Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Оған еліміздегі жеңіл автокөліктердің едәуір көбеюі әсер етті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.
Оның айтуынша, елімізде бензин бағасының қымбаттауына мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің едәуір артуы әсер еткен. «Бүгінгі таңда халықтың, сондай-ақ, көптеген БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақ бензин бағасына байланысты екені түсінікті. Біріншіден, елімізде мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің едәуір артқанын атап өткен жөн. Кеше біз осы мәселеге байланысты дөңгелек үстел өткіздік. Мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің едәуір артуы елімізде жеңіл автокөлік санының айтарлықтай өсуімен байланысты. Мәселен, 2001 жылы еліміздегі жеңіл автокөлік саны 1 млн 58 мың болса, 2016 жылы олардың саны 3 млн 924 мыңды құрады. Сәйкесінше, мұнай өнімдерін тұтыну көлемі де 2001 жылғы 3 млн 590 мыңнан 2016 жылы 8 млн 775 мыңға артты. Елімізде жеңіл автокөлік саны мен мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің артуына байланысты бензин бағасы өсті», – деп түсіндірді Ә.Мағауов.
Ол сондай-ақ, сұранысқа сай мұнай өңдеу зауыттары да жыл сайын өз өнімдерінің көлемін арттырып келе жатқанын атап өтті.
«2001 жылы автокөлік бензинін өндіру көрсеткіші 1 млн 536 мың тонна болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 2 млн 900 мың тоннаға дейін өсті, – деді вице-министр. – Әйтсе де, мұнай өнімдерін өндіру көлемі екі есеге артқанымен, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді. Елдегі тұтынатын бензиннің 30 пайызы, ал дизель отынының 15 пайызы көрші Ресейден сатып алынады».
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»