Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова бастаған комитет мүшелері «Ұлттық нейрохирургия орталығы» акционерлік қоғамында болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Кездесуді аша келіп, Б.Әйтімова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институттық реформаны орындау жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Парламент қажетті заңнамалық база қалыптастырғанын атап өтті.
Б.Әйтімова сондай-ақ, Парламент алдында Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы барлық басымдықтарды іске асыру аясында ауқымды әрі жауапты жұмыстар тұрғанын атап өтті.
Сенатор сырқаттарға жоғары білікті нейрохирургиялық көмек көрсетудегі орталықтың елеулі үлесіне тоқталып, комитет мүшелерінің осы сапары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа үлгісін енгізудің қарсаңында денсаулық сақтау саласындағы мекемелерді таныстыру шараларының бір бөлігі екенін айтты. Бұрын комитет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығымен кездесу ұйымдастырған болатын.
Кездесу барысында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Серік Ақшолақов орталықтың жұмысы туралы әңгімеледі, депутаттар балалар нейрохирургиясы, реанимация және интенсивтік емдеу, орталық жүйке жүйесінің патологиясы, госпитальдық фармация, антиографиялық операция бөлімдерінде, сондай-ақ, тренинг орталығында болды.
Кездесу барысында егжей-тегжейлі пікір алмасу болды. Сенаторлар денсаулық сақтау саласының алдында тұрған жекелеген мәселелерге тоқталды. Сенат депутаттары А.Бижанов, Ә.Бектаев және Ж.Ерғалиев өз ойларын ортаға салды.