• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2011

Үшемге үй сыйлады

618 рет
көрсетілді

Бұл жағымды оқиға Талғарға жалғасып жатқан Кеңдала ауылында болды. Дәл ертең сайлау болады деген күннің таңертеңінде Айдар және Әлия Тоқтарлардың жас отбасы Қыдыр келіп жарылқағандай қуанышқа кенелді. Үйлі болды. 10 айлық сәби үшем қыздар Әния, Әзия және Әдияның әрқайсысының жеке бөлмесі бар. «Аға, осындай тамаша жағдай болғалы жатыр. Келіп көріңіз. Өзім ала барайын», деп жаңа­лық­ты сүйіншілеген, әр уақытта жақ­сы істердің басы-қасында жүретін елгезек қарындасымыз, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Райхан Садықова еді. Тілегін бірден құп алдық. Жолшыбай мән-жайға да қанықтық. Осыдан екі жыл бұрын ша­ңы­рақ көтерген жас жұбайлар Айдар мен Әлия бұлай болады деп үш ұйықтаса ойламаған, түсіне кірмеген. Шаңырақ көтерді деген аты болмаса, бастарында баспана­лары жоқ, пәтер жалдап тұрып жатты. Айдар Алматыда күзет қыз­ме­тін­де жұмыс істейді. Ай­лығы мар­дым­сыз. «Жақын жыл­дар­да үйлі боламыз-ау» деп, тіпті армандау­дың өзі қиын. Сөйтіп жүргенде, жақсылық­тың алғашқы нышанындай жары­ның бойына бітәнә бітті. Сәби – періште ғой. Ал, періште қашанда жақсылық хабаршысы. Әлия жүк­ті­лік кезінде Кеңдала амбулато­рия­сында есепте тұрып, тексеріліп жүрді. Дәрігер Нұргүл Мәт­жанова УЗИ құралының көмегі­мен туашақ нәрестелердің үшеу екендігі анықталғаннан кейін бо­ла­шақ жас ананы ерекше бақы­лау­ға алған. 32 аптадан кейін рес­пуб­ликалық деңгейдегі квота бо­йын­ша Әлия Алматыдағы Ана мен бала педиатриялық орталы­ғы­на жатқызылып, сондағы жо­ғары санатты дәрігерлердің қа­рауында сәтімен босанды. Үшемнің әжесі Райхан Ерқо­жа­қызының ол күнгі қуанышында шек болмады. Үлкен шешелері Сүйімхан әжемен ақыл қосып, үшемнің аттарын анасының есіміне ұйқастыра Әния, Әзия және Әдия деп қойды. Бұл тұқымда егіздер бұдан бұрын да болған көрінеді. Айдардың нағашы әжесі екі мәрте егіз туған, туған әпкесі үш жыл бұрын егіз бала көтерген, қазір өзі жап-жас болса да төрт баланың анасы. Бір өкініші, бас­тарында баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады. Ал бірден үшемнің ата-анасы атанған Айдар мен Әлияның баспана жағынан бағы жанды. Қуа­ныш­тарына туыс-туған, көрші-қолаң, ауыл адамдарымен бірге аудан жұртшылығы да ортақ­тас­ты. Аудан әкімдігі жас отбасын құттықтап, алғашқы күннен-ақ арба, балалар тағамдары мен памперс, азық-түлік түріндегі сый­лық­тарын үзбеді. Аудан әкімі Тал­ғат Өмірәлиев қуанышты оқи­ғ­аны облыс басшылығына хабарлап, құлаққағыс етіп әрі үйсіз-күй­сіз жүрген жас отбасына баспана әперу жөнінде өтінішін де түсірген-ді. Дәл осындай игі істерде әрқашан ізгіліктен жаңыл­мас Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов жас отбасына баспана әперу үшін облыс бюджетінен 6,5 млн. теңге қаржы бөлгізді. Мінеки, сол қаржыға сатып алынған үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыс етудің сүйінішті сәті де нақ кеше, ел Президентін сайлаумен тұспа-тұс жеткен екен. Мансарды менмұндалаған, алты бөлмелі еңселі үй. Әп-әдемі шар­бақталып қоршалып, ауласын көп­тің көмегімен көз тартардай көркейтіп абаттандырып тастап­ты. Аудандық мәдениет үйінің ән­ші-күйші өнерпаздары да осында. Әсем саз-әуен қалықтап, күн де шуақ шашып тұрды. Талғат Әбенұлы кілтімен қоса үйдің төлқұжаты мен жер телімі­нің мемлекеттік актісін үш арбашамен үшемді тербетіп тұрған бақытты жұп Тоқтар Айдар мен Әлияның қолдарына ұстатты. Сөй­тіп, жас отбасының жаңа бас­па­насына құтты болсын айтып, мұның өзі қыдыр тұрақтаған елдің, бақ-береке байырқалаған бай­тақ Отанның қамқорлық-сый­лығы екендігін ерекше атап көр­сетті. Сонымен қатар, аудан әкімі өзі де құр қол келмей, үшем сәби­дің үйіне байғазы ретінде тоңа­зыт­қыш, автоматты кір жуғыш мә­шине, телевизор, шаңсорғыш сияқ­ты тұрмыс заттарын, кілемдер мен балалар тағамдарын ала келіп сыйға тартты. Үй алған үшемдер бұл сәттер­де ештеңе сезбестен, алаңсыз пысылдап, мейірімді құшақтарда мейірлі Отан шапағатымен сый­ланған мұнтаздай мешітті ғалам үйлеріне кіріп бара жатты. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсірген Сәбит МҰХАНБАЕВ.