Облыстық әкімдік ғимараты жанындағы мұз айдыны еріксіз қызықтырады. Ашық алаңға жасалған мұз айдыны келушілерге өте ыңғайлы. Тіпті, түскі үзіліс кезінде мемлекеттік
қызметшілердің де коньки теуіп, спортпен шұғылдануға мүмкіндіктері бар.
Қалалық спорт бөлімінің мәліметінше, сырғанақты жасауға жергілікті бюджеттен 2 миллион 263 мың теңге жұмсалса, 1,5 миллион теңгеге 150-дей коньки сатып алынған көрінеді. Мұз айдынға күндіз де, кешкілікте де, сенбі-жексенбі күндері де коньки тебушілер көп келеді. Осы екі-үш айдың ішінде 5 мыңнан аса адам мұз үстінде сырғанап, конькилерді жалға беру есебінен 750 мың теңгеге жуық табыс түсіпті.
Балалар арасында шайбалы хоккейден қалалық турнир де өткізілді. Дәл осындай қарапайым алаңдардан чемпиондар өсіп шығады. Мысалы, Наганода өткен Қысқы олимпиаданың қола жүлдегері жерлесіміз Людмила Прокашеваны, үш маусым қатарынан ел чемпионы атанған «Ертіс» хоккей клубының ойыншыларын айтуға болар. Облыс орталығындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде мәнерлеп сырғанау, хоккей ойнаушы оқушылар саны көбеюде. Биыл жалпы қалада 60-қа жуық мұз айдыны ашылды.
Облыстық әкімдік ғимараты жанындағы мұз айдыны Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы өңірде әкім болып тұрған кезде соның бастамасымен 2011 жылы жасалған болатын. Әкімдік терезелерінен мұз айдынға қарайтын шенеуніктердің жұмысқа деген ынта-жігерлерін шыңдап, бір уақ сергіп, конькилерін байлап шынықсын деген де болар, бәлкім...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суреттерді түсірген
Валерий БУГАЕВ