Қазақстан Үкіметі үйінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев шара барысында бірінші кезекте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел мұсылмандарының басын қосып отырған және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығын нығайту ісінде маңызды жұмыстар атқарып келе жатқан діни бірлестік екенін айта келіп, «Біздер дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларда Діни басқармамен жан-жақты өзара іс-қимыл жасайтын боламыз. Келісімге қол қоюымыздың басты себебі де осы», – деді министр.
Сондай-ақ, Н.Ермекбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін діни экстремизмді насихаттаудың алдын алуда және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу ісінде министрліктің ҚМДБ-мен көптеген іс-шараларды бірлесіп атқаруды көздеп отырғанын жеткізді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз кезегінде бұл Ынтымақтастық туралы келісім Мүфтият пен мемлекет арасындағы ынтамақтастықты нығайтуға жол ашатынын айтты. «Бүгін қол қойылған Ынтымақтастық туралы келісім екі тарапқа тұрғындар арасында дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді. Сайып келгенде, дін саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп іске асырылатын жұмыстар жастарымыздың бойында зайырлы мемлекеттің қағидаттарына сәйкес келетін рухани құндылықтарды қалыптастыруға негіз болады», деді ол.
Соңында Дін істері және азаматтық қоғам министрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы аталған келісімді қол қойып, бекітті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»