• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға әлеует жетеді

388 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанда биыл «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында 1730 адам кәсіби дайындықтан өтеді. Сүтті сатып алу және өңдеу бойынша 12 қанатқақты кооператив құрылады. Медициналық кадрларды қайта даярлауға қатысты үш жылдық бағдарлама әзірленіп, өңірдің 150 дәрігері шет елдің үздік клиникаларында шеберліктерін шыңдайды. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік тех­никалық университетінде аймақтағы ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып құны 8 млрд теңгені құрайтын 10 ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылады. Семей қаласында 2017 жылдан бастап «Тұрғын үй жинақ банкінің» салымшылары үшін жыл сайын 1200 пәтер салынады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жан-жақты талқыланған актив жиналысында облыс әкімі Даниал Ахметов маңызды стратегиялық құжатты жүзеге асыру аясында өңірде осындай бірқатар ауқымды жобалардың қолға алынатынын жеткізді. Жылдың басты құжатын талқы­ла­ған жиында аймақтағы ірі кәсіп­орындар мен жоғары оқу орындары­ның өкілдері ойларын ортаға салды. «Казцинк» ЖШС металлургия бо­йынша атқарушы директоры Тұрар­бек Әзекенов мыңдаған адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорынның ұжымы Ел­басы Жолдауын зор ықыласпен қабылдағанын, зауыт алдында бірнеше үлкен міндеттердің тұрғанын, алдағы уақытта тауар сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруды көздеп отырғандарын тілге тиек етті. Облыстағы жастардың атынан сөз алған Өскемендегі Д.Серік­баев атын­дағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік техникалық университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі басқарма­сының басшысы Ринат Теміржан Жолдау­дың өз қатарластарын ерекше жігерлен­діргенін атап өтті. «Біздің университет Қазақстанның экономикасын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустрияландыру бағдарламасына кадрлар дайындауға іріктелген республикадағы он жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Мұнда жаңашыл ойлайтын, алдыңғы қатарлы мамандар даярлануда. Ең бастысы, мектептер мен жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнаған. Болашақта мұндай оқу орындарында білім алуға дүниежүзінің оқушылары қызығушылық танытады деген жоспар бар», – деді ол. «Орика Қазақстан» акционерлік қоғамының бас директоры Юлия Югай бұған дейінгі екі жаңғырудың ел өмірінде ерекше маңызға ие болғанын, Мемлекет басшысының ұсынған Үшін­ші жаңғыруы Қазақстанның дамуы­на тың серпіліс беретін ғалам­дық деңгейдегі құнды құжат екендігін айтты. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы