Бір кездері Би-аға Бейімбет Майлиннің: «Қайдан келесің? – Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін», деп айтқан өкініші сол заманмен бірге кетсін деп тілейік. Қазір тәуелсіз елміз. Оқымаған қазақ, сөз түсінбейтін адам жоқ. Сондықтан шындық бетке шығарылып, тура сөз айтылса, сөйтіп, мәселенің ақ-қарасы ашылып, ақиқаты анықталса, кез келген дауласқан адамдардың бір шешімге келетіні анық. Ол шешім нәтижесі – қателікті мойындау. Мәміле деген осы, бұл небір дауды дер кезінде ушықтырмай ұясында өшіру. Дау сотқа жетсе, оның аты да жаман естіліп, нәтижесі де жақсы бола қоймайтыны рас. Қит етсе бір-бірін сотқа сүйреу амалы біздің ата-бабамыздан қалған әдет емес. Ақсақалдар алқасы барлық дау біткенді қолма-қол шешіп отырған. Бұл игілікті дәстүрдің сыны кетпеген кейбір ауылдарда әлі сақталып отырғаны бар. Бірақ оны жандандыру ісі қолға алынбайтындығы адам бойындағы таза имандылықтың азайып бара жатқандығынан ба дейміз. Иә, бұрын бабаларымыз кез келген дауды екі-ақ ауыз сөзбен мәмілеге келтіріп берген деп көп айтамыз. Бірақ қазір сол бабаларымыздың ісіне де, сөзіне де ден қоятын адам көрінбейді. Әйтсе де қызбалыққа кім салынбайды дейсіз, байқаусызда, яки қапыда жасалып қойған істің арты жамандыққа соқтырмаса екен деп тілейтіндер көп. «Ашу – алда, ақыл – артта» деген рас. Кім де болсын сорақы ісі үшін кейін бармағын тістеп жатады. Бұл, әрине, жақсы емес. Дегенмен, «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, ең бастысы – айыбын түсініп, кейін түзу жолға бет бұрғысы келетін жанның түзелуіне жол ашқан да дұрыс-ау! Мұндай адамдарға бүгінде «Медиация туралы» Заң көмекке келіп отыр. Біздің елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың қаңтар айында қабылданып, сол жылдың тамызында күшіне енді. Медиация дегеніміз, латын сөзінен аударғанда екі көзқарасты бөлісу, яғни қос тараптың тепе-теңдігін ұстану, бейтарап болу деген ұғымды білдіреді. Заң да бұл ұғымнан ауытқып кеткен жоқ, медиация үдерісі – тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өз еріктерімен қолайлы шешімге қол жеткізу амалы. Бір сөзбен айтқанда, бұл үрдіс медиатордың көмегімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Медиацияға өте үлкен мән берген жөн. Оның болашағы зор. Өйткені, кез келген адамның арасында, тіпті ерлі-зайыптылар арасында да келіспеушіліктер орын алып жатады. Сонда мұндай мәселелерді шешу медиаторларға жүктелсе және ол білікті мамандар көмегімен сотқа жетпей шешіліп жатса, қос тарапқа да тиімді. Медиаторлар болмашыға қырсығып, түймедейді түйедей етіп, ерегесіп жүргендердің жүрегін жібіте алса, сөйтіп, дауласқандардың көзін аша білсе – зор жеңіс. Ал медиацияның тиімділігінің бірі – істің құпия жүргізілетіндігінде. Онда кімнің келгені, не қаралғаны, не айтылғаны – бәрі құпия сақталады. Тіпті, әлгі құжаттар кейін жойылып жіберіледі. Демек, медиацияға көпшіліктің бет бұруы үшін себеп бар. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, өзара келіспеушіліктің 40 пайызы осы медиация арқылы өтіп, оның 80 пайызы шешімін табады екен. Иә, дауласқан жандарды татуластыру үшін барлық шара қарастырылып жатыр. Енді азаматтық істерді татуластыру рәсімдері арқылы шешу жағы да қарастырылады. Мәселен, жаңадан қолданысқа енгізілген Азаматтық процестік кодекстің 17-тарауына бұрын болмаған татуластыру рәсімдері енгізілді. Аталған кодексте татуластыру рәсімдері 174-182-баптармен қарастырылған. Осы баптардың талаптарына сай, сот тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданады, дауды іс жүргізудің барлық сатыларында реттеуде көмек көрсетеді. «Дау мұраты – бітім» деген осы. Мұны түсінген адамдар дауласа қалса бітімге келуге тырысатыны анық. Сонда қаржы да шығындалмайды, ал бәрінен бұрын абыройға кір түспей, жылы қарым-қатынас, адамгершілік, тіпті, достықты да сақтап қалуға зор мүмкіндік туады. Бірақ, ең дұрысы ағайынның бір-бірімен жауласпағаны, дауласпағаны ғой. Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқандай, арада өзара сыйластық жүргенге не жетсін.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»