• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Балық шаруашылығына байыпты көзқарас қажет

398 рет
көрсетілді

Елімізде халық денсаулығына аса пайдалы балық өнімдерінің дені импорттың үлесіне тиетіндігі белгілі. Соның өзінде республикамызда балық тағамдарын тұтыну көлемі жан басына шаққанда жылдық нормадағы 14,6 килограмның орнына 7 килограмдай ғана. Сондықтан да, экономиканың осы маңызды саласына Үкімет тарапынан жан-жақ­ты қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Өйткені, қазіргі уақытта отан­дық балық шаруашылығының әлеуеті толық игерілген жоқ. Бұған біз жақында Атырау облысында сапарда болып, балық аулау кәсіп­орын­дарындағы нақты жағдаймен танысқанымызда көз жеткізе түстік. Біріншіден, балық өндіруге республикалық бюджеттен субси­дия бөлу мәселесі әлі оң шешімін таппай келеді. Егіншілік пен мал шаруашылығына көптен бері көр­сетіліп келе жатқан қуатты мем­ле­­кеттік қолдаудан балық шаруа­шы­лығының неліктен құралақан қалдырылғандығы түсініксіз. Балық аулау кәсіпорындары өз жұмыс­тарынан мол пайда тауып, шал­қып отыр деу қиын. Олардың рен­табельділігі төмен, материалдық-тех­никалық базасы да жұтаң. Екіншіден, қолданыстағы заңна­маға сәйкес, жыл сайын балық аулау лимитін (квотасын) бекіту Үкі­мет құзыретіне жатады. Алайда, кей жыл­дары лимитті көктемгі ба­лық аулау маусымы қарсаңында белгі­леу жағдайлары жиі орын алып жүр. Бұл тым кеш болғандықтан, ба­лық­шыларға қолбайлау болып келе­ді. Сондықтан да алдағы жыл­ға лимитті ағымдағы жылдың жел­тоқсан айынан қалдырмай бекіту туралы құқықтық норма қабылдаған жөн. Бұл өз кезегінде балық аулау кәсіпорындарының жұмыстарын жоспарлауға, жұмыс күшін, балық аулау құралдарын тиімді пайдаланып, өнімді өткізуге байланысты ішкі және сыртқы байланыстарды уақтылы қарастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, балық аулау лимитін алу үшін биоресурсқа төлейтін төлем мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс көрсеткішіне сәйкес өсірі­ліп келеді. Мұның өзі балық аулау кәсіп­орындарының экономикалық жағдайын қиындатып, сала­ның дамуына теріс әсерін тигізіп отыр. Осыған орай аталған төлем мөл­шерін қайтадан қарап, оны белгілі бір кезеңге тұрақты баға етіп белгі­леген дұрыс. Сондай-ақ, «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның 48-бабы 4-тармағына сәйкес, қазақстандық шағын көлемді, өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін кемелердің түнде жүзуіне рұқсат етілмейді. Мұндай шектеу ауланған балықты өңдеп, өткізуге бөгесін болып отыр. Өйткені, балық аулау учаскелері балықты сақтау және өңдеу орындарынан алыста орналасқан. Кейбір учаскелерден тоқтамай жүргеннің өзінде жолға бір тәуліктей уақыт кетеді. Сон­ың салдарынан балықшылар жа­рық уақытта жұмыстарын аяқтап үлгер­мей, шекарашылар тарапынан әртүрлі кедер­гілерге ұшырап, машақат шегіп жүр. Түптеп келгенде, бұл балық­шылар еңбегінің өнімділігі мен балық аулау кәсіпорындары табысының, сондай-ақ, одан тиісінше мемлекетке түсетін салық түсімдерінің де кемуіне әке­ліп соқтыруда. Осы жөніндегі балық­шылар қауымының өтінішіне орай қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізу қажет-ақ. Бұған қоса, кейінгі 20-30 жылда табиғаттың өзгеруіне байланысты өзен-көлдердің арналары тарылғаны мәлім. Кейбір шағын өзендер мүлдем құрғап кеткен. Экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты балық қорының азая бастағандығына алаңдаған балықшылар қауымы Үкіметтен мелиорация жұмыстарына қаржы бөлініп, теңіз тамағы, қиғаш сағалық кеңістігі тереңдетіп қазылса деген тілектерін білдірді. Бұл да зейін қойып, зерттеуді және болашақта болуы ықтимал табиғи апаттың ал­дын алу шараларын дер кезінде қарас­тыруды талап етеді. Ел экономикасының балық ша­руа­­­шылығы саласының қазіргі қана­­ғаттан­ғысыз жағдайына оны дамыту­дың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағ­дар­ламасының болмауы теріс әсерін тигізіп отыр деп білеміз. Сон­­дай-ақ, бір кезде өзінің Балық шаруа­­шы­лы­ғы министрлігі болған Қазақ­стан­да бү­гінде тіпті осы маңызды сала­ға же­тек­шілік жасайтын арнаулы коми­теттің де жоқтығы ойландырмай қоймайды. Осы мәселелердің шешімі Үкі­метке тірелетіндіктен, еліміздің бас­ты атқарушы билігін аталған проб­лема бейжай қалдырмайды ғой деп үміттенемін. Бейбіт МАМРАЕВ, Мәжіліс депутаты