• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Жеке тұлғалардың құжаттары – анықтамалықта

460 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлттық архив қорының құжаттары арқылы қазақстандық тарихты танымал етуге бағытталған іс-шаралар шеңберінде және «Біртектілік пен бірлік» реформасына сай «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 87-қадамын жүзеге асыруға арналған «Жеке тектік архив қорлары бойынша анықтамалық» кітабының тұсаукесерін өткізді. Тарих пен тағылымға толы анықтамалық кітаптың лентасын ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің баласы Саят Жансүгіров қиды. Анықтамалықта сирек және бірегей архивтік құжаттар көрініс тапқан, құрастырушылар белгілі адамдардың өмірі арқылы ел тарихын айқындауды мұрат тұтқан. Жеке тұлғалардың архивтері өз көзімен көрген, өздері белсене қатысқан оқиғаларды кеңінен сипаттайды. Бұл құжаттар өткен уақыттың оқиғаларын, ахуалын сезінуге, ел тарихын терең тануға мүмкіндік береді. Жеке тектік құжаттардың қай-қайсысы да құнды, сол себепті ол зерттеушілер қызығушылығын туғызары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­керлерінің жеке архивтерін қабылдауды 1998 жы­лы бастаған болатын. Қазіргі күні мемлекеттік сақтауда 82 жеке тектік қор бар, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Сағи Жиенбаевтың, Өзбекәлі Жәнібековтің, Марат Оспановтың, Әнуар Әлімжановтың, Манаш Қозыбаевтың, Михаил Есенәлиевтің, Асанбай Асқаровтың, басқа да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қорлары жинақталған. Анықтамалық Қазақстан тарихына қызығатын, өмірбаяндық зерттеулермен айналысатын оқырман қауымына арналған. Анықтамалықтың тұсаукесерімен бірге тарихи-құжаттық көрме де ұйымдастырылып, онда жеке қорлар мен топтамалардан алынған қолжазбалар, күнделіктер, ғылыми және шығармашылық еңбектер, фотосуреттер көрсетілді. Тұсаукесерге қадірлі қонақ ретінде анықтамалықта жеке қорлары туралы баяндалған белгілі қоғам қайраткерлері мен олардың туыстары қатысты. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ