коммунист әрі социалист еді. Ол социализм шеңберінен шығып ой-сана құра алмады. Оған еш мүмкіндігі де болмады. Ол тұйық Тұлға болып қала берді. Михаил Горбачев өткенге бұрылып қарағанға ғана қажетті Тұлғаға айналды. Ол қоғам болмысынан коммунистік партиямен кеңестік социализмді де өзімен бірге ала кетті. Михаил Горбачев социалистік, кеңестік дәуірдің соңғы президенті ғана емес, ол сол дәуірдің соңғы аялдамасы.
Одан кейінгі тарихи тұлға Борис Ельцин. Ол ескі кеңестік-социалистік дәуір мен жаңа Ресейдің арасындағы көпір бола білді. Ол Ресейдің тұңғыш президенті болғанымен, бұл елдің жаңа замандағы Петр І-і бола алды ма? Пікірлер сан алуан. Мүмкін, бағалау үшін әлі де уақыт керек шығар. Борис Ельцин бейнесі әлі көз алдымызда. Мұндай жағдайда ақиқатқа жету қиын. Мүмкін, уақыт өте сұрыпталып, тарихқа қажеттісі ғана қалмақ, сол кезде Тұлға болмысы да айқындалмақ.
Борис Ельцин Тұлғасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлгі бола алды ма? Ол үшін мына сұраққа жауап іздейік. Борис Ельцин Ресейде саяси мектеп қалыптастыра алды ма? Немесе саяси мәдениеттің деңгейін көтере алды ма?
Бүгінде саясатта Ельцин дәстүрі бар ма? Бар болса, қалай көрінуде? Жоқ болса, неге жоқ? Осы сауалдарға жауап беру мақсатындағы ізденістен оның Тұлғасының Нұрсұлтан Назарбаевқа әсерін анықтауға болар.
Мен Борис Елциннің «Президенттік марафон» деген мемуарын оқып шығып, бұл сауалға жауапты таппадым. Аңғарғаным, Нұрсұлтан Назарбаев ешқашан Борис Ельциннің айтқанымен жүрген жоқ, ол онымен жақсы әріптестік қарым-қатынаста болды. Ресейдің тұңғыш президентінің мінезі, қылығы, қарекеттері, сөздері өзгеше өлшемдерді қажет ететін жағдайлар.
Сөздің реті келіп тұрған соң айта кетейін. Қазіргі заман тарихында Михаил Горбачев пен Борис Ельциннің тарихи орындары ерекше Тұлғалар. Бұлар бірін-бірі толықтырған адамдар. Михаил Горбачев «Қайта құру» саясатымен қатып жатқан коммунистік тоңды жібітуге саяси мүмкіндіктер ашса, СССР-ді тарих бетінен өшіруге Борис Ельцин бел шеше кірісіп, ақыры ол міндетті орындап шықты.
Екеуі дүрдараз болғанымен, тарихи істі бірі бастап, екіншісі аяқтап шықты. Борис Ельцин билікті толық меңгере алмады, билік оны жеңді, бірақ ол жеңілісін ашық мойындады, ол да ерлік еді.
Міне, көріп отырсыз, үлгі іздеп үнемі сол жаққа қарайтын едік, ол жақта үлгі немесе үлгі тұтар саяси Тұлға болмады. Әрине, Елбасының үлгі алар екі нәрсесі болды. Олар, біріншіден, туған халқының қилы-қилы тарихы, азаттық жолындағы ерлікке толы мол тәжірибесі, ата-бабаларының даналық ой-пікірлері, аталық қағидалары, ата-баба алдындағы азаматтық борышы. Бұл сезім, сана Елбасын талай қиыншылықтардан алып шыққанын өзі жазған кітаптарынан оқып жинақтап айтып отырмын.
Екіншіден, үлгі тұтқан тарихи тұлға хан Абылай, тағы басқа ел көсемдері. Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, Ресей мен Қытай арасындағы саясаттың өрісінде болса, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Ресей мен Қытай елдері арасындағы шекараларды тұңғыш рет халықаралық құқықтық негізге түсіріп, әлемді аузына қаратқан саяси Тұлғаға айналды. Ол жөнінде сарапшылар айтуда. Ал 1991 жылы бәрін жаңадан бастау қажет болды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, таяуда ғана әлемдік деңгейдегі қызмет лауазымына жоғарылаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынандай жүрекжарды сөзін келтірген орынды.
«Қазіргі Қазақстанның Тұңғыш Президенті болуды және оның негізін қалауды Нұрсұлтан Назарбаевқа тағдырдың өзі бұйырды. Мемлекет құраушы халық – қазақтар – тұрғындардың қырық пайызынан сәл ғана асатын уақытта ол республиканың тәуелсіздігін жариялады. Дербестік алған мемлекеттің экономикасы болса, дағдарыстың терең иіріміне батқан еді. Аумағы аса үлкен болғанымен, сырттың солақай, әрі бүлдіруші ықпалына ұшырауы ықтимал жас елдің келешегі күңгірт көрінген.
Қазақстанның болашағы жайында теріс сәуегейлерге қанша жерден өкпе-ренішіңді білдіргенмен, олардың айтқанын ақиқаттан алыс дей қою да қиын. Өйткені, олар өз болжамдарын жоқ жерден жасамады: елдің ішкі және сыртқы жағдайына мұқият талдау жасап барып осындай тұжырымға келген.
Американың белгілі саясаттанушысы З.Бзежинский Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін Өзбекстанға бұйыртқаны белгілі. Оның пікірінше, Қазақстанның шекарасының ашықтығы, Қытай мен Ресей алдындағы «дәрменсіздігі», күрделі демографиялық ахуалы жас мемлекеттің әлсіреуіне әкелмек. М.Горбачев та Қазақстанды қабілетсіз мемлекет санап, болашағына сенбеді, ал оның бұл көзқарасын көптеген саясаттанушылар қолдағаны рас. (Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр мен көлеңке. А., 2008. - 576 б, 199-200-бб.)
Анығында, жаңа саясат неден басталып еді?
Екі нәрседен: Арылудан және Жасампаздықтан.
* * *
Арылу деген қиын болды.
Біріншіден, халық шаруашылығын ескі тәсілдермен басқаруды тоқтатып, жаңа экономикалық басқару әдістерін қолдану қажет болды, ол үшін жаңа тұрпаттағы кадрлар керек еді. Олар өте тапшы. Кеңес кезінде қалыптасқан халық шаруашылығының ескі құрылымдары қирай бастағанда, оларды қорғаушылар қарсылықтар көрсетті, кедергілер жасады. Нарыққа өту қажеттілігін түсінбегендер де жеткілікті болды.
Екіншіден, жетпіс жыл бойы санаға сіңдірілген социалистік, коммунистік ілімнің, идеологияның түсініктері мен ұғымдары көпшіліктің әдетіне, дағдысына, психологиясына айналып үлгерген болатын. Олар жаңа заман тынысына кедергі еді. Бұларды жеңу үшін қаншама саяси істер атқарылды десеңізші.
Үшіншіден, қоғам өмірінде, әр адамның түсінік, ұғымында құндылықтар алмасу үрдісі қарқынды түрде жүре бастады.
Арылу – социализмде қалыптасқан құлдық санадан құтылу.
Бұл мәселелер мемлекеттік, қоғамдық және ұжымдық деңгейлерде қызу талқыға түсті. Басылым беттерінде сан алуан пікірлер орын алды. Тұрмыс қиын болғанымен, заман қызуы әркімді қызықтыра түсті. Ой, пікір, сөз айтпаған кісі қалмады десе де болғандай.
* * *
Жасампаздық деген не еді? Ол – жаңа жол табу. Халықты адастырмау. Қасіретке ұшыратпау. Үміт отын өшірмеу. Адамдардың арман, қиялдарына қуат беру.
Сөйтіп, бүгін айтып жүрген «қазақстандық жолдың» алғашқы соқпағына түстік. Алысты жақындататын нық басқан бір қадам. Сол нық қадамды Нұрсұлтан Назарбаев өз халқымен бірге басты. Нық қадамның мәнісі, Елбасының сөзі мен ісі бір-бірінен алшақтамауы керек еді. Бұл Жаңа саясаттың іргетасы ғана емес, халық сеніміне енудің бірден-бір жолы болатын.
Жасампаздық деген ақ ниеттен, ақ жүректен туады екен. Бағымызға Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретінде халқымызға ниеті ақ, жүрегі таза екендігін әу бастан ірі істермен білдірсе, халық та оны ақ ниет, таза жүрегімен қабылдады. Осы үрдіс халық сеніміне, мемлекет тұрақтылығына, ел ырысына айналып, жасампаздық идеялары өсіп-өнді.
* * *
Жаңа мемлекет, Жаңа қоғам, Жаңа ел қалыптастыру үшін, сөзсіз, жасампаздық идея ғана емес, идеялар легі қажет болды. Сондай идеялар легін Президент Нұрсұлтан Назарбаев елге ұсына білді, олардың басты-бастыларын атап өтейін.
Бірінші идея. Халық арасында тың экономикалық сана, психология орнықтыру қажеттілігі. Бұл меншікке және еңбек еркіндігіне қатысты мәселе. Нарық меншіктің мазмұнын өзгертті. Бұрын коммунистер жерден алып, жерге соғып келген жеке меншік кеңінен заңды түрде өріс ала бастады. Бұл қоғам, адам психологиясын сапалы, түбегейлі өзгеріске әкелді. Бұған даярлық бар ма еді? Әрине, жоқ! Міне, қиындық басы. Социализм кезінде мемлекет халықты асыраушы міндетін атқарып, соған сай экономикалық дағды, әдет, психология қалыптасқан. Жаңа заманда мемлекет қызметі өзгерді, ол халықты тікелей асыраушы емес, оған еңбек етіп күн көруіне жағдай жасаушы институттар жүйесіне айналды. Мемлекет өз мойнына алатындар: жетімдер, мүгедектер, қарттар, зейнеткерлер. Қалғандары еңбек еркіндігін пайдаланып, өз тұрмыстарын өздері анықтауы керек еді. Халықтың біршама парасы осыған даяр болмады, сондықтан оны еңбек еркіндігіне (нарық жағдайына) бейімдеу қажеттілігі бірінші орынға шықты. Шын мәнінде, мемлекет медиатор қызметін атқара бастады. Елбасының әуелі экономика дегендегі саясатының идеялық мәнісі осы болатын. Бұл идея нәтиже берді. Халық нарық жағдайына бейімделе бастады. Алайда, еңбекке деген социалистік дағды да өз көріністерін беріп, іске бөгет бола берді. Ескі психологиядан арылу қиын іске айналды. Соның нәтижесінде тұрмыста қиыншылықтар болды. Меніңше, басты кедергі сана мен психологияда. Жетпіс жылғы социалистік насихат қалайша ұрпақтар ауыспай, кете қоймақ. Сонымен қатар жекеменшіктік психологияны бірыңғай позитивтік түрде қабылдау да болмайтын іс. Жеке меншік құқықтық негізде жүруі қажеттілік, ал тәжірибеде оның көлеңкелі жақтары өсіп-өніп шыға келіп, келе-келе ол коррупцияға жол ашты. Мұның басты себептерінің бірі, жеке меншіктің құқықтық негіздерін жетілдіру ісіне қатысты бола_тын. Осы жағдайда Президенттің алдымен экономика деген идеясы ескіден арылудың ең тиімді Идеясы болды.
Екінші идея. Жаңа қала, Астана салу идеясы. Астана туралы «Егемен Қазақстан» газетінде менің екі мақалам жарық көрді: «Астана – жаңаша ойлау символы» (04.07.2008), «Астана – акме-қоғам символы» (30.06.2009).
Астана тек қала ғана емес, Қазақ елінің символына, брендіне, идеясына айналған қала. Астанамен бірге жаңа халық қалыптасып келеді. Ескі қала консерватизмін сақтаса, жаңа қала романтикалық көңіл-күйде. Қаладан жасампаздық рухы айқын сезілуде, ол өсіп, қалыптасып келе жатқан ұрпақтардың сана-сезіміне еніп, тың дүниетанымдық өрістер іздеуде. Жақсылыққа, жасампаздыққа құмарлық Астананың, ондағы халықтың болмысын айқындай алатын рухани күш – идея.
Идея адамдарды алға жетелейді. Жүріп өткен жолым жетеді деу жоқ, алға деген ынта бар. Ол ізденіске бастамақ. Астана – жаңа қала. Елбасының ойы да сол еді. Жаңа идея жаңа қалада өріс алуы керек. Ол Астанада болмақ, сөйтіп, тегіс Қазақ еліне жайылмақ. Арман іске асып келеді. Астана әлем тілдерінде айтыла бастады, оны біле бастады. Назарбаев – Астана – Қазақстан қатар айтылуда. Бұл сөз бен іс бір жерден шықты.
Үшінші идея. Саясат пен мәдениет бірлігі. Ол – Елбасының «Мәдени мұра» жобасы. Өшкенді жаңғырту, жоғалғанды табу, іздеу, Қазақ елінің қажеттігіне жарату. Мәдени құндылықтарды әлемдік өркениеттік үрдістер өрісінде жетілдіру, әлемге тарату, насихаттау. «Мәдени мұра» – Ұлттық бағдарламаға айналды. Анығын айтқанда, бұл Ренессанстық идея. Құндылықтардың сұрыпталып жаңғыруы. Халықтың өткен тарихы мен болашағы арасындағы бүгінгі көпірі. Жаңа заманда жаңаша ойлау қажет десек, жас ұрпаққа, оның рухани сұранысына қандай құндылықтар ұсынуымыздың бірден-бір дұрыс әрі кемелді тәсілін Елбасы осы «Мәдени мұра» идеясы арқылы жүзеге асыруда. Бұл идея отандық ғылым мен білімнің тың сапалық деңгейге көтерілуіне таптырмайтын идея.
Төртінші идея. «Қазақстан – 2030» Стратегиясы, бұл нағыз көрегендік саясаттың идеясы еді. Мұнда ұрпақтар алмасуы, құндылықтар алмасуы және құндылықтар тұрақтауы Идеясы баяндалған. Тәуелсіздік жылының ар жақ, бер жағында дүниеге келген ұрпақ бүгінде жиырмалар шамасында, 2020 жылы олар отызда, 2030 жылы – қырықта, яғни акме-жаста болады. Билік те, тұрмыс та бәрі соларға өтпек. Бұл Болашақ туралы керемет Идея.
Бесінші идея. Саяси модернизация идеясы. Ол 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, қоғам өмірінде партияларға өріс ашу айқындалды. Экономикада қол жеткен нәтижелер ендігі жерде саяси модернизациямен айналысуға мүмкіндік берді. Елдің тұрақтылығы саясатқа өріс ашты. Партиялар шектен тыс көптігімен емес, сапасымен айқындалды десек те болғандай.
Алтыншы идея. Елдің инновациялық-индустриялық даму бағытын анықтайтын Технологиялық немесе Техногендік идея. Мұның екі арнасы бар: бірі ақпараттық қоғам идеясы, екіншісі постиндустриялық қоғамға, яғни акме-қоғамға қадам басу идеясы.
Жетінші идея. Діни келісім идеясы. Бүгінгі күнге дейін дін, діндер ел мен елді, халық пен халықты бөлектейтін сана болып келген. Елбасы дін мен діндер, керісінше, ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын феномен болса деген биік идея ұсынып, Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының үш съезін өткізді, келесі съезге даярлық жүруде. Елбасы діндерге ұлттық қауіпсіздік мәселесінен жалпы адамзаттық деңгейге дейін өріс ашты. Дінаралық сұхбатты жаңа деңгейге көтерді. Дінаралық татулық ел саясатының тұрақты мәселесіне айналды. Діни сезімге құрмет, адамға деген құрмет философиясы қалыптасты.
Сегізінші идея. Парламенттік сана идеясы. Заң мен саясат бірлігі. Қос палаталы Парламентте заң мен саясат мәселелері үйлесімін тапқан. Ол қоғамдағы тұрақтылыққа қызмет етудің табылған тәсілі.
Тоғызыншы идея. Руға, ұлтқа бөлінбей ел болу идеясы. Мәңгілік ел идеясы Күлтегін жазуында бар. «Қазақ елі» монументі осы идеяның айғағы.
Оныншы идея. Ел бірлігі идеясы. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудан бастау алып, Қазақ елі концептінен келіп «Ел бірлігі доктринасымен» толықты. Мұнда этносаралық келісім мәселесі саясатта да, заңда да үйлесімін тапты. Парламент Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заң қабылдады.
Осы айтылғандар Елбасының мезгіл-мезгілімен халыққа ұсынған идеялары. Біз бұл істердің куәгерлері ғана емес, шама-шарқымызша оларды насихаттаушылар әрі өмірге, тұрмысқа, санаға, дағдыға сіңдірушілерміз. Идея елге тегіс ұсынылады. Халық қоғам болып оны қабылдады, соның нәтижесінде бүгінде Қазақ елінің еңсесі биіктеп, Елбасы тек өз елінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі көрнекті саяси Тұлғаға айналды. Ол тақыр жерге тау тұрғызғандай мемлекет құрып қана қойған жоқ, оны әлемге әйгілі етті. Мұндай саяси ерлікті жасаған әлемдік саясатта кімдер бар дегенде, менің назарыма заманы, халқы өзге болғанымен жаңа астана салып, еліне тың тыныс берген орыс патшасы Петр І, АҚШ-тың негізін қалаған Дж. Вашингтон түседі. Бергі заманнан ізгілік саясатын берік ұстанған Махатма Гандиге ұқсастық табамын, мысалы, қолындағы ядролық қаруды жою ізгілік философиясы емес пе? Саяси оппоненттеріне кешірімділік жағынан Оңтүстік Африканың бұрынғы Президенті Нельсон Мандела, артта қалған елдерді қауырт даму жолына түсірген малайзиялық Махатхир Мұхаммад пен сингапурлық Ли Куан сияқтылардың істерімен ұқсастық табамын. Сонымен бірге екінші жаһандық соғыстан ауыр экономикалық, рухани дағдарысқа түскен неміс халқын апаттан алып шығып, Германияның іргетасын мықтап қалаған Конрад Аденауэр түсіп отыр. Мысалы, ол канцлер болысымен былай деді: «Бүгінде Еуропада жаңа шекаралар орнатып, оларды өзгерту немесе жылжыту емес, одан өзге көзқарас қажет екендігін біз білеміз. Еуропада халықтар бірлігінің негізі бола алатын шаруашылық аймақтар пайда болуы үшін, біз шекараларды жоюымыз керек» (Конрад Аденауэр. Мамыр, 1949 жыл).
Қазіргі Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеден Одағы (Ресей, Белоруссия, Қазақстан) шеңберіндегі интеграциясы кезінде айтылған Еуразия идеясының нақтылы көрінісі болып шықты. Біреулер Кеден Одағы экономикалық шара емес, таза саяси келісім дейді. Сірә, Кеден Одағы экономика да, саясат та.
Конрад Аденауэрдің екінші бір айтқан сөзі: «Экономикадағы капиталистік жүйе неміс халқының өмірлік саяси және әлеуметтік мақсаттарына сәйкес келмейді. Неміс экономикасының жаңа құрылымы капитализмнің шексіз үстемдік кезеңінің өтіп кеткендігін есепке алуы керек» (ХДО/ХӘО-ның «Дюссельдорф тезистері» бағдарламалық құжатында баяндалған Конрад Аденауэр мен пікірлестерінің әлеуметтік-нарықтық шаруашылық теорияларының негіздері, 1949 жыл).
Конрад Аденауэр саясаты Германияда «экономикалық керемет» деп аталып еді. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан жаңарып шығу идеясын Қазақ елінің бүгінгі күнінің стратегиялық бағыты етіп анықтады. Елбасы атап айтқан Қазақстанның 2020 жылғы мүмкіндіктеріне сенемін, себебі қазіргі алған бағытымызда еш қателік жоқ, кемістіктер Үкіметтің, әкімдердің жұмысында, заң шығару жүйесінде, ал Елбасы ұстанған сара бағытта қателік жоқ.
* * *
Қай елдің саяси өмірі болмасын, оның оң және сол қанаты, ортасы болады. Бізде оңшыл дәйекті партия болмады десе де жарағандай. Оңшыл бағыттағы партия құруға, мүмкін ынта болған шығар, бірақ ол ынта саяси тәжірибеде жүзеге аспады. Солшыл бағытта партия, саяси күштер үнемі болып отырды, бірақ оларда мақсат тұтастығы, саяси іс бірлігі орын алғаны жоқ. Құрылған күнінен бастап ортаны ұстаған партия бұрынғы «Отан», қазіргі «Нұр Отан». Бұл партияның негізгі қуаты Елбасының жоғарыда айтылған идеяларын ұсынып, оны қоғам қабылдап, Үкіметтің іске асыруы үрдісінде қалыптасқан саяси капиталына тікелей қатысты. Турасын айтқанда, халық ең алдымен партияның көшбасшысына сенеді, оның игі істерін қолдайды.
Елбасы саясатта не оңға, не солға бұрылмай, орта бағытты ұстануда. Ортадағы адам екі шеткі адамды естиді, ал екі шеткі адам бірін-бірі естуі екіталай. Сондықтан ел тұрақтылығы үшін үнемі ортаға бағытталған саясат қажет. Сол саясатты бастаушы әрі оның жетекшісі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халықтың оған балама жоқ деуінің мәнісі де нық орныққан халық сенімінде.
Нұрсұлтан Назарбаев саясаты жүзеге асып отырған Қазақ елі сұңқардың самғауын көз алдымызға елестетеді. Бүгінгі экономикалық өсу соның дәлелі. 1994 жылы жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асса, 2010 жылдың 1 қарашасында бұл көрсеткіш 12 еседен өсіп, 9 мың доллардан асты. Мұндай жағдайға 2015 жылы жетеміз деп есептеген едік. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішінде мұндай жетістікке жеткен елдер жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында Оңтүстік Малайзия – 2 есеге, Корея 3 есеге, Сингапур мен Польша – 4 есеге, Венгрия – 5 есеге 4 есеге өскен. Мұндай жетістік ненің арқасында десек, ол Елбасы саясатының өміршеңдігінің, оның қалыптастырған саяси элитасының заман жүгін алып жүрер қуаты болғандығының айқын көрінісі.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаев – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының көшбасшысы. Бұл партия сегіз жүз мыңдай мүшесі бар, еліміздегі ең ірі әрі қоғамға, Үкіметке ықпалы айтарлықтай тәжірибелі партия. Алайда, Елбасының саяси мектебі дегенде, бұл ұғым тек «Нұр Отан» партиясы арқылы ғана анықталмайды, ол кең мағынадағы түсінікті қажет етеді.
Елбасының саяси мектебінің ауқымы жоғарыда атап көрсетілген идеяларды іс жүзіне асырудағы ерен еңбек етіп жатқан миллиондарға тегіс қатысты. Саясат әркімнің тұрмыс, іс, қарекетінен тыс тұрған құбылыс емес, ол Елбасы ұсынған «Балапан» бағдарламасынан бүгінгі таңда күн тәртібіне қойылып отырған абсолютті инновациялық саясатқа дейінгі кеңістікті алып жатқан қоғамдық сана өрісі. Оны нақтылап айтсақ, Тәрбиеден Білімге, Ғылымға одан Тәжірибеге, Технологияға дейінгі саналы іс, қарекеттер жүйесін айтпақпыз. Елбасы ұсынған саясатта сөз бен істің алшақтығы жоқ. Сондықтан да кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың толық жеңіске жетуіне күдік келтірудің еш негізі жоқ.
Халық Жолдауда көрсетілген сара бағытты Елбасымен бірге жүріп өтетінін күні кешегі сайлауда тағы да тамаша танытты.
Бұл халық таңдауының тағылымы мол! 3 сәуірдегі жарқын жеңіс – Назарбаевтың саяси мектебінің де салтанаты.
Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик.