• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2011

Меңдіқарадағы үш жігіт

430 рет
көрсетілді

Айдын Сү­лейменов аудан әкімінің ор­ын­басары Сәң­кі­бай Киікбаев аға­сына имене кірді. Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың өнер факультетін бітіріп, Меңдіғара ауданына келген беті осы еді. Жаздың ортасы ауып қал­ған. Табиғаттың толысқан шағы. Айнала ақ қайың қоршаған Меңдіғара жердің сұлуы екен. Айдынға бұл аудан келген бетте ұна­ды. Алдын ала осы ауданға баратыны сөз болғанда көңілі шамалы қобалжып барып ба­сылған. Өйткені жастың аты – жас қой. Ақмола облысындағы Жақ­сы ауылы көз ал­дына келді. Дегенмен, алысқа шығып көр­ме­ген адамға бәрі де таңсық, бәрі де қызық. Сәңкібай ағасы ақжарқын, сөзшең кісі екен. Айдынның қуанғаны Сәкең «сіресіп қалған» шенеунік емес, бауырына тарта сөй­лейді екен. «Жылқы кісініскенше, адам түсі­ніскенше» деген емес пе. Айдынның көңілі көтеріліп сала берді. Тезірек жұмысқа бар­ғы­сы, өзін тезірек көрсеткісі, Сәкеңнің ай­тып отырған қамқорлығына қарай оның да тезірек сенімінен шыққысы келеді. Әй, уақыт-ай, адамның икемінде болсаңшы. Керек кезінде осылай жылжымай қаларыңды қайтерсің. – Сен сияқты маман музыкант жігіттер бізге керек. Аудан орталығындағы мәдениет үйін кәсіби мамандармен жасақтамақпыз. Аудандық мәдениет үйі мықты болса, ау­ылдардағы клубтардың да жағдайы оңалады деп ойлай бер. Кішкентай ғана аудан емес пе, кейін бәрін де сендер түзеп жібе­ре­сің­дер, – дейді Сәңкібай ағасы. Композитор әрі әнші Бақытжан Сәуе­ке­нов те осында. Бәкең республикаға танымал әндердің авторы. Сонымен қатар ауыл мә­де­ниетін өрге сүйреуде де Бақытжанның сіңір­ген еңбегі ұшан-теңіз. Торғай өңірінде сонау Нұрхан Ахметбеков бастаған өнерпаз­дар­дың, консерваторияны Ахмет Жұбановтай музыка әулиесінің алдынан бітіріп, ғажап әндерін Торғайға, туған жеріне келіп жазған Болат Хамзиндей композитордың салған дәстүрі даладағы жауқазындай дүркіреп шыққан жастарға мектеп болған. Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Дербісалдин сияқты саз­герлер, Ғазиза Жұмекенова тәрізді әнші­лер сол мектепті көрген, оның бұлағынан сусындау бақытына ие болғандар еді. Солар емес пе еді Торғайдың дабысын алысқа апарған! Қазақ өнерінен, әдебиетінен ха­ба­ры мол аудан әкімі Базыл Жақыпов та, оның аудандағы бүкіл әлеуметтік мәселелерді иіріп ұстап отырған орынбасары Сәңкібай Киікбаев та Меңдіғараны солай дүрілдететін жастарды ауылға тартуды мақсат етеді. Сәкең аудандық мәдениет үйінің директоры Жанұзақ Айсағалиевты шақырып алып, жас маманды таныстырып, ертіп жіберді. Жан­ұзақ та жоғары білімді жас маман. Келіншегі Әлия екеуі осыдан екі жыл бұрын қол ұс­тасып, осында келген. Екеуі де қазақ әде­биеті мен қазақ тілінің маманы екен. Әлия­ның мектепте орны даяр болатын, ал Жа­нұз­аққа аудан басшылығы аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін ұсынды. Өзі әнші, ұйымдастыру қабілеті де бар жанып тұрған жігіт жауапкершілікке жауапкершілік танытты, жұмысты үйіріп алып кеткен. Меңдіғараға Айдыннан кейін көп ұзамай Рудный педагогикалық колледжінің музыка фа­культетін бітіріп Мәди Нұрмұхамбетов кел­ді. Жанұзақтың көктен тілегені де осы еді. Екі жас оның туған інісіндей болып кетті. Қазір Меңдіғара аудандық мәдениет үй­ін­дегі «Домбыра сазы» ансамблі сол өңірге белгілі болып қалды. Әр мерекелерде жи­ын­ның сәнін келтіретін аудан өнерпаз­да­ры­ның еңбегі екені сөзсіз. Наурыз тойына дай­ын­дық кезінде Айдын мен Мәди «Қара жорға» биін шығаруды ұсынды. Музы­ка­лық білімі бар інілерінің өнеріне құрметпен қарайтын Жан­ұз­ақ олардың мына пікірін бірден хош көрді. – Жігіттер, «Қара жорғаны» шығару туралы ұсыныстарыңа тіпті қуанып тұрмын. Әуенін ансамбль ойнасын, ал біздің бишілермен қосылып, бүкіл көрермен билеп кететіндей етіп шығарайық!–деп жігіттерді қанаттандырып қойды. Меңдіғарада Наурыз мерекесі «Домбыра сазы» ансамблінің ор­ын­дауындағы «Қара жорға» биімен бастал­ғанда жиналған көпшіліктің –орыс-қа­за­ғы­ның делебесі қозбасы бар ма? Қардың кө­бесін сөгіп жатқан алтынкүрек желге бетін тосып, бәрі де «Қара жорғаны» биледі. Биден кейін қазақтың, орыстың, басқа ха­лық­тардың әсем әндеріне кезек берілді. Дом­бы­раның құлағында ойнайтын Мәди Нұр­мұ­хамбетов «Сарыарқаны» тартқанда, Айдын Сүлейменов баянда ойнағанда жұрт сілтідей тынып қалады. Жанұзақтың әсем даусы да меңдіғаралықтарды сүйсінтіп үлгерген. – Қазір ауылдарға шығып, концерт қой­ып қайтамыз. Әр сапарымызда ауыл­дас­тар­ды әнмен бір серпілтіп тастаймыз. Бұл олар­дың рухын көтереді. Қазір ауылда ешкім де ішер астан тарығып отырған жоқ. Ал рухани азық­тың керектігін өзіміз өнер көрсетуге барғанда аса сезініп қайтамыз. Бізді бір жұл­дыздар келгендей сахнадан жібергісі кел­мейді. Әнді шырқаған үстіне шырқай түс­се екен деген тілекті олардың көзінен, қолпаштап, шапалақ ұруынан байқап тұра­мыз, – дейді Жанұзақ. Меңдіғаралықтар өнерге шөлдемей қайт­сін. Сонау жылдары аудандағы тек мәдениет саласы ғана емес, жалпы экономика тым жұ­таң­данып кеткен еді. 90-шы жылдардан кейін облыста еңсесін тіктеп алған аудан­ның бірі де осы Меңдіғара болатын. Құнар­лы өлке топы­ра­ғының түгін тартса майы шығады, шыбық шанышсаң көктейді. Еңбек қай уақытта да еленбей қалмайды. Атақты механизатор Кәм­шат Дөненбаева маңдайын күнге қақтап жер жыртып, егін еккен Харьков ауы­лын қазір Сай­ран Бұқанов ұстап отыр. Осын­дағы «Қар­қын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де дамытқан, техни­каның бар­лы­ғын жаңалаған. Алдыңғы жылы Сәкең де кеудесіне тәуелсіз еліміздің Алтын жұл­ды­зын тақты. Тек Сәкең­нің ғана ауылы емес, басқа ша­руашылықтар да ауылды тоздыр­мау­ға ты­ры­сып бағады. Меңдіғара осындай жер. Енді осы жерге келген жас мамандар Жанұз­ақ, Ай­дын, Мәди мең­ді­ға­ралық болмасына кім кепіл. – Біз Әлия екеуміз жас маман ретінде үш бөлмелі үй, бір рет берілетін жәрде­м­ақы­мыз­ды алдық. Қысымен үй жылы, отын-суы­мыз мол болды. Міне, екі жылдан бері еш­теңеден мұқтаж емеспіз, ешқайда кететін де ойымыз жоқ. О баста ауылда туып, ауыл­да өстік ғой, ал бүгін оны неге жатыр­қауы­мыз керек? Қиындығын жеңеміз, қызығын өзіміз жасаймыз, – дейді Жанұзақ. Биыл келген Айдын мен Мәдиге де аудан әкімі Базыл Жақыповтың өзі пәтер кілтін тап­сыр­ды. Іші жақсы жөнделген, қаладағы үйлер­ден бір де кемшілігі жоқ. Оның үстіне бір рет берілетін жәрдемақыдан оларды да кенде етпеді. Отын-суын олар да күзде келісімен даярлап, қамданып алды. Қысымен ешқандай қиыншылық көрмей шықты. Үш жігіт аудандық мәдениет үйінде түр­лі шаралар ұйымдастырады. Әсіресе, жастар жағын зеріктірмейді. Дискотека, түрлі концерт, кештер дүрсілдеп өтіп жатады. Жастар мәдениет үйіне үйірсектейді. – Ауылда жұмыс болса, әлеуметтік тұр­мыс жақсарса және бос уақыт дұрыс ұйым­дастырылса туған жерден кетем дейтін кім бар?–дейді жас маман Айдын Сүлейменов. Менде осының үшеуі де бар. Өзімнің сүйікті жұмысымды таптым, баспанам бар. Күзде келісімен сәбилі болдық. Қазір Жәкеңмен, Мәдимен бірге туған бауырлардай арала­са­мыз. Мұнан артық не болуы керек? – Үшеуміз «Домбыра сазының» репер­туа­рын байытуды күндіз-түні ойлаймыз. Ба­сымыз қосылғандағы ең қызық әңгіме біз үшін осы, – деп ағынан жарылады Жанұзақ. – Айдын мен Мәди інім сияқты, осы ау­дан­дағы ұлттық өнердің дамуына, ұлттық рух­тың көтерілуіне үлес қоссақ дейміз. Қаздай тізіліп сахнаға шығатын үш жігіт қазір меңдіғаралықтарға танымал болып қалған. Олардың әнін жұртшылық сағынып оты­рады. Мәди негізгі жұмысымен қатар ау­дандық музыка мектебіндегі жеткіншектерге домбырадан дәріс беріп жүр. Ауылдарға барып концерт қойғанда тәмпіш мұрын қара домалақтар оларға көз алмай қарайды, еліктегісі келетін жас талаптар да бар. Олар келгенде әр көңілде ауылдың ажары кіріп сала бергендей болады... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.