• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

«Кәукеннің жұлдызы» фильмінің тұсаукесері өтті

185 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Ермек Тұрсыновтың киноклубында Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Кәукеннің жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Деректі фильм Қазақ КСР-нің халық артисі, Шыңғыс Айт­матов атындағы ха­лықаралық сый­лық­тың және Тәу­ел­сіз «Тарлан» сый­­лығының лауреа­ты, КСРО кине­ма­тографистер ода­ғының мүшесі, про­фессор, опера ән­ші­сі, театр және ки­но актері Кәукен Кен­же­таевтың өмірі мен шы­ғармашылығы тура­лы баяндайды. – Кәукен ағамен бес-алты фильм­ге түстік, талай бірге жүрдік, туған бауырлардай сый­ластық. Оның біреуге ренжіп тұрғанын ешқашан көргенім жоқ. Ешқашан біреу туралы жаман сөз айтпайтын жаны таза, жүрегі пәк адам болатын. Осы фильмге Кәукен ағаның шығармаларын оқуға ұсыныс түскен кезде, бірден қуана келістім, – деді актер Нұржұман Ықтымбаев. – Бұл еліміздің мәдениетіне орасан зор үлес қосқан аты аңызға айналған тұлғалардың өмірбаяны туралы жасаған бірінші деректі фильмім емес. Бұған дейін Кәукен Кенжетаевтың бауыры, ұлы режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына арналған деректі фильм түсірген болатынмын. Сондықтан да, осындай біртуар азаматтарды сыйлаған сол дәуірге, сол материалдарға қайта үңіліп, жұмыс істегеніме қуандым. Әсіресе, кейіпкеріміздің туған жері – табиғаты көркем, қазақтың дәстүрі мен тарихына бай Баянауыл өлкесі маған қатты әсер етті. Кәукен ағамыздың ішкі жан дүниесінің қалыптасуына туған жері үлкен әсер етті деп ойлаймын, – деді картинаның режиссері Ғазиз Насыров. Айта кетсек, «Кәукеннің жұлдызы» атты қойы­лымдық сахналары бар деректі фильм 2016 жылы Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығына арнайы өнді­ріске жіберілген болатын. Фильм Кәукен Кен­жетаевтың туып-өскен жері Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде және Алматы қаласында түсірілді. Кәукен Кенжетаевтың образын жас актер Ержас Рақымбеков сомдап шықты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»