• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Тәртіп бұзушылар көбейіп тұр

426 рет
көрсетілді

Облыстық Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары дабыл қағуда. Себебі, «112» құтқару нөміріне күндіз-түні бет-алды телефон шалатындар көбейіп кеткен. Тіпті, соңғы кезде оларды «Анықтама қызметі» деп ойлайтындар да шығыпты. Сөйтіп, ондайлар ойларына келгенін сұрайтын көрінеді. Мәселен, «112» жүйесіне бір жылда түскен 600 000 дабылдың үштен бірі жарамсыз екен. Ал сіз ерігіп телефон шалып отырғанда, бір адамға нағыз көмек керек болып, оның «112»-ге түсе алмай жатуы әбден мүмкін. Өйткені, байланыс желісі бос емес. Облыс бойынша 14 құтқару қызметі бар болса, қажет жағдайда солардың біріне де хабарласа алмай, көлігі қардың астында қалып қойған жағдайлар да жоқ емес. – «Менің телефонымның сим-картасы бұғатталып қалыпты, енді қайттім?» деп бізге маза бермейтін адамдар өте көп, – дейді бірыңғай диспетчерлік қызметтің шұғыл кезекшісі Антон Чирков. – Нақты айта кетейік, «112» нөміріне сим-картаңыз бұғатталып жатса да телефон шала аласыз, тіпті телефоныңызда сим-картаңыз болмаса да «112»-ге хабарласуға болады. Біздің қызметттің ерекшелігі осында. Оларға осыны ежіктеп түсіндіріп отырғанда, нағыз көмекке зәру адам айдалада аязда үсіп қалуы әбден мүмкін. Адамдар басына түскен кез келген істі бізге телефон соғу арқылы шешкісі келеді, тіпті кейде бізді полиция деп те ойлап қалады ғой деймін. Сосын бізге жиі түсетін сұрақ: «Мен ұялы байланыс немесе қалта телефоныма ақша салып едім, бірақ балансыма неге түспей тұр? Осыны анықтап беріңіздерші», дейді. Сонымен, біз бәрін қойып, енді ұялы байланыс телефоны операторының қызметін атқаруымыз керек. Сондықтан да «112» жүйесіне не болса соны айтып, артық мазалау­дан аулақ болыңыздар. Шыны керек, смс-хабар­ламалар кейде ұялы байланыс абоненттеріне 2-3 сағат кешігіп келіп жатады. Осы уақыт ішінде қала сыртына шығып кететіндер бар екен. Сондықтан да, смс-хабарламалар кешігіп жетсе, оған ТЖ өкілдері кінәлі емес, бұған ұялы байланыс қызметі жауапты. Мәселен, кешке жіберілген ақпарат түнгі уақытта жетіп, көптеген адамдар реніш білдіріп жатады, мазамды алмаңыздаршы дегендей. Немесе «сіздер маған неге смс-хабарлама саласыздар, менің балам жоқ мектепке баратын» деп ауыздарына келгенді айтып, жарты сағат бойы «112» операторының мазасын босқа алатындар да жоқ емес. Ауа райы­ның қолайсыздығына байла­нысты хабарламаны ТЖ басқармасы «баласы бар, баласы жоқ» деп таңдап тұрмай, бәріне ортақ салатындығын да тұрғындардың ескергендері жөн, дейді мамандар. Бұл проблема Шығыс Қа­зақстан облысына ғана тән емес, бүкіл республикада бар жағдай екен. Өйткені, «112» құт­қару қызметі республика көле­міне 2009 жылдан бастап енгі­зілген. «112»-ге телефон шалу кез келген облыстан, аумақтан, қала, аудан, ауылдан жәй телефонмен немесе ұялы телефонмен жүзеге асырыла береді. Жоғарыда айтылғандай, тіпті телефонда сим-картаңыз болмаса да хабарласа аласыз. Бірақ, бұл қызметті еріккеннің ермегі деп қарамай, дұрыс пайдалануыңыз керек. Қызмет, әрине, тегін көрсетіледі. Хабарласқан кезде сіздің айтқа­ныңызды арнайы тіркеп алып, жазып отырады. Сосын оқиға болған жер анықталып, көмекке құтқарушылар жібері­леді. Құт­қарушылар оқиға бол­ған жерге жеткен соң, кейде қажет­тілігіне орай «102» немесе «103» қызметтеріне өздері де хабарласып, мән-жайды түсіндіріп жатады. Себебі, олар үшін ең маңыздысы – адам өмірін сақтап қалу. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ
Соңғы жаңалықтар