Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен «Қазақстандық бірегейлік – Қазақстанды жаңғыртудың кепілі» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және белсенді жастар қатысты.
«Ахысқа» түрік мәдени орталығының жетекшісі Әскер Пириевтің пайымдауынша, Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткізген жетістіктерімізді алдағы уақытта еселеп арттыру керек. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында осы мақсатты жүзеге асыру үшін атқарылатын жұмыстар толық қарастырылған.
– Қазақта мүшелі жас деген ұғым бар. Бүгінде еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 25 жылдан асты, яғни біздің мемлекетіміз екінші мүшелі жасын толтыруға жақындап келеді. 25 жастан асқан адам сияқты, еліміз де нығайып, өзінің болашағын, қандай бағытты бетке алатынын айқындап алды. Бізді алдымызда үлкен белестер, күрделі кезеңдер күтіп тұр. Ер-азамат өз өмірінде үй салып, ағаш отырғызып, бала сүюі керек деген қағиданы білесіздер. Дегенмен, үй салып, ағаш отырғызғаннан кейін, оны бағып-қағу керек. Баланы да білімді, тәрбиелі, сапалы адам етіп өсіру үшін жұмыс жасаймыз. Олай болса, жас мемлекетіміздің басқалармен терезесі тең, қуатты ел болуы үшін бірігіп еңбек етуіміз керек, – деді Әскер Пириев.
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Родина ауылдық округінің әкімі Белла Газдиева Президент Жолдауында адами капитал сапасын арттыруға басымдық берілгеніне тоқталды. Оның пікірінше, жастардың білімді болуы үшін орта мектептердегі білім сапасына көбірек көңіл бөлу керек.
– Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда, экономикалық өсімге қол жеткізуде ең маңыздысы адами капитал, білімді азаматтар екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Президент Жолдауында осыған басымдық берілді. Ал азаматтардың білімді болуы үшін орта мектептер ерекше рөл атқарады. Өкінішке қарай, еліміздегі орта мектептердің барлығы бірдей сапалы білім беріп жатыр деп айта алмаймыз. Родина ауылдық округіндегі мектептерде білікті мұғалімдер жұмыс істейді, жылдамдығы жоғары интернет бар, сыныптар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Алайда, біздің төңірегіміздегі басқа ауылдарда қыстыгүні жол жабылып қалады, интернет жоқ, оқу-құралдары тапшы... Облыс орталықтарындағы зияткерлік мектептер мен ауылдық жерлердегі мектептердің білім беру деңгейін салыстыра алмайсыз. Меніңше, тиісті министрлік бірінші кезекте барлық мектепте сапалы білім беруді қолға алуға тиіс. Сонда ғана бәсекеге қабілеттілік қалыптасады, – деді Белла Газдиева.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформаға қатысты ұсыныстар әзірледі.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»