Иә, мен бақытты ұрпақтың өкілімін. Менің Қазақстанымның, Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл толады. Мен тәуелсіздіктен кейін өмірге келген бақытты қызбын. Осы уақыт ішінде еліміз төрткүл дүниеге төрт құбыласын түгендей отырып танылды. Күні кеше ғана президенттік сайлау өткіздік. Осы сайлаудың нәтижесі Отанымыздағы бірлікті көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы атамыздың саясатының дұрыстығын дәлелдеді. Біз енді Көшбасшымыздың бастауымен, бір кездері атақты сөз зергері Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «Тәуелсіздік тәтті сөз ғана емес, ол ұлттық жауапкершілік» екенін түсіне отырып, бүгінгі жеткен биігімізбен елдік күнімізді әлемге таныта отырып тойлайтын боламыз. Дүниежүзіне мұндай елдігімізді көрсететін жақсы істерді бұдан бұрын да атқарған едік.
Бүгінгі таңда мен секілді жастарға не жетпейді дегенге айтарым, білімділік, тәрбиелілік, ұлттың рухани құндылығын терең білу дер едім. Кез келген адам бойындағы жақсы қасиеттердің қалыптасуына бірінші кезекте ішкі мәдениеті, адами қасиеті, тектілігі, тазалықты қадірлейтін болмысы көп септігін тигізеді. Мен Астанадан алыстағы ауыл мектебінде білім алып жүрмін. Болашақта Отанымның жақсылығын жұртқа жеткізетін журналист мамандығын меңгерсем деген ниетім бар. Осындай талабыма жасалып отырған қамқорлық ауылда да аз емес. Соның бәріне ұйытқы болып, ерекше қамқорлық жасап отырған Елбасының көрегендігі дер едім. Осы арада ойыма Ақтамберді жыраудың: «Сары аязда қата ма, Қайнардың аққан бұлағы. Қап түбінде жата ма, болаттың асыл сынығы. Халқы тозып, кем болмас, Әділ болса ұлығы» деген өлеңі ойға оралады. Бұл бүгінгі Көшбасшымыздың әділ саясатын, халқын алға жетелеген ерен еңбегін көрсететін жыр жолдары деп білемін. Еліміз өркендеп, біз сияқты жастардың тәуелсіз мемлекеттің алтын шаңырағына бір уық болып шаншылатынына сенімім мол. Бұл ойларым тек менің ғана байламым емес, мен секілді миллиондаған жастардың пікірінің арқауы екені сөзсіз.
Ұлданай ТӨЛЕНБАЕВА, О.Жандосов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы.